Ежелгі дәуірден қазіргі кезеңге дейінгі заманды қамтитын «Қазақ философиясының тарихы» атты бес томдық оқырманмен қауышты. Бұл – Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің «Философия, саясаттану және дінтану институты» тарапынан жарық көрген қомақты жинақ. Осыған орай Алматыда құнды еңбектің тұсаукесері өтіп, оған белгілі философ-ғалымдар мен саясаткерлер қатысты.
– Мұнда қазақ философиясының ұлттық сипаты, оның Шығыс пен Батыс арасындағы Қазақстанның геосаяси жағдайымен белгіленген рухани мәдениетінің байлығы мәселесі талқыланады. Бұл көлемді еңбекте қазақ философиялық ойының барлық маңызды кезеңдері: түркілік кезең, ақын-жыраулардың философиялық көзқарастары, қазақ ағартушылығы философиясы, ХХ ғасырдағы қазақ философиясы мен тәуелсіздік кезеңдегі философиялық ой-тұжырымдар зерделенген, – деді Философия, саясаттану және дінтану институтының директоры Ақан Бижанов.
Қазақ тіліндегі бес томдық еңбекті шығару жөніндегі ғылыми-зерттеу жобасының жетекшісі, академик Әбдімәлік Нысанбаев сүбелі еңбекке жан-жақты тоқталды.
– Бұрын институт ғалымдары тарапынан төрт томдық «Ұлы дала ойшылдары» деген еңбек жарық көрген. Кейін «Мәдени мұра» бағдарламасына орай жинақ та шықты. Енді міне, бүгін бес томдық құнды дүние оқырмандарға ұсынылып отыр. Философияның мәселелеріне орай бізбен туыстас көрші елдер де өз еңбектерін шығаруда. Айталық, өз дәстүрі мен пәлсапалық тарихын саралаған Әзербайжан – төрт, Тәжікстан – үш және Өзбекстан бір томдығын шығарды. Олар қазір қазақ тілінде жарық көрген біздің бес томдығымызды аттай қалап, қызығушылықпен сұрап отыр.
Тоқсаныншы жылдардың басында, кеңестік замандағы көзқарас бойынша шыққан еңбектер баршылық еді. Ал еліміз Тәуелсіздігін жариялағаннан кейін қоғам басқа сатыға өткен тұста, ғалымдар «енді не істейміз?» деген сыңайда абдырап қалғандай болды. Алайда қазақ философиясының ұлттық сипаты, оның Шығыс пен Батыс арасындағы геосаяси жағдайы, ұлтымыздың рухани байлығы, дәстүрі мен салты, өзіндік құндылықтары зерттеліп, ғалымдар тарпынан жаңа сатыға көтерілді. Тәуелсіздікті нығайту мен ұлттық бірегейлікті қалыптастыру жағдайында еліміздің рухани және философиялық төл мұрасына жүгінуі, халықтың өзіндік санасының өсуіне әсер ететін, ұлттық келбетіне, бірлігі мен ынтымақтастығының тамыры тереңге кеткен тарихи бастауларына деген мүддесінің жаңғыруы заңдылық.
Философиялық еңбектің үш томы қазақ ағартушылығына арналған. Бұрын жұртшылық Абай, Шоқан, Ыбырайды ғана оқулықтан тапса, енді Мәшһүр-Жүсіп Көпеев, Ғұмар Қараш және тағы басқа ғұламалармен толықты. Сонымен қатар Қазақ хандығы, қазақ философиясы едәуір зерттелді. Соңғы томы тәуелсіз қазақ философиясына арналған. Енді осы бес томдық еңбекті орыс және ағылшын тілдерінде шығару жоспарлануда.
Философия, саясаттану және дінтану институты бес томдық қомақты еңбектің бір парасын Түркияға сыйға тартты. Енді туыстас, түбі бір түрік ғалымдары бірнеше томдық жинақты аударып шығаруға құлшына кіріспек. Соның тұсаукесерін Анкара шаһарында өткізбек. Бұл істе олардың зор тәжірибелері бар. Кезінде «Түркістан» энциклопедиясын көрнекті қоғам қайраткері Сүлеймен Демирел өз қаржысына шығарған болатын.
Қазақ философиясының тарихы – бірнеше жылдың қажырлы еңбегі. Бұл болашақта бірнеше тілде жарық көреді деп жоспарлануда. Бес томдық қомақты еңбекті халықаралық деңгейге сай етіп шығару үшін әлі де пысықтап, сапасын арттырып, дамыта түсу керек.
Ғалым СҮЛЕЙМЕН, «Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ