Орталық коммуникациялар қызметінде Астана қаласының 20 жылдық мерекесі аясында, маусым айының 1-2 күндері халқымыздың ұлттық спорты – теңге ілуден ІІ және аударыспақтан ІІІ Азия чемпионатын өткізуге байланысты баспасөз конференциясы өтті. Шараға Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мен Ұлттық спорт қауымдастығы президенті, Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан қатысты.
Жиынды ашып, шараның мақсат-мүддесі жайлы таныстырған Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, соңғы уақытта министрлік тарапынан ұлттық спорт түрлерін дамытуға зор назар аударылып отыр. Бұл дегеніміз – Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру жолында ұлттық код пен тарихи санамызды жаңғырту үшін қажет, деді. Сонымен қатар ведомство басшысы елорданың мерейтойы қарсаңында министрлік өте үлкен ауқымды мәдени шаралар тізбесін жоспарлап отырғанын да жеткізді.
Чемпионатқа келетін болсақ, бұл реткі додаға Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Моңғолия, Ресей, Ауғанстан, Қытай, Түркия қатарлы тоғыз мемлекеттен 44 спортшы қатысады, аударыспақ сайысы бес салмақ дәрежесі (60, 70, 80, 90 және +90 кило) бойынша өткізіледі, деді жарысты ұйымдастырушылар. Қос чемпионаттың жүлде қоры – 14 000 000 теңгені құрап отыр.
Аталмыш спорттық шараға ЮНЕСКО-ның Дәстүрлі спорт ойындары комитетінен өкілдер шақырылыпты. Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Бекболат Тілеуханның пікірінше, бұл қонақтардың келуі – еліміздегі ұлттық спорттың даму қарқынына деген әлемдік қауымдастықтың қызығушылығын білдірсе керек. Тіптен болашақта қазақ этноойындарының әлемдік деңгейге шығуына есік ашылуы да ғажап емес.
Өйткені ЮНЕСКО 2021 жылы дүние жүзі халықтарының этноойын түрлерінен олимпиада өткізуді жоспарлап қойған. Әзірге бұл шараны қабылдауға Канада, Жапония сияқты елдер ықылас білдіруде. Бұл жерде атап өтерлік жаңалық, мұндай әлемдік доданы «біз өткізейік» деп еліміз атынан Мәдениет және спорт министрлігі де өтініш білдірген. «Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында жоғарыдағы шараның елімізде өтуі әлем қауымдастығы алдында зор бедел болар еді» дейді Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Сондай-ақ баспасөз мәслихатында мәлім болғандай, Ұлттық спорт қауымдастығы Астананың 20 жылдығына орай ұлттық маңызға ие 20 түрлі спорттық шара өткізуді жоспарлапты. Осылардың беташары жоғарыдағы қос чемпионат болса, алдағы күндері ат үстінде садақ атудан әлем чемпионаты, сонымен бірге өнер-мәдениет саласындағы танымал тұлғалардың қатысуымен «Жұлдызды көкпар» жобасы, жыл сайын өтетін «Алтын тұлпар» аламан бәйгесі т.б. шаралар күтіп тұр. Ал көкпардан ІІ әлем чемпионатын өткізуге Түркия тарапы қызығушылық білдіріпті.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»