Испанияның Валенсия қаласында халықаралық сәулет-құрылысы саммиті өтіп, «ENNOVA» атауын иеленген алқалы жиында сәулет өнерінің озық үлгісі ретінде елорданың бүгінгі келбеті таныстырылды. Биыл елорда атанғанына 20 жыл толған бас қаланың бұлайша насихатталуына Қазақстандағы Сараптама ұйымдарының палатасы мұрындық болды.
Палата саммитке 15-ке жуық сала мекеме өкілдерін бастап барды. Қазақстан Сараптама ұйымдары палатасының басқарма төрағасы Бірлік Ережепов жиында әлемнің әр аймағынан жиналған құрылыс шеберлеріне кәсіби бірлестік жұмысын таныстырып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың елорданың келбетінде ең соңғы үздік қала құрылысы мен сәулет өнері жаңалықтары көрініс тапқанын жіті қадағалайтынын айтты. Сонымен қатар палата төрағасы, еліміздегі құрылыс қарқынының экономикаға да соны серпін беріп отырғанын атап өтті.
«Астана Қазақстанның алып құрылыс алаңы іспетті. Онда бірегей сәулет өнерінің қолтаңбасы сезіліп тұрады. Төрткүл дүниенің ең білікті сәулетшілері мен инженерлері үшін бас қаламыздың құшағы әрдайым ашық», – дей келе, Б.Ережепов Норман Фостер, Манфреди Николетти сияқты атақты сәулетшілердің Астана қаласындағы бірегей жобаларына тоқталды.
Бұл ақпаратқа испандық мамандардың қызығушылығы зор болды. Себебі Сантьяго Калатрава мен Рикардо Бофилл іспетті Испанияның беделді сәулетшілері Елбасына қала аумағын дамыту жөніндегі өз тұжырымдарын ұсынғаны белгілі.
Саммит барысында жобалау және сараптама қызметі бойынша төрт жұмыс сессиясы өтті. Аталған кездесулерге қатысушылар маңызды мәселелерге байланысты жемісті сұхбат құрып, қос тарап құрылыс саласындағы рұқсат беру қағаздарын келісімдеу, қызметті сақтандыру тәрізді өзекті мәселелерді талқылады.
Қазақстандық қонақтар Испанияның құрылыс сарапшыларын өзіндік кәсіби кеңістікке біріктіру тәжірибесін зерделеп, сәулетшілер Фран Сильвестер мен Хосе Мария Томас Льявадордың кеңсе-студияларында болды. Мәселен алғашқысының төл жобасы бойынша салынып жатқан «Casa Hofmann» тұрғын үйінде ішкі жайлар мен сыртқы ортаның қазіргі заманғы үйлесімі ойластырылған. Бұл жерде Қазақстан өкілдері нысанды тұрғызудағы озық технологиялар және материалдармен танысты.
Венера ТҮГЕЛБАЙ, «Егемен Қазақстан»