Ақтау қаласындағы №23 мектептегі IT-сыныптың ашылуы оқушылардың соңғы қоңырау күніне тұспа-тұс келді.
Сыныптың тұсаукесеріне Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Руслан Сәкеев, білім басқармасы басшысы Нұрлыбек Қойжанов, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Нұри Тұмышев, «Нұр Отан» партиясы Ақтау қалалық филиалы төрағасының орынбасары Қалиолла Сахипов қатысты.
IT-сыныпқа кірмес бұрын облыс әкімінің орынбасары бастаған топ №23 мектеп оқушылары әзірлеген концерттік бағдарламаны тамашалап, сөз сөйледі. Руслан Кенесарыұлы мектеп түлектеріне сәттілік тілеп, балаларды соңғы қоңырау күнімен құттықтады. Өз сөзінде мектепке келгендегі мақсатына, яғни облыста ашылып жатқан IT-сыныптары жөнінде айтып кетті.
– Жаңа оқу жылына мектептерде IT-сыныптарын көптеп ашамыз деп жоспарлап отырмыз. Бұл «Цифрлы Қазақстан» жобасы аясында жүзеге асырылып отырған «Нұр Отан» партиясының жаңа жобасы. Бұл жобалар әрине, біздің ата-аналардың қолдауынсыз жүрмейді. Сондықтан жастарды еңбекке, тәрбиеге, ғылымға, еліміздің дамуына үлес қосуға шақырамыз. Атқарылып жатқан іс-шаралардан сіздер хабардар болуларыңыз керек, – деді әкімнің орынбасары.
№23 орта мектептің директоры Зарифа Казиева IT-сыныптардың ашылуына себепкер болып отырған «Нұр Отан» партиясына алғысын айтып, IT-сыныппен таныстырды. Сыныпта компьютерлермен қатар, робот-техника да бар. Балалар Python бағдарламасын енді үйренеді, әзірге олар Scratch бағдарламасымен жұмыс істеп үйренуде. Бесінші сынып оқушылары Ілияс Сексимбаев пен Арсен Төкенов келген қонақтарға өздері меңгерген бағдарламасы бойынша құрастырған ойындарын таныстырды.
З.Қазиқызы балаларды Жамбыл облысынан шақыртылып, арнайы жатақханамен қамтамасыз етілген Альбина Самигулова есімді мұғалімнің оқытатындығын айтты.
– Әкімдікке Жамбыл облысынан алдырған мұғалімді жатақханамен қамтамасыз еткендігі үшін алғысымды білдіремін. Бізге осындай мамандар қажет. «Нұр Отан» партиясының осындай жаңашыл бастамасымен білім саласына қосып отырған үлесі үшін алғысымды білдіремін, – деді ол.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»