• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қазақстан 29 Мамыр, 2018

Астанада қауіпсіздік ережелерін сақтау шаралары жүргізілді

Кеше Үкімет үйінің баспасөз орталығында өткен брифингте Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин елдегі ойын-сауық орталықтары мен білім ошақтарына жасалған мемлекеттік тексерістің қорытындыларымен таныстырды.

Нәтижесінде көлемі 1500 шаршы метрден асатын 1243 нысан тексерістен өтіп, онда 15 мың ереже бұзушы­лық тір­келген. Өз кезегінде ор­тақ талаптарды орындаудан жал­тарғандарға 19 мил­лион теңгеден астам айып­пұл бел­гіленіп отыр. Бұған қоса, нысандардағы 41000 қыз­мет­керге төтенше жағ­дай кезінде не істеу керектігі үйре­тіліп, 494 оқу-тактикалық жиыны өткен.

Айта кетерлігі, мемлекет­тік бақылау кезінде көзге іліккен 120 нысан қайта тек­серістен өтіп, оның ішінде 98 нысан бел­гі­ленген ескерту­лерді толық­тай орындаған. Ал орындамаған 22 нысанға қатысты іс әкімшілік кодекс­ке сай сотқа жіберілді. Сот шешімі бойынша 462-бап негізінде мұндай нысандарға 500 ең төменгі АЕК көлемінде айыппұл салынып немесе аталған нысанның жұмысы үш айға дейін тоқтатылмақ. Ал Білім және ғылым министр­лігіне қарайтын білім беру меке­мелерін мемлекеттік бақы­лау бойынша тексеру қоры­тын­дысына сәйкес, 11541 нысанның 7600-і тексерілді. Алдағы маусым-шілде айларында тексеріс жұмыстары толығымен аяқталады. Ес­кертулерді орындамаған білім мекемелерінің ісін сотқа жіберіп, әрі қарай оларға да айыппұл салу немесе уақытша жұмысын тоқтату жазасы қолданылмақ.

Ішкі істер министрі орын­басарының хабарлауынша, республика бойынша биыл орман өртінің саны – 71-ге жеткен. Орман өрті еліміздің шығыс өңірінде жиі орын алады. Көрсеткіштерге келсек, өткен жылмен салыстырғанда жазық алқаптар мен нулы ор­ман­дардағы өрттің саны биыл айтарлықтай артып отыр. Тілсіз жаудан келе­тін қауіп­тің алдын алу мақса­тын­да облыс және аудан орта­лық­тары техникалық құрал-жабдықтармен қамта­масыз етіліп, дайындық шараларына әзірлікті бастап кеткен.

Ал ел аумағындағы жаз­ғы лагерьлер мен демалыс, сауық­тыру орталықтарына таяу арада жаппай тексеріс жүр­гізіледі. Ішкі істер ми­нистрінің орынбасары кел­тірген мәлімет бойынша, биыл жаз басталмай жатып 28 адам суға кеткен, оның 11-і балалар екендігі анықталып отыр. Көп жағдайда жеке тұрғын үйлердің аулаларында 3-4 жасар балалар ата-аналарының қарауынсыз қалып, қайғылы жағдайға тап болады. Осыған байланысты мектептердегі ата-аналар жиналысында арнайы түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, қауіпсіздік сақтау ережелерімен таныстыру шаралары өткізілді.

Еркежан АЙТҚАЗЫ, «Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар