Аманолла Ғабдолқайұлы – лауазымды қызметтердің күрмеуі қиын тұстарын айқындаудағы тапқырлығымен, оларды шешуде жоғары билік алдында нақты дәлелдеу, түйіндеу, баяндау, сараптау, өндірісті тікелей басқару шеберлігін өзінің күнделікті қызмет дағыдысына айналдыра білген ұқыпты да, қабілетті басшылардың дәрежесіне жеткен азамат.
Біздің замандастарымыздың өзі екі дәуірдің қилы да қызықты кезеңдерін бастарынан өткізіп келеді. Қазақ халқының ұлағатты дәстүрлерінде кісілікке ие болудың, өміртанудың, қоғамтанудың болашаққа ұластыратын мәңгілік бағыттары – дара даналардың өмір тәжірибесі арқылы ұрпақтан ұрпаққа ұласуда.
Халқымыздың үлкенді де, кішіні де мәңгілік болашақты болжауға нұсқайтын «Жақсы адам – елдің ырысы» дейтін даналық ұғымы бар. Осылай пайымдағанда аға ұрпақтар әулеттерінің өнегесі – қазақ даналарының дүниетанымдық негіздері халқымыздың ұрпақ өсіру, тәрбиелеу жолдарынан айқын аңғарылады.
Ғабдолқай әулетінің тәрбие, өнеге беру дәстүрінде кісітану қасиеттері негізінде береке-бірлікке жетудің, ізденудің амал-әрекеттері көрініс береді. Басты мақсат бүкіл қазақ қауымының, тұтас халықтың дүниетанымдық бағытын көздің қарашығындай сақтау болғандығы байқалады.
Аманолла Ғабдолқайұлы Кеңес одағының тұсында еліміздегі аса жоғары лауазым иелерінің бірі болса да қызметтен сәл босаған уақыттың өзінде ата-баба дәстүрін сақтау, туыстық ниетке берік болу әрбір қазақ азаматының ата-баба алдындағы мызғымас парызы екендігін түсіндіруді, оны қайталап айтуды өзінің міндеті санағанын құрбылары, замандастары қазірге дейін еске алып жүр.
Аманолланың сәби шағынан ой тоқтатып, есейіп жеткіншек қатарына жеткен кездерінен көргені – әкесі Ғабдолқайдың туған бауыры Әсетпен бір үйде бірге тұрып, енші бөліспей, бірінің қамын екіншісі әрқайсысының жеке дара мұқтаждығындай сезініп, екі отбасы бірінің баласын бірі мәпелеп, өсіргені. Мұндай дәстүр оның ірі лауазымдық қызметтерде сыналған шақтарында, ел ішінде сыйластықты, туыстықты, бірлікті және ынтымақты нығайту барысында амал табуына үлкен тірек болған. Бұл кезеңді ол ерекше толғанып еске алады екен.
Аманолла Ғабдолқайұлы Краснокутск (қазіргі Ақтоғай) ауданының «Ақкөл» совхозында директор болып жүргенде ауылда тұңғыш рет волейбол командасын ұйымдастырып, өзі сол команданың белсенді әрі шебер шабуылшысы, жаттықтырушысы болды. Таңның атуынан күннің батуына дейінгі аралықта ауыл шаруашылығының егін егу, ору, малды жайлауға шығару, мал азығын дайындау, мал тұқымын асылдандыру, ветеринарлық қызметті бақылау сияқты жұмыстарының науқандық кезеңдеріндегі қарбалас шақтардың өзінде спорттың бұл түріне уақыт бөлген. Ауыл шаруашылығының осындай тынымсыз қызметтерін атқару, әлеуметтік мәдени, білім беру саласындағы мәселелерді реттеу сияқты күрделі қызметтер арасынан саңлау тауып волейболшылармен жаттығу өткізуді назардан тыс қалдырған жоқ. Аманоллаға мұндай аласапыран кезеңде әулеттің тектілігінен ұласқан біліктілік, кісітанушылық шеберлігі демеу болғаны туралы сол кездегі қызметтестері, ауыл, аудан жұртшылығы бүгінде ризашылықпен баяндайды. Солай болатын жөні де бар, өйткені ол команда аудан бойынша ешкімге дес бермей бірінші орынды иеленетін.
Аманолла балаға ат қою кезінде қазақ дәстүрінің өміршеңдігін айқындайтын іс-әрекеттердің мән-мағынасына назар аударып жүріпті. Мұндай жағдайды ырым деп айтып жүргенімізбен, мұның бала келешегін болжауға негіз болатынын аңғарған. Кезінде «Марксизм тұқым қуалаушылықты жоққа шығармайды», деген қағида да айтылды ғой, деген ойға тоқталады екен ол.
Баланың туа салысымен ойлау қабілеті бекімейтіні – анық құбылыс. Бірақ ата-анадан туа даритын, туа біткен қасиеттер де болатыны жайында көптеген ғалымдар айтып та, жазып та жүр. Ойлау баланың сыртқы ортамен белсенді қарым-қатынасынан, оның өмірді бағамдауы арқылы қалыптаса бастайды. Ал баланың тілі шығу барысында, алғашқы көргендерін анықтай бастауында олардың өсу кезеңдерін аңғару қиын емес. Олай десек баланың ой өрнегінің ширауы жоғарыда айтылғандай, әулеттің тектілігіне, өнегелі де өркениетті ортаның қарым-қатынастарына тікелей қатысты екендігі Аманолла өмірінің өсу, толығу кезеңдерінен аңдау қиын емес.
Мемлекет, қоғам қайраткері, көрнекті ақын Кәкімбек Салықовтың 2010 жылғы 19 тамыздағы «Сырымбет пен Баянауылдың ортақ ұлы» атты естелігінде Аманолланың әкесі, ұстазы, орыс тілі және әдебиетінің мұғалімі Ғабдолқайдың оқыту шеберлігі өзінің ақындық жолында Абайшыл және Пушкиншіл болуына тартымды әсер еткенін айтып өтеді. Осы естелікте ол Аманолланың Сырымбет пен Баянауылдың ортақ ұлы болып жүріп, қазақ елінің ірі тұлғалары қатарына жеткендігі туралы ой толғайды.
Аманолла Ғабдолқайұлының еңбек жолы Павлодар облысының ауыл шаруашылығы басқармасында аға агроном, бас агроном қызметтерінен басталып, совхоз директоры, Павлодар облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы, 35 жасында Баянауыл аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, одан кейін облыстық партия комитетінің хатшысы лауазымдарымен жалғасқан. Оның еңбек жолына көз жүгірткенде еш нәрсеге жалтақтамайтын, өз қабілетіне сенген азамат болғанын байқауға болады. Оның табанды да тапқыр іс-әрекеттерін қасындағылар да, жоғары биліктегі тұлғалар да дер кезінде бағамдаған.
Аманолла үшін тосын оқиға – Баянауылда бірінші хатшы болып жүрген кезінде Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың оған тікелей телефон соғуы. Бұл күні ол әдеттегідей аудан шаруашылықтарын аралап, жұмыс барысымен, жергілікті мамандардың іс-әрекеттерімен танысуға шыққан екен. Кешкілікте үйіне оралған тұста оған екінші хатшы Николай Феодорович Гегер хабар беріпті. Оның аптығып, асыққан хабарламасында Дінмұхамед Ахметұлының телефон соғуы жайында айтылыпты. Ертеңінде Дінмұхамед Ахметұлының көмекшісімен хабарласқан. Ол Аманолланы Димекеңмен дереу байланыстырыпты. Қазақстандық бірінші басшыны мазалаған мәселе – ауданның қыстан шығу, егістікке дайындық, егін өнімінің жағдайы, келесі қысқа мал азығын, жем-шөбін әзірлеу, мал жайылымының қалпы, жалпы ауыл шаруашылығы саласында науқандық жұмысқа ауданның сақадай-сай әзірлік жайын анықтау екен. Димаш Ахметұлы көктем науқанындағы атқарылған жұмыстың күзгі науқандағы нәтижесін білу үшін кейінірек тағы да хабарласыпты. Аманолла жұмыстың тиянақты барысын толық баяндап берген. Осындай телефон арқылы әр байланыс Аманолланы ойландырып, оның себебін анықтағысы да келіпті. Отбасы өнегесі мен тәрбиесінен алған тәжірибесі оған бұл ретте де дұрыс ой қорытуға әсер еткен. Өз өміріндегі өзі сұрыптаған әлеуметтік сапалар жиынтығын сараптай білуі, жоғары лауазымды тұлғалармен билік алаңында пікірлесудің ақиқатты бағыттарын нақты болжауы оның қабілеттілік деңгейін дамытқан. Кейін Аманолла Димекеңнің мұндай қызмет әдістемесін Қазақстанның барлық аудан басшыларымен жұмыс нәтижесін анықтауда қолданатындығына көз жеткізген. Сондықтан Аманолла әрдайым жұмыс нәтижесін аралап көрумен, дер кезінде мамандармен пікірлесумен ғана шектелмей, оларға нәтижеге жетудің өзегін жүйелі баяндауға әрқашан дайын болуға толық мүмкіндік алған.
Аманолла Ғабдолқайұлы ‒ лауазымды қызметтердің күрмеуі қиын тұстарын айқындаудағы тапқырлығымен, оларды шешуде жоғары билік алдында нақты дәлелдеу, түйіндеу, баяндау, сараптау, өндірісті тікелей басқару шеберлігін өзінің күнделікті қызмет дағдысына айналдыра білген ұқыпты да, қабілетті басшылардың дәрежесіне жеткен азамат. Ол – өзінің жоғары деңгейдегі билік алдындағы ел-жұрт дәулетін, ырысын, несібесін еселей білудің жолдарын игеру қабілетін қажетті тұста ұтымды жұмсаған абзал азамат екендігін әрқашан көрсете білген. Оның мұндай деңгейдегі ақылды бейнесі КСРО Министрлер кеңесінің төрағасы А.Н. Косыгиннің алдында үш рет болу сәті кезінде айқын байқалған. Аманолла Ғабдолқайұлы Рамазановтың замандастары оны өз ұлтының құндылықтарын өміріне серік еткен, ұлттық мəдениетті өркениетті елдер қатарында ұстауда дара көрінетін «Асыл ердің баласы көп тыңдап аз сөйлейді», деген халқымыздың даналығын көкірегіне ұялатқан асыл да ардақты азамат деп құлшына еске алады.
Жұмасейт БИЖАН,
КСРО Теледидары және радио үздігі, Қазақстанның құрметті журналисі, С.Торайғыров атындағы ПМУ профессоры