Жақында Щучьеде асық атудан 2005-2007 жылы туған кадеттер арасында өткен республика чемпионатынан Қостанай облысының командасы олжалы қайтты. Ұлдар командасының үшінші орын алуына Данил Бабенконың үлесі мол болды. Жарыста төрешілер оның асықты шиырып, дәл ататын мергендігіне тәнті болды.
– Ол 6 метр қашықтықтан атқанда дәл тигізіп, асықтарды шеңбердің сыртына шашып жібереді. Бірақ шеңбердің ішінен атқанда шамалы қателіктер жіберіп алды. Оқасы жоқ, жаттығуларда оның әдістерін жетілдіреміз, сонда Данилге тең келер ешкім болмайды, – деп асық атудан облыстағы аға жаттықтырушы Кәрішал Кәкешев желпініп қойды.
Данил Федоров ауданындағы Владыкин ауылындағы шағын жинақты орталау мектебінің алтыншы сыныбын бітірді. Сонда денешынықтыру пәнінен беретін Асқар Досанов ағайы ауыл балаларына асық атудан үйірме жүргізеді. Ол Данилдің кішкентай кезінен ептілігін байқап, оны аудандық, облыстық жарыстарға апара бастайды.
– Данил республикада асық ату ұлттық спортынан өтетін жарыстар тарихында шеберлігімен көзге түскен ұлты қазақ емес алғашқы ойыншы. Қостанайлық ұлдар командасы осы жолы Данилдің арқасында үшінші орынға ілікті. Оның өзіне асық ату ойыны өте ұнайды, жаттығудан қалмай ұқыпты қатысады. Асықты шиырып атқанда екінің бірін жолда қалдырады. Өнер мен спорт ұлт таңдамайды, – дейді Кәрішал Кәкешев.
Халқымыздың асық ату ұлттық ойыны ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени құндылықтар тізіміне кіргеннен кейін облыс аудандары мен қалаларындағы мектептерде үйірмелерде көбейді. Қазір ауылдарда, аудандарда асықтан жарыстар жиі өтеді, оның танымалдығы кеңейіп келеді. Республикалық чемпионатта Рудный қаласындағы №15 орта мектептен жасақталған қыздар командасы бірінші орынды жеңіп алды. Олардың барлығы да асық атудың білгір жаттықтырушыларының бірі Ғалинұр Бектеповтің шәкірттері.
Міне, бір кездері қазақ мектебі болмаған кеншілер қаласында қазір ұлттық спорт ойындары осылай қанатын кең жайып келеді.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ, «Егемен Қазақстан»
ҚОСТАНАЙ