160 адамның арыз-шағымын тілшілер қосынына арқалай келген Нұрболат Елжас ауылдан 800 метрдей қашықтықта орналасқан қиыршықтас өндіретін карьердің пайдалану құқығын «Петропавл жолдары» ЖШС иеленгенімен, әлдебір фирмаға жалға беріп жіберген болуы мүмкін деген күдігін жасырмайды.
Өйткені соңғы кездері жүрістері суыт, түстері суық бөтен адамдар ауылға қайта-қайта келгіштеп, кеніш маңын торуылдауды жиілетіп кеткен. Олар әңгіме арасында ЖШС-мен жасалған келісімшартқа орай қиыршық тастар мен құмның мол қоры жинақталған карьерді өнеркәсіптік негізде өңдеу, ол үшін жару әдістерін қолдану ойлары барын жасырмаған.
Хатта жазылғандай, серіктестіктің гранит өндіретін аумақты ширек ғасырға жалға алғанынан тұрғындар хабарсыз болып шыққан. Соған қарағанда жұртшылықпен ақылдасу, ой-пікірлерін білу қажет болмаған сыңайлы. Әлеуметтік жағдайы әлсіз шағын елді мекеннің шамына тиіп, алатайдай бүлдіріп, әрлі-берлі алашапқынға салып қойған күрделі мәселенің күрмеуін шешудің орнына жергілікті билік орындарының шабан үйрекке ұқсаған қимылдары ашу-ызаларын тудырып, оның ақыры жоғары органдарға, прокуратураға қайрылуға мәжбүр еткен. Қоғамдық тыңдалым, ашық әңгіме өткізілмеудің, істің мән-жайына тереңірек қанықтырмаудың салдары осындай оғаш оқиғаға соқтырған.
Көпшіліктің алаңдайтын жөні бар. Көнекөз қариялардың айтуларынша, өткен ғасырдың орта тұсында осы төңірекке геологиялық барлау жұмыстары жүргізіліп, адам ағзасына өте зиян ауыр металдар қоры табылса керек. Осы себепті карьер радиациялық қауіпті орын саналмай ма, ашық әдіспен өндірудің ақыры адамдар өміріне, қоршаған ортаға зиянын тигізіп жүрмей ме деген сансыз сауалдарға жауап таппай сандалып жүргендеріне көп уақыт болыпты. Жалпы қатерлі ісік дерттері бойынша облыс республикада алдыңғы орында тұр. Өңір экологиялық жағынан таза саналғанымен адамдардың ауыр дертке шалдығуы, шетінеуі азаяр емес.
Аурудың жастар арасында белең алып бара жатқаны да толғандырмай қоймайды. Оның бір ұшығы радиация мен ультрафиолетті сәулелерден құралатын уран белдеулерінің Есіл, Айыртау аудандарын көктей өтетініне келіп тіреледі. Осы себепті кеселдің таралу белсенділігі жоғары аумаққа жатқызылған. Адамдарды шошындыратыны осы! Алайда ел ішін елес құсап кезіп, желдей есіп жүрген алыпқашпа сөз бе, әлде шын мәнінде радиациялық қауіп жоғары ма деген сауалдар сырғытпа жауаптардың астында көміліп қалған тәрізді. Бағдарламаның жүзеге асуына үзілді-кесілді қарсы шыққан қарағайлықтардың айтар уәжі көп. Мәселен, карьерді жару, шикізатты ашық әдіспен алу шаралары ауа қабатын бүлдіреді, айналаны шаңдатып, адам ағзасы уланады, түрлі аурулар көбейеді деуі негізсіз емес. Жауапты тұлғалардың бір округке қарайтын Бұлақ ауылындағы күрделі жағдайдан сабақ алмағанына қынжылады.
Осыдан бірнеше жыл бұрын Бұлақ елді мекені жанынан шетелдік «Әулие Голд Манинг» ЖШС қойнауы алтынға толы орынды игеруге құлшына кіріскенімен, кейін алға басқан аяғы кері кетіп, жауыр атша шоқырақтап қалған. 350 жаңа жұмыс орны құрылады, алынған пайданың бір бөлігі әлеуметтік салаларға жұмсалады, өнімділік екі есеге дейін артады, түсті металлургияны дамытудың, бұл салаға инвестиция құюдың тиімді жолдары қарастырылады деген қап-қап уәделердің бірі де орындалған жоқ.
Өйткені ескі жоба уақыт сынына төтеп бере алмағандықтан өндірісті тоқтатуға тура келген. Жұртшылықтың айнала тозады, экологиялық құлдырауға ұшырайды деген жанайқайын елеген ешкім болмады. Үйілген қоқысты, сай-саланы қуалай аққан қалдық суды реттеу, жер қойнауларын қалпына келтіру жайы әлі шешілмей келеді. Ең өкіндіретіні, жерасты қазба байлығы өндірілгелі онкологиялық ауру өршіп кеткен. Былтыр 4 адам көз жұмған. Есепке алынғандары едәуір.
Биыл компанияның жаңарған құрылтайшылары кәсіпорын саламыз деп алақандарын ысқылап отыр. Оны уақыт көрсетеді.
Аудандық әкімдіктегілер жер қойнауына экономикалық, экологиялық, құқықтық сараптамалар жүргізілді, радиациялық фон қалыпты деңгейде, санитарлық талаптарға сай деп қанша жұбатса да көрші ауыл жағдайынан шошынып, жүректері шайлығып қалған тұрғындардың оған сенімнен гөрі күдігі басым. Кеніш маңайында ата-бабамыздың қорымы, сібір жарасымен ауырған малдардың өлексесі жерленген орын бары неге ескерілмеген деген шырылға да құлақ түрер жан табылмай тұр.
Құзырлы органдар ай-күннің аманында тыныш жатқан ауылды дүрліктіріп қойған жайттың түп-төркініне терең бойлап, әділ үкімін береді деген үміттеміз. Ұлт саулығы ең қымбат қазына екенін тағы бір мәрте еске салғанды жөн көрдік.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы,
Есіл ауданы,
Қарағай ауылы