Қазақ халқының басынан небір нәубеттер өткені, мыңдаған азаматтардың жазықсыз жазаланып, қудаланып, атылып кеткені белгілі. Еске түссе, сананы сансыратып жіберетін сол зұлматты кезеңдердің бірі – шаш ал десе бас алатын (кәмпескелеу) саяси науқаны.
Оның адам жанына ауыр сызат түсіретін іздері Солтүстік Қазақстан облыс аумағында да сайрап жатыр. Тимирязев ауданы Жарқын ауылынан үш шақырымдай жерде бұрынғы Түмен ауылының жұрты анадайдан қарауытып көрінеді. Жан-жағы ойдым-ойдым. Обадай орны ерекше, оқшау. Орман арасында орналасқандықтан қалтарыста елеусіздеу қалғандай көрінгенімен, ішіне бүккен қатпарлы сырлары аз емес. Ел арасында бұл маңайды «Байжатақ зираты» деп те атайды. Бір таңғаларлығы, зұлмат заманның белгісіндей зират басында өсіп тұрған дарақ бәйтеректің іші қуыстанып күйген. Осы себепті тұрғындар ескі жұртты киелі санап, басына тәу етеді.
Көнекөз қариялар қатары азайып кеткендіктен өткеннің қойнауынан суыртпақтап сыр тарту оңай емес. Егер кәрі тарихқа тіл бітсе, бірлік-берекесі сүттей ұйып отырған елдің құтын қашырып, зәресін ұшырған қайғы-қасыреттер жайлы шер-шеменді қозғап, күңіреніп сала берер еді. Мен бұл емеурінді 1928-1931 жылдары Жарқын ауылының жанында орналасқан уақытша шоғырландыру лагеріне (временный концентрационный лагерь) қатысты меңзеп отырмын. «Жапан даладағы бұл неткен лагерь?» – деген сұрақ талайды таңдандыруы мүмкін.
Олай болса, қойын блокнотымда жинақталған деректерге үңіліп көрейін. 1928 жылғы 27 тамызда Қаз КСР орталық атқару комитеті мен Халық комиссарлары кеңесі «Байлардың шаруашылықтарын кәмпескелеу туралы» декрет қабылдайды. Кәмпескелеу ісіне республикадағы барлық аумақтар қамтылып, тек Адай округі мен Жетісу, Сырдария губернияларының мақта өсіретін аудандары ғана бұл шаралардан босатылады. Бұл шешім бойынша көшпелі аудандарда 400-ден артық, жартылай көшпелі аудандарда 300-ден, ал қалған аудандарда 150-ден артық малы бар байларды тәркілеу басталады. Сонымен қоса сұлтан, болыстар мен билердің де мал-мүлкі тартып алынып, отбасымен қоса жер аударылады.
Отбасы мүшелерінің жасы мен денсаулығы есепке алынбайды. Сол кездегі Петропавл уезі бойынша құрылған төрт ауданның Майбалық, Үлгі, Өрнек, Полудино ауылдарының маңайында уақытша шоғырландыру лагерьлері ұйымдастырылады. Архивте сақталған бір үкімде былай деп жазылған: «... Төңкеріс ауданының 11 ауылының еңбекшілері Тұрлығұлов Көшкенің кедейлерді қанағанын, еңбектерін жегенін анықтап, оның барлық мал-мүлкі кәмпескеленіп, өзі жер аударылсын. 1928 жыл 2 октябрь». Көшке өте дәулетті, мұқтаж жандарға қайырымды, жомарт болған. Екатеринбургке, Троицкіге, Шадринскіге мал апарып сатқан, дүкен ұстаған. Қазіргі Жарқын ауылы – Көшке байдың бұрынғы жұрты. Жамандыққа көз қимайтын елдің бетке ұстар азаматы саяси шараның тепкісінде кете барған.
Қысқа уақыттың ішінде Түмен ауылында балшық пен шымнан қаланған үш үлкен барақ, күзетшілер тұратын үй, шеберхана тұрғызылып, сыртқы әлпетінен кісі шошырлық зәулім нысан пайда болады. Айналасы тікенекті шырмауық сыммен қоршалады. Бұл Лагерьдің бастығы болып Тастемір Қыдырмаұлы тағайындалады. Төңкеріс ауданының байлары, болыстары, билері, асқан бай болмаса да тізімге іліккендер бала-шағасымен бірге осы лагерьге тоғытылады. «Құбыжық қалашықты» жергілікті тұрғындар келемеждеп «Байқала» атандырып жібереді. Суаткөл ауылынан жер аударылған марқұм Қабдол Жаманжігітовтің айтуынша, мұнда Кұркенің Әубәкірі, Серікбай Жақсымбетұлы, Тәштиттің Хамзасы, Есеней тұқымы деп жала жабылған Жарылғап деген азамат отбасымен қамалады. Азын-аулақ малы бар Бөлекше, Біркен деген шаруалар да «қара тізімге» ілігеді. Соған қарағанда оларға әлдекімдер өшіккен тәрізді.
Лагерьдегілер өлместің күнін кешкен. Аштан өлмеу үшін далада арам өліп қалған малдың етін қорек қылған. 1930 жылдың қысында аштықтан көз жұмған адамдардың мүрделері үлкен орларға көміле салған. Осы ақпараттарды кезінде Қабдол Жаманжігітов, Жағыпар Бәкебаев (Жапылай) сынды азаматтар растаған еді. Сол күндердің бір куәгері – «Байқалаға» бала күнінде қамалған, Қызылжар қаласының сыйлы ақсақалы болған Зағыпар Байқуанышұлымен көзі тірісінде тілдескен едік. Әкесі 1930 жылы кәмпескеленіп зайыбы Жәмила, балалары Баязит, Зағыпар, Нұрмұқандармен бірге осында әкелінеді. Зағыпар ол кезде тоғыз жастағы бала екен. Жан-жақтан жиналған жұрттың жайын ешкім ойламайды. Тамақ берілмейді. Көрші ауылдардан көмек сұрап күн көреді. Күзге қарай отбасы мүшелері қашып шығып, Түмен облысының Ялуторовск ауданындағы Николаев селосында 1937 жылға дейін тұрады.
Куәгерлердің айтуларынша, бір ғана «Байқала» концлагерінде әр маусым сайын 200-500-дей отбасы тұтқында ұсталған. «Байқала» – ұлы зобалаңның басы ғана. Оның соңы түрлі саяси-қуғындарға ұласқаны, аштық зобалаңына жалғасқаны белгілі. «АЛЖИР», «Карлаг»...оған енді бүгінге дейін аты аталмай, тасада қалып келген қиян шеттегі «Байқала» қосылып отыр.
Биыл қазақ халқын тілмен айтып жеткізуі қиын ауыр қасіретке соқтырған зұлматтардың бірі – байларды тәркілеу туралы декреттің шыққанына 27 тамызда 90 жыл толады. Дәл осы күнді қаралы күн ретінде жариялап, аруақтарға тағзым ету, еске алу, құрбандардың есімдерін тауып, жариялау – бүгінгі ұрпақтың басты парызы. «Байқала» концлагерінің орнына жазықсыз жапа шеккен отбасыларға арнап ескерткіш белгі орнату қажет. Ешкім сырттан келіп тарихымызды түгендеп бермейді. Ескі күнде есі кетіп, еңірегенде етегі жасқа толған бабалардың аруағы риза болсын десек, оларды атаусыз қалдырмаған жөн.
Дәстен БАЙМҰҚАНОВ,
жергілікті өлкетанушы
Солтүстік Қазақстан облысы