• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Руханият 31 Мамыр, 2018

Өскемендегі Назарбаев зияткерлік мектебінде әкелер форумы өтті

802 рет
көрсетілді

Өскемендегі Назарбаев зияткерлік мектебінде әкелер форумы өтті. Бұл шара аталған білім ордасында осымен екінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. Форумның ашылу салтанатында мектеп директоры Күлфарида Бабақұмарқызы тағылымы зор, тәлімі мол кездесуге былтыр 347 әке қатысқанын, биыл қатысушылар саны арта түскенін, шараның мақсаты отбасындағы әке рөлін көтеру екендігін атап өтті. «Отан отбасыдан басталады. Ұлттық тәрбие де отбасынан бастау алады. Отбасысы мықты болса, елдің іргесі де мықты болады», деді мектеп басшысы өзінің құттықтау сөзінде.

Телміретініміз – теледидар, ұстайтынымыз – ұялы телефон

Аты айтып тұрғандай, әкелер форумына осы мектепте бала­ла­ры білім алатын 400-ден астам әке жиналып, бірнеше топ­қа бө­лініп, «Бала құлағымен емес, көз­бен тәрбиеленеді. Есті­ге­нін емес, көргенін істей­ді», «От­ба­сындағы әке көшбас­шы­лы­­ғы» тақырыптары аясында ба­ла тәрбиесіне қатысты ой­ла­­рын, ұсыныс-тілектерін ор­­таға салды. Бірінші топ атынан сөйлеген Бердібек Бияров қа­зір­гі ата-аналардың көбі ба­ланың ішкі жан дүниесіне үңі­­ле бермейтінін, бұйыруға, ұр­­суға бейім тұратынын, «жұ­рт­­тың баласы анадай, сен мына­дай­сың» деп салыстыру арқылы ба­ла­ның өзін төменшік сезінуіне жол беретінін, бұдан еш пайда жоқтығын, керісінше құрғақ ақыл айтқаннан гөрі іспен дә­лел­­дегеннің маңыздылығына тоқ­­талды. «Алаш қайраткері Мағ­­жан Жұмабаев «Бала жаман бо­лып өссе тәрбиеші кінәлі» дей­ді. Яғни ортасы, қоғамы, ата-ана­сы кінәлі. Біз балаға «неге кіт­ап оқымайсың?» деп ұрсамыз. Өзі­міз кітап оқимыз ба?

Қазір бәрі­міз­дің телміретініміз – теледидар, ұстайтынымыз – ұялы телефон. Бала да соны көреді. Егер үйде ара-тұра көркем әдебиет оқы­сақ бала да қызығар еді ғой. Бұл үшін ата-анаға жігер қ­а­жет. Балалар айтқанды көп ұға қой­май­ды, іспен көрсеткенді же­ңіл қабылдайды», дейді ол. Ке­лесі болып пікірін білдірген ата-ана Арман Әлімхан әуелі зал­ға жи­нал­ған әкелерге «Сіздер қа­шан соң­ғы рет балаларыңызға са­бақ­­қа қатысы жоқ сұрақтарды қой­ып көрдіңіздер? Өміріміздің жа­ғым­ды сәттерін оларға әңгі­ме­леп, әңгімеге балаларды да ара­лас­тырып көрдік пе? Кім бала­ла­рының достарын таниды?» деген сұрақтарды қойып, «балам, ауыр көтерме, баламның қарны ашып қалады» деп тым өбектей бер­мей, баланың бір мезгіл өзді­гінен шешім қабылдауына да мүмкіндік беру қажеттігін, бір мез­гіл баламен сөйлесіп, оның пікі­рін тыңдап, санасып оты­ру­дың да артық етпейтіндігін тілге тиек етті.

Форумда сөз алған дирек­тор­дың тәрбие жұмысы жөнін­де­гі орынбасары Гүлшат Мұхтар­ха­нова бүгінгі ата-аналардың дені тергеуші мен прокурорға ұқсас екендігін айтып, бұл әдеттен құтылудың жолдарын ұсынды. «Барлығымызда тергеуші деген сертификат бар. Үйге келе сап «Неше алдың? Сабақ қарадың ба? Ыдыс-аяқ жуылды ма?» деген сұрақтардың астына аламыз. Мұнымен қоймай «сен андайсың, сен мұндайсың» деп кәнігі прокурорлардай кемшіліктерін бетіне басып, дәлелдейміз-ай келіп. Ал бала қылмыс жасағандай ыңғайсызданады. Егер ауырып дәрігерге баратын болсақ дәрігер бізге «неге ауырып қалдың?» деп ұрыспайды ғой. Сол секілді біз тергеуші, прокурор ата-ана емес, дәрігер ата-ана болуымыз керек. Қателігі, кемшілігі болса бетіне баспай, жазғырмай, жекір­мей керісінше дәрігер се­кілді біл­дір­мей емдеп, баланы өзімізге жа­­қындатқанымыз жөн», деген ол ата-аналарға ой са­лар­лық тө­мен­дегі мысалды ай­тып берді.

Жұмыстан қолы босамайтын, бала тәрбиесіне жөнді кө­ңіл бөлмейтін бір ағамыз пси­хо­логтың семинарына қаты­сып­ты. Психолог «дүние күйіп кет­се де балаңызбен күніне бір са­ғат ойнаңыз» деп кеңес берген екен. Үйге келгеннен кейін мұ­ны жұбайына айтса, жолдасы «ба­ланың ойнайтын уақыты жоқ, кеш­ке сабағын қарауы керек. Не айтып тұрсың өзің?» депті. Содан не керек, жұбайын ақыры көндіріп, күнде кешке жақын баласымен сабақтан келген соң ойнауды әдетке айналдырыпты. Баласымен жаңбырдың астында да қалып, батпақты да бірге кешеді. Үйге кіріп, баласының киіміне жұққан балшықты түсі­ріп, бірге жуынады.

Өмірінде бірін­ші рет баласының үстін сүл­гімен сүртіпті дейді. Арада бір апта өткенде баласы «Әке, бұ­рын сіз үйге кіріп келгенде бөлмемнің есігін жауып алып, қашуға бейім тұратын едім. Ал қазір сізді асыға күтемін. Мен сізді жақсы көремін» депті. Бір күні ағамызды сынып жетекшісі мектепке шақырыпты. «Құдай-ау, не бүлдіріп қойдым? Күнде уақыт тауып, баламды ойнатып жүрмін. Мен осыны істемей-ақ баламның сабақ қарағаны дұрыс па еді? Енді қайттім?» деп уайымдап, мектепке барып, ең соңғы партаға отырыпты. Сынып жетекшісі «Аға, сіз не істедіңіз» деп сұрақ қойыпты. Ағамыздың түрі бұзылып іштей «Ойбай, мен не бүлдірдім? Әйелімді неге тың­дамадым екен?» деп жүрегі дүр­сілдеп, мазасы қашыпты. Сон­да сынып жетекшісі: «Сіз не істедіңіз? Қазір балаңыз өзін ер­кін сезінеді. Білімге құштар­лы­ғы артты. Достарымен де емен-жарқын сөйлесетін болды. Иығ­ын тік ұстап, еңсесін көтеріп жү­ретін болды. Сізге рахмет!» депті.

Бала тәрбиесіне қатысты қанша кітап оқыдыңыз?

Екінші топ атынан сөз алған ата-ана Алмас Солтанғалиев мектеп оқушылары арасында «мәселе туындаған жағдай­да қалай шеше­сің?» деген та­қы­рыпта сауалнама жүргізіл­ге­нін, сауалнама ба­ры­сында оқу­­шылардың 20 пай­ыз­ға жу­ығы ата-анасымен, 40 пайыздан астамы достарымен, пси­хо­логпен, басқа адамдармен ақыл­дасамын деп жауап бер­генін ай­та келіп, осы мәселеге бай­ланыс­ты ойын ортаға салды. «Бұл нені көрсетеді? Бұл біздің баланың сұрағына дайын емес еке­німізді, баланың өтінішіне көп құлақ аса бермейтіндігімізді аңғартады. Біз отбасындағы, жұмыстағы кейбір мәселелерді баламен ақылдасып, пікірін сұрауымыз керек.

Сонда ертең бала да өзін­де мәселе туындағанда сіз­бен ақылдасады. Ашық сөй­леседі. Үйіңізге қарапайым зат алар кезде де баланың пікірін білу артықтық етпейді. Сонда бала отбасында өзінің орны бар еке­нін, қажет екенін сезінеді. Бо­ла­шақта өзінің мәселесін, уайымын да сізге айтатын бола­ды», деді ол. Ал екі баланың әкесі Ва­силий Андрущак баланы өмірге ерте бастан тәрбиелеу қа­­­жет­тігін, мәселен, кішкене ке­­зінде дүкенге жұмсап, кейін ком­­муналдық төлемдерді төлету се­кілді жұмыстарға бейімдеудің бір қарағанда білінбегенімен ма­ңы­зы зор екендігін алға тартты.

Назарбаев зияткерлік мек­тебі оқушыларының әкелері арасын­да арнайы сауалнама ұй­ымдастырылып, оған білім ор­да­сындағы 512 әкенің 247-сі қа­ты­сып­ты. «Бала тәрбиесіне қатысты қанша кітап оқыдыңыз?» деген сауалға әкелердің 22 пайызы – 1, 17 пайызы – 2, 14 пайызы 3-тен астам кітап оқыдым, 47 пайызы «мүлде оқымадым» деп жауап беріпті. «Биылғы оқу жылында мектептегі шараларға қанша рет қатыстыңыз?» деген сұраққа 17 пайызы – 1, 13 пайызы – 2, 9 пайызы 3 рет қатыстым, 61 пайызы мүлде қатыспадым деп жауап қайтарған. «Балаңыздың сабағына күніне қанша сағат уақытыңызды жұмсайсыз?» деген сауалға 38 пайызы – 1 сағат, 6 пайызы – 1-2 сағат, 1 пайызы – 2-3 сағат, ал 50 пайызы «мүлде уақыт бөлмеймін» депті.

Ал «балаңыздың тәрбиесіндегі мә­се­лені анықтап, шешу жолда­рын іздестіріп көрдіңіз бе?» деген сұраққа әкелердің 21 пайы­зы «ақылмен шешемін», 14 пайы­зы «әңгімелесу арқылы», 7 пайы­зы «ешқандай проблеманы бай­қа­мадым», 63 пайызы «оны ана­сымен шешеді, менің бұған қа­тыс­ым жоқ» деп жауап беріпті. Сауалнама қорытындысын оқып берген Рашат Шериязданов көп­ші­л­ік әкелердің жұмысты сыл­тау­ратып, бала тәрбиесіндегі жауап­кершілікті ысырып тастауы дұрыс емес екендігін атап өтті. Керісінше кешегіден үлгі алып, балаларды бабалар жолымен неге тәрбиелемеске деген ойын жеткізді. «Көпшілігіңіз «Абай жолы» романын кеңестік дәуірде оқып, Құнанбайға сол заманның, сол дәуір саясатының көзімен қарағандарыңыз анық. Қазір сіздер әйгілі туындыны қайта бір парақтап, Құнанбайға бүгінгі заман тұрғысынан, тәуелсіз елдің азаматы ретінде зер салып көрдіңіздер ме? Құнанбайдың даналығын, көрегендігін сөзбен айтып жеткізу қиын.

Құнанбай бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. «Не күтсем де осы жаман қарадан күтем» деп Абайды 9 жасынан білімге баулып, қасына ертіп жүріп, ел басқару ісіне үйреткен. «Балаларым көрсін, көкейіне түйсін» деп сол кездің айтулы ақындарын, жыр­шыларын үйіне шақырған. Ұл­дарын анасын құрметтеуге, елін, жерін сүюге тәрбиелеген. «Сон­­дай қиын заманда Құнанбай балалары­на осындай тәрбие берсе, азат ел­де өмір сүріп жатқан біз еліміз үшін әке ретінде не істеп жатырмыз?» деген сұрақ туындайды. Ай­тайын дегенім, бәрімізге Құ­нанбай, Абай болу шарт емес шығар. Десек те осындай да­ра тұлғалардың өмір жолын өне­ге ретінде ұстанып, балаға өз тәр­биемізбен үлгі болғанымыз жөн», деді ол.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

ӨСКЕМЕН

Суретті түсірген Роза ҚҰМАРҒАЖИНА