• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 01 Маусым, 2018

Судьялардың сөйлеу мәдениеті артады

1678 рет
көрсетілді

Елбасының мемлекеттік қызметкерлер қоғаммен диалог жүргізуді үйренуі, ел тұрғындарымен түсінікті тілде сөйлесуді, жүргізіліп жатқан реформалардың мән-маңызы мен нәтижесін түсіндіруді үйренуі тиіс деген тапсырмасына сай кеше Жоғарғы сотта «Сот риторикасы: оқыту және тәжірибе мәселелері» атты халықаралық конференция алғаш рет өтті. Және бұл конференция Интернетте онлайн-режімде көрсетілді.

Сол онлайн-режімнен байқа­ғаны­мыздай, конференция «Сот­тағы сенім мен сөйлеу өнері» және «Соттағы сөйлеу мәдениеті – құқықтық білім сапасының көрсеткіші» атты екі сессиядан тұрды. Бірінші сессия барысында Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асанов, Парламент Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов, А.С.Пушкин атындағы Орыс тілі мемлекеттік институтының кафедра меңгерушісі (Мәскеу қ.) Владимир Аннушкин, жазушы Болат Бодаубай, М.В.Ло­моносов атындағы ММУ филиа­лы­ның профессоры Нұрсұлу Шаймерденова баяндама жасады. Ж. Асанов сот жүйесінің ең басты әрі дара өнімі – сот актісі екендігін атап өтті. Бірақ оған қатысты наразылық көп. Көбінесе адамдар оның мазмұнын түсіну үшін қосымша қаржы мен уақыт жұмсай отырып, заңгерлерге жүгінуге мәжбүр. Сондықтан осы жылғы наурыз-сәуір айларында өткен Жоғарғы соттың жалпы отырысында азаматтық, әкімшілік және қылмыстық істер бойынша сот актісі қандай болуы тиістігі жазылған нормативтік қаулылар қабылданған болатын.

Бұл жаңалықтың негізі – әрбір сот шешімінің мазмұны айқын әрі түсінікті болуы керек, онда іске қатысы жоқ артық ақпарат болмауы тиіс. Әрбір айтылған уәжге судья өзінің анық дәйектелген ұстанымын білдіруі шарт. Бұған қоса, сот шешімі жарияланғаннан кейін судья міндетті түрде тарап­тарға қарапайым әрі түсінікті тілде неліктен ол дәл осындай шешім қабылдағанын түсіндіруі тиіс. Бұл судьяларға жазбаша мәтін­дерді дайындау, көп­шілік алдында сөйлеу, дауласып жүрген адамдар арасында бітім орнату бо­йынша білім мен практикалық дағдыларға қатысты қойылатын талаптарды арттырады. Соған орай Ж.Асанов сот риторикасы сот төрелігін тиім­ді жүзеге асы­ру­дың, қоғамда дау­ды азай­ту­дың кілті және адам­дар­дың сот жүйесінен күтетін нақты талап-тілектеріне деген жауап екен­дігін айрықша атап өтті. 

Одан әрі спикерлер заңгер сөзінің жауапкершілігі, заң шығару тілінің ерекшелігі және риторика, заңгерлерді даярлау саласындағы коммуникация мен сөз сөйлеу мәдениетінің түрлері секілді тақырыптар бо­йынша пікір алмасты. Бұған қоса, билердің шешендік өнерінің ма­ңыз­дылығы, заңгерлер сөзі­нің сенімді болуы және сапалы сот актісі туралы мәселелер көтерілді. Ал екінші сессияда еліміздегі заңгерлік білім берудің қазіргі жай-күйі мен заңгер­лік білім стандарттары, қоғам­ның жоғары кәсіби заңгерлер­ге деген сұранысы талқыға салынды. Пікірталас барысында адвокат Михаэль Квиринг заңгерлерді даярлаудағы Еуропа тәжірибесімен бөлісті. 

Іс-шара барысында «Жаңа үлгі­­дегі үздік сот актісі» рес­пуб­ликалық конкурсының қоры­тындысы айтылды. Оған 45 сот, 78 судья мен 5 маман қатысқан болатын. Жұмыстар «Мемлекеттік тілдегі үздік сот шешімі», «Орыс тіліндегі үздік сот шешімі» аталымдары бо­йынша ұсынылды. Енді бұл сот актілерінің үздік нұсқалары тиісті жинаққа енгізіледі. Ол судьялардың сот шешімдерін әзірлеу дағдыларын жетілдіруіне бағдар болады. Ал аталған форум Қазақстандағы Ф.Эберт атындағы қормен бірлесіп ұйымдас­тырылыпты. Оған Жоғар­ғы және жергілікті соттардың судьялары, Парламент Мәжілісі­нің депутаттары, Сот төрелігі ака­де­миясының басшылығы, «Атамекен» ҰКП, жоғары оқу орындарының, адвокатураның, жазушылар қауымдастығының өкілдері, халықаралық сарапшылар, филолог-ғалымдар, қоғам және мемлекет қайраткерлері қатысты. 

Александр ТАСБОЛАТ, «Егемен Қазақстан»