Соңғы жылдары соғыс өрті шарпыған, жұмыссыздық жайлаған кейбір елдерден басқа жаққа бас сауғалаған тұрғындар туралы жиі естиміз. Әсіресе Еуропаға босқын болып ауған сириялықтардың, соның ішінде балалық балдәуренін қатерлі сапарға айырбастап, ажал құшып жатқан сәбилердің болуы да жүректі сыздатады. Тіпті әлемдік баспасөзді кезіп кеткен 3 жасар сириялық босқын баланың жағалауда етпетінен табылған бейнесі осы бір қанқұйлы қақтығыстар қасіретін айыптау нышанына айналып кеткені де шындық.
Бүгінде дүние жүзіндегі миграциялық үдерістерден 50 миллионға жуық бала жапа шегіп отыр. Бұл балалар тіркеуде болмағандықтан білім алу, медициналық қызметке жүгіну, азаматтық мәртебеге қол жеткізу құқығынан айырылған. Оқу-тоқудың орнына жұмыс істеуге мәжбүр. Адам саудасы мен зорлық-зомбылықтың да құрбаны болып жатады. Жалпы, әлемде соңғы жарты ғасырда миграция көлемі 2,5 есеге өсіп, мигранттардың саны 200 млн адамға дейін жетті. Олардың басым бөлігі – 16 мен 35 жас аралығындағы жастар. Жастардың миграцияға кетуіне жоғары білім алу, шетелдік азаматпен некеге тұру немесе өмір сүруге қолайлы өңірге қоныс аудару, өміріне қауіп төнуіне байланысты басқа жаққа босу сияқты түрлі факторлар әсер етеді.
Бүгінде босқын балаларды қолдау шараларын жүргізіп жатқан БҰҰ Балалар қорының Қазақстандағы өкілі Юрий Оксамитный еліміздегі балалардың 23 пайызын халықаралық мигранттар құрайтынын айтады. Бұл жағдай Қырғыз елінде – 13, Тәжікстан мен Өзбекстанда – 7, Түрікменстанда 4 пайызға тең көрінеді. Қазақстанға көп келетін 20 жасқа толмаған мигранттардың шамамен 40 пайызы – 15-19 жастағы жасөспірімдер болса, 11 пайызы 4 жасқа дейінгі балалар екен. Әрине қажетті құжаттарының болмауы оларды жұмыс берушілердің алдында дәрменсіз етеді. Сондықтан ЮНИСЕФ Үкіметке балаларды көші-қон кезінде қажетті қолдаудан айыратын, өмірлік маңызы бар қызметтерге қол жеткізуіне бөгет жасайтын кедергілерді жоюды, көмекке мұқтаж балаларды, көші-қон үдерістеріндегі және мүмкіндігі шектеулі балаларды қорғауға бағытталған мемлекеттік саясат әзірлеу туралы ұсыныс жасап отыр. Бұл әлжуаз балаларды әлеуметтік қорғау жүйесін жақсарту мен кеңейтуді, оның ішінде қақтығыстар мен экономикалық қиындықтардан жан сауғалауға мәжбүр болған босқындардың балаларына қатысты кемсітушілік пен оқшаулауды, жағымсыз әсерді, бас бостандығынан айыруды, зорлық-зомбылықты болдырмауды көздейді. Аталған міндеттерді шешу мақсатында ЮНИСЕФ, Еуроодақ, БҰҰ Босқындар ісі бойынша жоғарғы басқарма комиссары және Халықаралық көші-қон ұйымы Орталық Азия елдеріндегі миграциялық үдеріске қатысушы балалардың құқығын қорғау жобасын жүзеге асырып, 2021 жылға дейін балаларды өз отбасымен қауыштыру бойынша мемлекетаралық байланыстар мен заңнамаға ұсыныстар енгізбек. Яғни ырқынан тыс мигрант болған балалар қоғамның толық әрі тұрақты мүшесі болуы үшін білім, медицина мен құқықтық қызмет алуына жан-жақты жағдай жасау қарастырылады.
«Орталық Азия елдері орнықты даму мақсатымен көші-қон саясатын дамытуда. Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму стратегиясындағы қатерлердің бірі – демография мәселесі. Осы бойынша Үкіметпен жұмыс істеудеміз. Өңірде бірқатар зерттеу жүргізіп, 10 миллионға жуық адамның көші-қон процесінде екенін анықтадық. Көші-қон жүйесін нығайту және реттеу бойынша байыпты бағдарлама қажет. Оның үстіне мигранттар мен Үкіметтің арасында өзара сенімнің орнауы өте маңызды», дейді Халықаралық көші-қон ұйымы мен БҰҰ-ның Көші-қон агенттігі миссиясының басшысы әрі Орталық Азия бойынша үйлестірушісі Деян Кесерович.
Жуырда елордада «Орталық Азиядағы миграция мен жастар: даму мақсатындағы мүмкіндіктерді пайдалану» атты дөңгелек үстел басында бас қосқан көршілес елдердің ресми өкілдері ішкі және сыртқы миграцияның туындауына себеп болып отырған жағдайларды атаған болатын. Мәселен, Қырғыз Республикасы еңбек және әлеуметтік даму министрінің көмекшісі Айдай Асқарбековтің айтуынша, 6 млн-нан астам халқы бар айыр қалпақты ағайындар елінің еңбек нарығында жастардың жұмыссыздығы алаңдатады. Яғни елдегі экономикалық белсенді халықтың 30 пайызға жуығын ғана жастар құрайды. Қырғыз елінің ұлттық статистикалық комитетінің есебінше, формальды емес секторда жастардың 78 пайызы еңбек етеді. Сондай-ақ еш тіркеусіз Қазақстанда және басқа елдерде жұмыс істеп жатқан қырғыз жастары халықтың экономикалық белсенді бөлігіне жатқызылмайды. Бүгінде Қырғыз елінде ресми жұмыссыздар саны 57 мың болса, оның ішінде 21 мыңын жастар құрап отыр.
Тәжікстанның еңбек, көші-қон және халықты жұмыспен қамту министрлігінің халықтық көші-қон басқармасының басшысы Моеншо Махмадбековтің айтуынша, ел халқы жыл сайын 2,1 пайызға өседі. Бұл бір жағынан экономикалық өсімді қолдауға қажетті адам ресурсын көрсеткенімен, екінші жағынан халықтың жоғары өсімі әлеуметтік сала мен ішкі еңбек нарығында қолдауды қажет етеді. Аталған елден жыл сайын 700 мыңға жуық еңбекке жарамды азамат шетелдерге уақытша жұмыс істеуге шығады. Тәжік мигранттарының басым бөлігін Ресей қабылдайды. Былтыр Қазақстанға 12 мыңнан астам тәжік азаматы екі қолға бір күрек іздеп келген екен. Екі елдің үкіметтері арасында Тәжікстан азаматтарының Қазақстанға келуі мен қазақстандықтардың Тәжікстанға бару тәртібі туралы келісімі бар. Келісімге сәйкес тараптар 30 күнге дейін тіркеуден босатылған, ал тіркеуден соң 60 күнге дейін бола алады. Жалпы алғанда, аталған құжат азаматтарды тіркеу арқылы 90 күнге дейін болу құқығын береді, дейді ол.
Ал Мәскеудегі миграциялық зерттеулер орталығының директоры Дмитрий Полетаев еңбек миграциясы – ұзақ мерзімді стратегия екенін, зерттеу қорытындылары бойынша Ресейге келген орталықазиялық мигранттардың 40 пайызының өз отанында жұмыс тәжірибесі болмағанын, 65 пайызының алғашқы жұмысы біліміне сәйкес келмейтінін, сондықтан 20 пайызы колледждерде, 31 пайызы кәсіптік курстарда қайта оқуға дайын екендігін жеткізді. Сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде жұмысқа орналасу жеңілдетілгенімен, көбінің заңды жұмысқа орналаспайтынын атап өтті. Бұл мигранттар бүгінде ресейліктермен 30 пайызға дейін бәсекеге түсу белдеуінде тұр, ал 60 пайызы жұмысқа орналасуға оңтайлы болуы үшін Ресей азаматтығын алуды қалайды, деді ол.
Жаһандық миграция мәселелері тобының миграция мен жастар жөніндегі есебіне сүйенсек, жас әрі халқы тез өсіп келе жатқан, кедейлік деңгейі жоғары, әсіресе ауылдық жерлерде жұмысқа орналасу мүмкіндіктері шектеулі Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан сияқты елдерде 14 пен 28 жас аралығындағы тұрғындар халықтың үштен бірін құрайды. Олардың басым бөлігі Ресей мен Қазақстанға жұмыс күші ретінде ағылады. Халықаралық көші-қон ұйымының өңірлік бағалауы көрсеткендей, көршілес елдердің Ресейге қайта келуге тыйым салынған тізіміне енген азаматтары баламалы бағыт ретінде Қазақстанды таңдайды. Әрине жас мигранттар үшін бұл кейде жаңа дағдыларды меңгеруге, кәсіптік білім алуға мүмкіндік бергенімен барлығына бірдей бұл бұйыра бермейді. Мектеп бітіре салысымен өзге елге бет алатын мигранттардың көбінің біліктілігі жоқ болғандықтан лас, қауіпті, қорлайтын жұмыстарды атқаруға мәжбүр. Мигрант қыздар көбіне аспаз, даяшы, ыдыс жуушы, тазалықшы сияқты қызмет көрсету саласында жұмыс істейтіндіктен өзін-өзі дамытуға, экономикалық құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге жеткілікті табысы болмайды. Көпшілігінің миграциядан кейін жұмыс табу мен отбасын қамтамасыз етуге қажетті білімі мен дағдысы, жинаған қоры мен жеке мүлкі жоқ. Олар осы және басқа да мәселелерге байланысты үйлеріне оралғаннан кейін де қоғамның қыспағына түседі, көзтүрткі болады.
Сарапшылардың айтуынша, қазір халық өсіміне байланысты тұрғындары қартая бастаған көптеген елге жас мигранттардың келуі инклюзивті экономикалық өсімді қолдауға және алдағы жылдардағы тұрақты дамуға негіз болмақ. Мәселен, Қазақстанның 2012-2016 жылдардың статистикалық жинағының дерегі бойынша, көрші елдерден келетін мигранттар тасқынын Ресейден кейін көп қабылдайтын елімізде 14 пен 28 жас аралығындағы халықтың үлесі 25 пайыздай ғана екенін ескерсек, басқа орталықазиялық елдермен салыстырғанда жастар саны жылдан жылға азайып бара жатқанын байқаймыз. Яғни халықтың жас бөлігін құрауда мигранттар үлесінің артуы алдағы уақытта көші-қон саясатына байыппен қарау керектігін көрсетеді. Халықтың белгілі бір кезеңдегі географиялық жылжуы көші-қон ұғымымен салыстырғанда кең екенін де естен шығармау керек. Өйткені оның әлеуметтік-экономикалық дамудағы рөлі зор. Жалпы, миграцияның қайтымсыз (қоныс аудару), қатынамалы, маусымдық және еңбек пен ішкі көші-қон сияқты түрлері бар. Әрқайсысы әлеуметтік-экономикалық, саяси немесе этносаралық жағдайға байланысты дамитындықтан мемлекет миграциялық саясатты жүргізуде өңірлік тұрғыдан келгені дұрыс. Адамзат тарихындағы миграциялық үрдістер әлемнің демографиялық келбетін қалыптастыруда айтарлықтай рөл атқарды, әлем экономикасының жаһандануына әсер етті. Елдер арасындағы тұрақты байланысқа негізделген, қоғамның тұтастығына әлеуметтік мәдениет арқылы ықпал ететін халықаралық миграцияның жаңа формалары пайда болып жатқан кезеңде жас әрі адам ресурсы аз Қазақстанның нақты шаралар қабылдауы қажет-ақ.
Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан»