Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының бас шені-ау, шамасы. Баспасөз үйі шаңырағының астында жұмыс істейтін журналистер қауымы Балғабек Қыдырбекұлының «Алатау» романы жарық көру қарсаңындағы шырғалаңды өзара сыбырласып айтатын.
Ашаршылық пен отыз жетінші жылдың зобалаңы жайында жазылған тараулары алынып тасталып, басылғалы жатыр деген әңгімені еміс-еміс құлағымыз шалатын. Шығармалары ауыздан-ауызға ілігіп, есімі көп құрметті иеленіп көрмеген соң ба, қайбір алысқа ұзай қоятын дүние дейсіңге ішімізден ұйғарып жүрдік қой, баяғы. Оның үстіне оған жақын-жуық жүріп, дос саналатын адамдардың кейбірінің берген мінез сипаттамасы сыртынан қарағандағы шапшаң да шамдағай кейпіне сәйкесетіндей көрінетін. Қолтаңбасы отызыншы жылдардың сарын-екпінін еске салатын ескілеу дейтін кейбір тұрғыластары. Өзіне деген сүйсініске толы кемшілігін тап басып танып, онысын әуектетіп әкетуге бейім күштер де жеткілікті еді. «Алатауды» оқыдың ба деп ендігінің білгірлерінен сұрай қалсаң – бірден тартып әкетпеген соң тастай салдымға саятын сөз алдыңды кесе көлденеңдеп, оқушылық мейірімді көксегендей біртүрлі күй кешетінің бар. Білгір де білікті дегендердің үкімі мынадай қатал, қалғандарының ой-пікірі белгілі емес пе деп, әрі қарай қаузауға құлқың шаппастан үн-түнсіз қаласың да қоясың. Сол жылдардың дәстүрлі жыл қорытындысында «Алатау» қалай бағаланды екен деп ой сарабына салып көрсең – елең еткізер ерекшелікті тап басып танып, жұртшылыққа жария қылған байыптаулар жадыңда жаңғырықпағанына қарағанда – осы шығарма аса еленбей қалғаннан сау емес. Сол кездің әдеби жиындарының мінбесінен аузы дуалы кісілердің бірі роман жанрына лайықты шолушыны таңдау керектігін ескерткені осындайда еміс-еміс еске оралады. Роман жанрының табиғатына «Алатау» сыйымды ма, қазақ ойына әкелген жаңалығы не деген сұраққа желдірте жауап беру тек әруақ алдында ғана емес, қазақ халқының тағдыры алдында күнәдай сезілетіні несі екен. Академик Серік Қирабаев кезінде бұл шығарма жөнінде көлемді мақала жазып, «Егемен Қазақстанға» жариялағаны есімізде. Қайта құру дәуірінің нышандары әлі сезіле қоймаған, сөйтсе де өзгерістер қарсаңында жарық көрген кітаптың негізгі тараулары алынып тасталған соң жартыкеш кейпі құр сомпиған қаңқадай елестейтін де тұратын. Әдеби қауымның арасында қаламгер туралы өрбіген әрқилы әңгімелердің ізіне түсіп, ақиқатын айыру шарт емес шығар. Аталған дүние ұзамай тұтас басылып, оқушы қолына тигенде ешқандайда шу-шұрқан шықпастан қалыпты жағдайда қабылданды да тынды. Бұл заңдылық па, әлде қасақана назарға ілмеудің белгілі айласы ма, жоқ жазушылық қолтаңбасындағы таптаурын көрінетін желіні таңдағандықтан ескі сарынды еске салды ма, әйтеуір кітап сол жылдардың бестселлеріне айнала алмай қалды. Кейде өмір суреттерін кескіндеуде автор бұрынғының сүрлеуінен шықпастан таныс бейнелерді елестететіні де рас. Оқиғаны тікелей алып кетудің орнына бірінші жақта баяндамастан бұрын әңгіменің түйінін тарқатушы кейіпкердің ашылуына біраз күш жұмсап баққан. Соғыстан кейінгі жылдар ахуалы едәуір сезілсе де, автордың оқиға желісін жеткізудегі темпераменті солғындау. Әлгі бірден тартып әкетпеді дегеннің бар кілтипаны осында. Кейде жазушының талғам түйсігін құп көрмеске амал-айлаң қалмайтындай жағдайды тура осы шығарманың барысынан анық аңғарасың. Сөз кезегі кейіпкерге тиген бетте әңгіме тоқтаусыз ағытыла жөнеледі. Пенделікке салынып басқа эпизодтар, яғни ремаркаларды, тіпті қажетсінбей әрі қарай оқып, аяғынан бір-ақ шыққың келетін ниеттің жетегіне ілесетініңді өзің де байқамайсың. Арасында әңгіме айтушының ағыл-тегіл толғаған публицистикасын да елемеуге айналасың. Өйткені автор қазақ өмірінің жетік білгірі екеніне еріксіз ден қоя бастайсың. Сөздік қорының соншалықты молдығына қарамай, көркемдік жүйесін таба алмай суреткерлік деңгейін едәуір төмендететін жағдай да жоқ емес. Солай бола тұра роман қазақ халқының тағдырындағы қиын кезеңдердің ахуалын дәлдікпен жеткізу жөнінен тірі куәгердің тегеурінін анық сездіреді. Өмірлік материал өрбу желісін қанша кернесе де, шегіністер мен ауысу иірімдерінің мәдениеті баяндау мен түйіндеу сәттерінде драмалық тебіреніс кейіпкердің баяны арқылы жеткізіледі. Міне, бұл жаңа заман оқушысына тым үйреншікті, әлгі ескішіл деген таңба сол себепті аямастан басылатын сияқтанады. Әйтсе де бас кейіпкер сын сағатына ғайыптан пайда бола кететін кездейсоқ пенде емес. Өткен уақыт пен нақ қазіргі шақтың арқауында өрілген оқиға жалшылықтан қайраткерлікке өсудің эволюциясын сақтаған. Ұжымдастырудан ашаршылыққа дейінгі аралықтағы қиян-кескі күрес ахуалын сезіну кезіндегі тұлғалар есімдеріне үңілсеңіз аса үлкен жазушылардың тәуекеліне ұқсаған батылдықты аңғарасыз. Голощекин, Құрамысов, Сейфуллин, Жандосов, Мүсірепов, Ғатаулиннен былай қайраткелік дәрежесі төмендеу кадрлар шоғыры қаншама. Бюро өткізудегі Голощекин бейнесі едәуір көрініп, ұлтты қағытып өтетін мезетіне дейін намысыңа тиетіндей уытты. Қыстың қақаған суығында графиннен су құйып ішетін Құрамысовтың портреті біраз жайға қанықтыра түсетіндей. Осы детальға қарама-қарсы өлкелік партия комитетінің қарсы алдына жиналып, қайыр сұраған және қырылып жатқан қазақтардың ескерілуі де жайдан-жай емес. Романда әулие тұтып, дарыны мен қарымына таңғажайып қалатын кейіпкер Ораз Жандосов. Әйтсе де оны персонажға кіріккендердің бәрі бір ауыздан мақтаса да, іс-әрекет үстінде бетпе-бет келген оның бейнесін сирек ұшыратасың. Негізінде автор басты кейіпкер дәрежесіне көтергісі келген Жандосовты қатты жақсы көретінін әрбір аттаған қадамы сайын сездіріп алады. Бас кейіпкер Абақты қабылдағанда бірталай нәзік жайды қозғап болып, көмекшісін «Бауыржан» деп шақырғанда жап-жас жігіттің кейпін суреттейді. Сөйтсек бұл кәдімгі Бауыржан Момышұлы. Міне, осыған дейін сомдалатын бейнелер тарихилығына әңгіме шертуші кейіпкердің өзі кірісіп, қазылық жасап мінездейтін әр сәті табиғилығын сақтайтыны қызық. Бәлкім мұны Балғабек Қыдырбекұлының жазушылық табысына жатқызуға болатын шығар. Өйткені кейіпкердің ауыз ләмімен айтылып, ұзын сонар суреттелетін қазақ байларының иесіз қалған жасау-жабдықтары нағыз этнографиялық ескерткіштер.
Ашаршылықтың қағынған суығында «Ақсеңгір» елді мекенінен аудан орталығы Қарақыстақ ауылының қамбасынан «Алатау» романында астық алу үшін аттанған жиырма адамның жол бойы басынан өткергендері – қияметтің қыл көпірінен бетер аянышты суреттер. Қатарларында келе жатып өлгендердің психологиялық дәлдігіне иланасың, үзілудің үстінде де адамның адам болып қалу шешімі кісілікті ақырына дейін сақтай алатын қазақ үрдісінің жүрек қозғайтындай ащы шындықтар. Ашқұрсақ жазғандардың сөйтсе де көзбен көріп, көңілге түйгендері тірі куәгер тілімен баяндалған кезде аза бойың қаза болып, жан тоқшылығын медеу тұтатын халге өзіңнен-өзің тап бола бастайтыныңды сезбей де қаласың. Бұлғын тұмақ пен ішік кисе де жер құшқан бір кездегі бай, жалаңаш омырауына жабысып жан тапсырған нәресте мен әйел, түтін шықпай қалған үйлерді аралағанда шибөрілер жеп кеткен өлгендердің жамбастары, етпеттеп жатып су ішпек болып батып кеткеннен былай, азық үшін жолға шыққан жиырманың сегізі ғана тірі қалып, сүйектерді көмуге шама жоқтығы бір пәс назар салып, тізе бастағандағы детальдардың бір парасы ғана. Аштықтан бұратылып келіп кеңсеге кірген бойда нан сұрауға тілі келмей жүріп кеткен бала, жан тоқшылықта құлақшын тігуге сақтап қойған қоян терісін жазатайым жанған отқа түсіріп алғанда «төстік пісіргендей иістен» нәр таба бастағанын арқау ету, бәрі тірі куәгердің аузынан жазылып алынған стенографиялық дәлдікке ие құжаттай. Көркемдік бейнелеудің даралық сәт пен жинақтаушы мәні бар әдістер турасында академик Рымғали Нұрғалиевпен әңгіме қозғалғанда: «Түбі қағаз бетінде жазылған құжаттан асатын ештеңе болмай қалады-ау» деген сөзі ойға орала беретіні бар. Ашаршылық трагедиясының жекелік баянында қарға, ұзақ секілді құстарды тұзақ құрып ұстап, аштан өлмей қалудың шындықтары кез келген шығарманы көтеріп тұруға жарайтын таптырмас тіреуіш. Аштық кеңістігінің жалпағында тап «Алатаудағыдай» ауқымда суреттелуі сөйтсе де сирек құбылыс деп шамалайсың. Астық алу үшін жаяу-жалпылап отыз-қырық шақырым қашықтықтан келгендерге мұрнынан есекқұрты түскен үлестіруші басқа ұлттың өкілі болып шығады. Арып-ашып келген сорлы қазақтарға жүре жауап қатып, қағаздарын дұрыс емес деп қайтарып жіберетін әдетіне ешкім қарсылық көрсете алмайды. Әлгінің бір ауыз сөзін күні-түні қамбаның есігінде күтіп, сол жерде өліп жатқандарды шыбын шаққан құрлы көрмеген қатыгездікке жергілікті басшылардың ара түсе алмау себебін автор алдын ала тәуір ашады. Аштықтың келуінің сәл алдында ғана астық өткізу науқанында халыққа берілетін үлеске тыйым салынып, оны тыңдамай таратқандарды жазалау үдерісін суреттейтін тұстармен танысқан сайын әрбір реформаның қазаққа тигізген залалын сезіне түсесің. Әлеуметтік зердесі сергек Б.Қыдырбекұлының баяндау желісін тұтастықта ұстамай, әрбір ауысымда мүлде басқа кейіпкерлерді лек-легімен қосақтайтыны көркемдік ақауға жата ма, жоқ, осы шығарманың орындалу үстінде таңдаған әдісіне сыйымды ма? Жазылу барысында автор түйсігі жүйрік, сезгірлігі жағынан жаза баспауға тырысады. Жиырмасыншы ғасырдың аяғына дейін өмір сүруге әлеті жеткен қалам иесінің көркем ойдағы ағым біткенге елікпей, төлтумалық қасиетке кіршік қондырмай сақтауының арқасында романның өн бойынан ұлттық жады жаңғырығы көкейге қонымды жетеді. Бұл жағынан қойын кітапқа жарайтындай құндылығы бар дүние. Кейде эпикалық құлашын жазатындай байсалды кейіптеу лезде сөйлеуші тұлғаның тура өмірдегідей үзіп-жұлып басқа арнаға ауыса салатын әдісі шығарманың өн бойынан оғаш көрініп, бұлтиып көзге ұрып тұрмайды. Басқа ұлт өкілі қамбашыны аш-жалаңаш кейіпкер ашумен ұрып-соққанда қалған қазақ оған жалбарына шырқырап ара түседі. Сондағысы астық бермей қоя ма деген қауіп, ақырына дейін шыдап өлуге бар да, қарсылық жасап, қайрат көрсетуге жоқ ұлттық сорлылықтың аянышты ахуалын бейне түрінде де, аһ ұрған публицистика лебінде де жан жүрегіңді жиыра оқуға тура келеді. Қу далада өсіп тұрған шиді түбімен жұлып алғанда ар жағынан шыға келетін ұра – аштықтан аман қалудың айла-шарғысының кереметі.
Балғабек Қыдырбекұлының шығармашылық көзқарасы қазақтың суырыпсалма ақындығының жобасына келетіндей. Бір жазған дүниесіне қайта айналып соғуды әлсіздік санау – шығармашылық ажалмен санаспайтын көзсіз ерлікке барабар. Егер «Алатау» романына әлденеше жолы оралып соғып, желі тартудың машақатын қайта өткергенде бұл шығарма жиырмасыншы ғасыр жетістігінің бірінен саналатын еді. Өйткені отыз жетінші жылдың жазалау үдерісін суреттеу жөнінен бұл туындыға теңесетін дүниені кезіктіру екіталай. Тегінде, жаппай жазалау етек алған кезде арыз айтып, шағым түсіруші пенделердің айы оңынан туғанын кейіпкер әңгіме үстінде ескертіп өтеді. Кеңес Одағы кезінде жиналыстарда мінбеге шығып, басшылықты оңды-солды жау ретінде сынаудың төркіні тым арыда жатқанын аңғаруға болады. Бұл типтік дәрежеге сұранып тұрған бейне ауызекі айтылса да әжептеуір әсерлі. Ең ғажап қалатын жағдай аса көлемді дүниенің құрылымында жинақылығы шамалы олпы-солпылық ұшырасса да, күшпен иіп әкеліп, қолмен қоса салатын, яғни схематизм салқыны атымен жоқ. Әрине тосын шешімге барудың дәлел-иланымдылығы шұғылдау шығатын тұстар жеткілікті. Солай бола тұра оларды есепке алып, кемшілік деп санауды ұмыта бастайсың. Әуелі отыз жетінші жылдың қарсаңындағы ахуалда қауіп пен үрейді сезіндірудің қуат екпіні оқушыны баурап әкетеді. Ұрып-соғып, естен тандырып барып қылмысын мойындатудың шарғысы соншалықты қарапайым, әйтсе де адам ағзасы қайткенде сыр беретінін дәлме-дәл мергендікпен жеткізенін жүрексінбей оқу мүмкін емес. Коммунистік мұратқа адалдық ұстанымынан танбайтын автор жазалаудың жан түршігерлік сипатын суреттегенде қатал реализм иесі. Тергеушілер әр үш сағат сайын ауысым жасап, «халық жауын» үш күн, үш түн бойына нәр сызғызбай тікеден-тік тұрғызып қояды. Зорлық-зомбылықтың өнертапқыштыққа келетін һәм шығармашылық ізденіске ұқсайтын мұншалықты сұмдықтарын бұрын-соңды еш жерден кезіктірмегеніңді еріксіз ойлайсың. Осы уақыттың ішінде су ішкізбей, нәр татқызбай, ұрып-соғып есінен тандырып тастағанның өзінен адам тынығып, бетіне шашқан судың тамшысын жұтынып, тамағын жібітетін мезеттің шындығы мың-сан сұрақтың жауабындай көрінетіні несі екен. Мұншалықты қыспақ үстінде бейнелеудің басқадай әдіс-амалына бой салмаған автор өмірлік материалдың шындықтарын іріктегенде тектіліктен айырылмай ізгілікті іздеп табатыны ризалық сезімге бөлейді. Кей тұстастарының ескілікті сарында жазады деп кінә артқаны айналып келгенде Балғабек Қыдырбекұлының артықшылығы болып жүрмесін. Қиын-қыстау кезеңдерінің әртүрлі ағыс-иірімінде Алқакөл сұламадан да өткен қасірет үстінде ұлттық ұстанымынан айырылмаған қазақ болмысын өзінше ашқан шығармалардың бірі – «Алатау» романы. Ештен де кеш жақсы, оған лайықты құрмет қажет-ау.
Жұмабай ШАШТАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ