Осыдан бір жыл уақыт бұрын Талдықорғандағы пензентханада дүние есігін ашқан сәби мұқым Қазақ елінің қуанышын еселеген болатын. Сөйтіп жетісулық жас мұғалімдер Самат пен Диананың шаңырағын шаттыққа бөлеген бөбек Қазақстанның 18 миллионыншы тұрғыны ретінде тіркелді. Бұл ақжолтай хабар әлемді шарлаған еді.
Бестібаевтар әулеті отбасындағы екінші балаға Муслима деген әдемі ат қойып, ел ағаларынан бата алған...
Муслима жақында 1 жасқа толды. Аяғын апыл-тапыл басқан сәбидің тұсауын кесіп, баба дәстүрімен ырымын жасаған Самат пен Диана ел назарындағы қыздарының желектей жайқалып, еркелеп өсіп жатқанын айтады. Муслиманы туған күнімен арнайы құттықтап барған Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Мәрлен Көлбаев балдырғанның тұсауын кесу құрметіне ие болған екен. Мәрлен де елге сыйлы, өнегелі әке. Жақында оның отбасында сегізінші баласы дүниеге келген-ді. Муслимаға базарлығын ұсынған әкімнің орынбасары сәбидің деніне саулық тілеп, жергілікті билік тарапынан Қазақстанның 18 миллионыншы тұрғынына ерекше қамқорлық көрсетілетінін жеткізді. Айтпақшы былтыр облыс әкімі Амандық Баталов жас отбасына 3 бөлмелі пәтер беретінін айтқан еді. Уәде орындалып, қазір Муслима су жаңа үйде өсіп жатыр.
Муслима балдырғандардың мерекесі – Балаларды қорғау күнін биыл екінші рет қарсы алып отыр. Былтырғыдан биылғы мейрам қызықты болатын түрі бар. Өйткені ол қазір өз аяғымен жүріп, оң-солын танып қалды. Мерекеңмен, Муслима!
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ, «Егемен Қазақстан»
Алматы облысы