• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Президент 01 Маусым, 2018

Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр Отан» партиясының кеңейтілген отырысында бірқатар маңызды мәселеге тоқталды

548 рет
көрсетілді

Бүгін «Нұр Отан» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Оңтүстік Қазақстан облысында 7 жасар баланың зорлануына қатысты оқиға туралы айтты. 

«Мемлекеттік қызметке лайықты адамдардың келуі және лайықты түрде ілгерілетілуі үшін кез келген субъективизмді жою қажет. Мұнан басқаша болмауы тиіс. Жария түрде де айта аламын. Кеше Қауіпсіздік Кеңесінде де айтқан едім. Оңтүстік Қазақстан облысында жоғары сынып оқушылары баланы зорлаған. Соның төңірегінде қандай әуре-сарсаң басталды десеңші. Ешкім таба алмады, дәлелдей алмады. Неге екенін білесіздер ме? Өйткені тізбектің барлық жерінде туған-туыстары отырған: полиция, жоғары орган, одан жоғары органда да туған-туыстар. Барлығы да бұл істі жабуға тырысып бақты", - деді Президент. 

Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев қазақ базарға затын апарып сатып, табыс табуды намыс көретінін айтты. "Біз осы жылдардың ішінде елді, әсіресе қазақты бизнеске үйретіп келе жатырмыз. Қазақ атамыз базарға барып бірдеме сатуды, затын апарып, табыс табуды намыс көреді. Басқа халықтар кәсіпкерлікпен айналысып, баяғыда байып  кеткен. Сондықтан біз үшін бұл қажет. Бір жағынан мемлекеттің тұрақтылығы бизнеске байланысты. Орта шаруа адамдардың өз ісі, үй-жайы, жағдайы болатын болса, онда ол осы мемлекеттің, заңының тұрақты болуын қалайды. Отансүйгіштік содан басталады. "Туған жерін сүйе алмаған, сүйе ала ма туған елін" деген сөз бар", - деді Мемлекет басшысы.

Елбасы бүгінде мемлекет бизнесті дамытып, оған жан-жақты жағдай жасап келе жатқанын, салық көлемін төмендеткенін баса айтты.

"Ішкі жалпы өнімнің жартысын іс адамдары  әкелсін деп отырмыз. Ал соған жетсек, мемлекет тұрақты болады. Талай айтып жүрмін. Дүниедегі төртінші экономика Германия ІЖӨ-сінің 90 пайызын шағын және орта бизнес береді. АҚШ-тың 70-80 пайызын шағын және орта бизнес береді. Кеше біз сараптап қараған кезде оның ауқымы соңғы 2 жылда төмендеп кеткен. Баға төмендеді, өйтті-бүйтті дейді. Оның бизнеске қандай қатысы бар? Мұнайдың, темірдің, көмірдің бағасы төмендесін, алайда бизнестің жұмысы басқа ғой. Бір шаруасы болмай жатса, келесісіне ауысады. Яғни, иілгіш жүйе. Іспен шұғылданатын адам әл-ауқатын жаман деп айта алмайды", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы елімізде білікті мамандардың жоқтығын да баса айтты.

"Мәселе жұмыс орнында емес - маманда. Егер де сен кірпіш қалай алмасаң, құрылысқа барып қалай жұмыс істейсің?! Машина жүргізе алмасаң қалай рөлге отырасың. Бүгінгі мәселе жұмысссыздықта емес - мамандықтың жоқтығында. Нұротандықтардың барлығына айтарым, сол үшін талай нәрсе жасадық. Ең бірінші, мамандықты жастарға мемлекет арқылы ақысыз береміз дедік. Сол қалай жүріп жатқанын "Нұр Отан" партиясы жергілікті жерлерде қарауы керек. Кеше 148 мың бала орта мектепті бітірді. Біршамасы университетке, қалғаны колледжге түседі. Басқасы өз шаруасымен шұғылданады. Соның ішінде қалатындар да бар. Неге қалады? Өйткені, ешқандай мамандығы жоқ. Мүмкін баяғыдай мектептің жоғары сыныптарда еңбекке баулу керек шығар. Ауылдарда ауыл шаруашылығы техникасына, қалаларда басқа мамандықтарға. Сол жағын ойластыруымыз қажет", - деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сондай-ақ Президент Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ әрдайым университеттердің алдыңғы қатарында болуы керектігін айтты. «ҚазҰУ әрдайым нөмірі бірінші болатын. Міне, қазіргі уақытта ол осы биікке сай болуы керек. Кейбір позиция бойынша қалып келеді. Әсіресе, заманауи оқыту, ІТ-технологиялар мен цифрландыру тұрғысында рейтинг жүргізгенімізде, жеке шағын университеттер ҚазҰУ-дан озып кетті. Өкінішті. Сондықтан, сіздің қазір айтып отырғаныңыз өте қанаттандырады. Шынында да, барлығы жоғары оқу орындарынан басталуы керек. Солай ғой. Ректор осы бағытта менде болған. Бүкіл университет үлгі көрсете білуі тиіс. Бағдарламаны қолдаңыздар, ал біз сіздерді қолдайтын боламыз», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Нұрсұлтан Назарбаев барлық мемлекеттік органдардың басшыларын бес әлеуметтік бастаманы орындауға айрықша мән беруге шақырды. Бұл ретте студенттер үшін 75 мың орынға арналған жатақхана нысандарын салу бағытына ерекше екпін қойылды. Мемлекет басшысы елордаға білім алуға келген студенттер тап болатын жағдайға тоқталды.

"Неге менде осындай идея пайда болды? Қаланы аралау кезінде Астана студенттері базардағы лашықтарда тұрып жатқанын көрдім, яғни тек түнеп шығу үшін осындай жерлерге барады. Ондай жерлерде сабақ оқуға немесе жуынуға ешбір жағдай жасалмаған. Сәйкесінше, ол қандай білім алады?  Мұндай жағдай осында ғана емес, сонымен қатар өзге жерлерде болуы мүмкін. Атап айтқанда, елордада ата-анасымен бірге тұратын студенттер бар, сонымен қатар өзге өңірлерден білім алу үшін қалаға келетіндер де аз емес. Сондықтан да білім алу үшін қолайлы жағдайларға қол жеткізу -  біздің жастар үшін үлкен игілік", - деді Нұрсұлтан Назарбаев. Сонымен қатар Президент жазғы кезде студенттердің өздерін құрылысқа тарту керектігін ұсынды. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ерболат Досаевтың сөзіне қарағанда, жатақханаларда 2019 жылы 5 мың орын, 2020 жылы 15 мың жаңа орын пайдалануға беріледі.

Сондай-ақ жиын барысында Елбасы коммерциялық мақсатқа берілетін жер учаскелері туралы ақпараттар ашық болуы керектігіне тоқталды. Отырыс барысында Қызылорда облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов өңірде кәсіпкерге барлық инженерлік желіге бір жерден қосылуға рұқсат алуға мүмкіндік беретін геоақпараттық онлайн-қызмет іске қосылғанын айтты.

"Бұрын кәсіпкерлер техникалық шарттар алу үшін қаланың 4 жерінде орналасқан 4 мекемеге таратын. Содан кейін оған 4 ай уақыт кететін. Қазіргі таңда мұның барлығын онлайн-қызмет арқылы бір жерден үш күннің ішінде алады. Демек, біз кәсіпкердің қаражатын, уақытын үнемдеп отырмыз. Соның арқасында кәсіпкер 4 айда  алатын рұқсатты үш күнде алып жатыр", - деді Жақсылықов.

Осы ретте Мемлекет басшысы мұндай қызметтің еліміздің басқа өңірлерінде бар-жоғын сұрады.

"Соны басқа өңірлердің барлығында неге енгізбеді? Әлде бар ма?  Мінекей, Қызылорда облысында енгізді. Айтып отыр, нақты нәтижесі бар. Барлық облыста қосу керек. Іскер адамдардың сұрайтын ең негізгі мәселесі осы. Жер дегенде барлығы жабысып қалады.  Шешпейді. Анау да, мынау да бергісі келмейді", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Келесі кезекте Ғалымжан Жақсылықов коммерциялық мақсатқа берілетін бос  жер учаскелері туралы ақпарат, сату немесе жалға беру аукциондары, оған қатысу шарттары барлық кәсіпкерлер үшін  қолжетімді әрі ашық болатынын айтты.

"Ашық болуы керек. Қай жерде жер бар? Қалай сатылып жатыр, кімге сатылып жатыр? Неге оған сатылды, басқаға неге берілген жоқ? Бәсекелестік жағдай болды ма, болмады ма? Сонда жемқорлық та  болмайды. Бизнесмен мен шенеунік  арасында қатынас болмайды. Қашаннан бері айтып келеміз. Мұны жалпы шешуге болады ғой. Осы мәселе Қызылордада шешілген бе?", - деп сұрады одан Елбасы. Қызылорда облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры өз кезегінде жылдың соңына дейін бұл бағыттағы барлық жұмыстар онлайн форматқа көшірілетіндігін айтып сендірді. Осы ретте Мемлекет басшысы: «Атамекен» ҰКП-ның басқарма төрағасы Абылай Мырзахметовтен бұл мәселе барлық жерде шешіліп жатыр ма?», деп сұрады. Мырзахметовтің атқарылып жатқан жұмыстар жайындағы есебін тыңдай келе Елбасы: "Сен бәрін мақтай берме. Білеміз ғой. Мәселе тек қана іс адамдарының жер алып, жұмыс істеуінде емес, әрқайсысының шенеуніктің артынан жүруінде. Ал ол келгенін жақсы көріп отырады. Ол бекер келмейді. Барлық пәле сол жерде. Біреу бірдеңеге рұқсат беретін болса, сол рұқсат үшін бірдеңе жасап бер деп отырады. Жемқорлыққа қарсы күрестің негізгі мәселесі шенеунік пен іс адамдарының арасындағы тікелей қарым-қатынасты ажырату керек. Барлық әкімге айтарым осы. Қанша айтып та келеміз. Осыны жөндеу керек", - деп тапсырды Нұрсұлтан Назарбаев.