• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Білім 01 Маусым, 2018

Биыл Назарбаев Университетін 811 түлек тәмамдады

500 рет
көрсетілді

Бүгін Назарбаев Университетінде Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың қатысуымен университет түлектерінің IV оқу бітіру рәсімі өтті.

Биыл аталмыш жоғарғы оқу орнын бакалавриат, магистратура және РҺD бағдарламаларының 811 студенті бітірді. Оның ішінде бакалавриат бағдарламасы бойынша 506 студент, магистратура бойынша 302 түлек және докторантура дәрежесі бойынша 3 студентдиплом алды.

Салтанаттышараға қатысқан Президент Н.Назарбаев жоғарғы оқу орынын тәмамдап отырған түлектерге жүрекжарды лебізін білдірді.

«Бүгінде бұл университетті бітіруші әрбір түлек Қазақстанның әлеуетін арттыруға тың қуат екеніне сенемін. Біз Назарбаев университетін алғаш ашқанда жаһандық технологияның даму жағдайында елді алға бастайтын білікті мамандарды дайындауды мақсат еткен болатынбыз. Сол мақсатымызға бүгін жетіп отырмыз. Білім ордасынан бұған дейін қанат қаққан  800 жас маман  бүгінде Қазақстанда, жер жүзінде, дамыған елдерде сан алуан салада қызмет етіп жүр. Жүздеген түлек әлемнің ең әйгілі оқу орындарында шақырумен білімін жалғастыруда. Осының бәрі университет білімінің ең жоғары сапада екенін көрсетеді. Біз жастарды жылдар бойы, тоқсаныншы жылдардан бері қарай «Болашақ» бағдарламасына қыруар ақша жұмсап, шетелге жіберіп дайындадық. Қазірде дәл сондай жоғарғы деңгейдегі білімді өзіміздің елімізде, Астана төрінде оқытатын мүмкіндік туып отыр», деді Президент Н.Назарбаев.

Түлектердің көпшілігі, атап айтқанда 195 түлек Ғылым және технологиялар мектебі бойынша жоғарғы оқу орынын тәмамдап отыр. Ал, 156 түлек Инженерия мектебінің түлектері.Гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар мектебінің 155 түлегі бакалавриат студенттер. Келесі магистрлік бағдарламалар бойынша Жоғары бизнес мектебінде 64 түлек, Жоғары білім беру мектебінде 46 түлек, Жоғары мемлекеттік саясат мектебінде 48 түлек, Гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар мектебінде 33 түлек, Ғылым және технологиялар мектебінде 23 түлек, Инженерия мектебінде 63 түлек, Медицина мектебінде 25 түлек Назарбаев университетінің дипломына ие болды. Айта кетейік, жоғарыдағы Медицина мектебінің түлектері алғашқы түлектер болып есептеледі.

Ал, докторантура бағдарламасы бойынша Жоғары білім беру мектебінде 3 түлек доктор ЗһD дәрежесін алып отыр. Үлкен сұранысқа ие мамандықтардың ішінде электрлік және электронды инженерия, робот техникасы, биологиялық ғылымдар, саясаттану және халықаралық қатынастар, математика сияқты пәндер.

Бүгінгі таңда университетте тегін білім алатын грант иелерінің саны 4000 адам. Оқуға түсу емтихандарының қорытындылары бойынша ең жоғарғы нәтижеге қол жеткізген талапкерлер Назарбаев университетінде студенттің бүкіл оқу кезеңіндегі шығыстарын өтейтін мемлекеттік білім беру гранты шеңберінде білім алады.

Салтанатты рәсімде университет президенті Шигео Катсу мырза айтып өткендей, Назарбаев университетінің түлектері өз отаныда да, сондай-ақ шетелдерде де сұранысқа ие бәсекеге қабілетті жас мамандар. Өткен жылғы алғашқы докторант түлектерді қоса алғанда, бұған дейінгі үш жылдың түлектері, яғни 1800-ге жуық студент өткен жылы әр түрлі компанияларға табысты жұмысқа орналасқан. «Түлектердің жартысынан көбі бірден жұмысқа орналасады. Олар қаржы қызметтерін көрсету, инженерия, робот техникасы секторларында жұмыс істейді, ірі консалтингтік компанияларға жұмысқа орналасады. Біз көпшілігінің өз бизнесін ашу үрдісін көріп қуанамыз. Біздің студенттеріміз негізінен Қазақстан аумағында жұмыс істейді, ал сыртқа кеткендер өз білімдерін ары қарай жалғастыруды көздейді. Студенттердің бір бөлігі халықаралық компанияларға табысты жұмысқа орналасады», дейді Ш.Катсу.

Салтанатты жиында айтылғандай, бұның алдындағы жылдардың 30-дан астам түлектері Еуропаның, Солтүстік Американың және Азияның еңбек нарығында өз орындарын тапқан. Олардың арасында Google және Microsoft сияқты жетекші ІТ компанияларда, сондай-ақ Силикон алабында жұмысқа орналасқан түлектер бар.

Мирас АСАН,

«Егемен Қазақстан»