Ұлттық кітапханада Жанар Қуандыққызының «Бақытты жанұя» атты бүлдіршіндерге арналған ойын кітапшасының таныстырылымы өтті.
Балалар мерекесінің қарсаңында алғаш жарық көріп отырған кітапша бүлдіршіндердің ой-өрісін қалыптастыруға, кітап оқуға деген ынтасын оятуға ықпал ететіні сөзсіз. «Бүгінде елімізде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында түрлі игі бастамалар қолға алынуда. Осындай сәтте балапандарымыздың болашағы мен ұлттық құндылықтарымыз назардан тыс қалмауы тиіс. Зымыраған уақытпен жарыса өсіп келе жатқан балалардың бүгінде ұялы телефонға тәуелді болып бара жатқаны бәрімізге аян. Осы тұрғыдан алғанда ойын кітапшасы бүлдіршіндерімізді бір сәт болса да танымдық әлемге елітіп әкететіні сөзсіз», - дейді өз ойымен бөліскен кітап авторы Жанар Қуандыққызы.
Кітапша ұлттық нақышта безендіріліп, даналық нақыл сөздермен әрленген. Балалардың бұл кітапшадан жұмбақтар мен жаңылтпаштар оқуына да мол мүмкіндік бар.
Профессор Х.Оспанов, «Аке аманаты» кітабының авторы И.Кемелбеков және «Орхон» баспа үйінің директоры Ж.Айдос бүлдіршіндер әлеміне жол тартқан кітаптың тұсаукесеріне қатысып, сәт-сапар тілесе, теолог-дінтанушы Н.Жарымбеков, танымал журналист С.Әбединова, жазушы-журналист Қ.Әбілқайыр, өнер саласының өкілдері Қ.Шәкіржанов, Ж.Байтеков, Н. Жақсыген, т.б. «Бақытты жанұя» кітабының көптеген отбасылар үшін танымдық мазмұнмен ереклшеленген басылым болатындығына үлкен сенім артып, тілектерін білдірді.
Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ