• RUB:
    5.35
  • USD:
    478.74
  • EUR:
    528.24
Басты сайтқа өту
Аймақтар 05 Маусым, 2018

Солтүстік Қазақстанда композитор Ж.Тұрсынбаевтың шығармашылық кеші өтті

505 рет
көрсетілді

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Жамбыл атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты Жоламан Тұрсынбаевтың «Айналайын, Қызылжар!» шығармашылық кеші өтті.

Онда аймақ басшысының орынбасары Мадияр Қожахмет облыс әкімі  Құмар Ақсақаловтың жылы сезімге толы құттықтау лебізін жеткізіп,  иығына шапан жапты. Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының Алғыс хаты табыс етілді. Қазақстан Композиторлар одағының төрайымы  Балнұр Қыдырбек талант иесінің патриоттық тақырыпқа және лирикаға толы екі қырын айрықша атап өтті.

Сахна шымылдығы Сегіз сері атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі және «Әдемі-ау» халық би ансамблінің сүйемелдеуімен «Елігай» әнінің орындалуымен ашылды. Республикалық байқаулардың лауреаттары  Динара Тауышева, Бақыт Ілиясов, Дәмеш Құрманкина, Асхат Тауышев композитордың «Есілім», «Туған жер», «Ұлбикенің соңғы әні», «Бекет ата-пір ата» әндерін нақышына келтіре орындап берді. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Тұңғыш Президент қорының лауреаты , Қазақ ұлттық өнер университетінің  профессоры Азамат Жылтыркөзов «Меңгесер», «Атырауым-атажұртым», «Айгүлім» әндерін сыйлап, жұртшылықтың құлақ құрышын қандырды. Осы кеште бірқатар жаңа әндердің тұсауы кесілді. Солардың бірі –биыл 125 жылдық мерейтойы атап өтілетін Мағжан Жұмабаевтың «Айдын шалқар көлім-ай», «Қазақ тілі» өлеңдеріне жазылған әндері.

Кеш соңында ұлт жанашырларының бірі Жомарт Омаров өңір кәсіпкерлері атынан «темір тұлпардың»  кілтін тарту етті.

Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан»