Семей қаласына қарасты Қайнар ауылында Асқарбек Сайлауғалиев есімді жас ақын тұрады. Биыл осы ауылдағы Сапарғали Бегалин атындағы орта мектептің 3 сыныбын бітірген ол өзі өлең ғана шығармайды, Абай Құнанбаев, Мұқағали Мақатаев сияқты қазақтың атақты ақындарының жырларын жатқа оқиды.
Семей қаласына қарасты Қайнар ауылында Асқарбек Сайлауғалиев есімді жас ақын тұрады. Биыл осы ауылдағы Сапарғали Бегалин атындағы орта мектептің 3 сыныбын бітірген ол өзі өлең ғана шығармайды, Абай Құнанбаев, Мұқағали Мақатаев сияқты қазақтың атақты ақындарының жырларын жатқа оқиды. Болашағынан зор үміт күттіретін балғын жақында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы негізінде жүзеге асырылған «100 жаңа есім» жобасы аясында жинақталған «OZATTAR» Қазақстан білім саласы үздіктерінің энциклопедиясына еніп, «Қазақстан үміті» төсбелгісімен марапатталыпты.
«Балам ең алғаш 4 жасында Абыралы өңірінің тумасы, қазақтың талантты ақындарының бірі Төлеужан Ысмайыловтың өлеңдерін мәнерлеп оқудан өткен сайыста 1 орын иеленген болатын. Асқарбек негізінен Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін оқығанды жақсы көреді. Жуықта «Қара өлеңнің құлагері» атты ІІ республикалық Мұқағали Мақатаев оқуларында ІІІ орын алып, «Мұқағали мұрагері» төсбелгісінің иегері атанды», - дейді жас ақынның анасы Асылгүл Батырбекова.
Анасының айтуынша, Асқарбек қазір Қайнардағы орталықтандырылған кітапхананың тұрақты оқырмандарының біріне айналыпты. Кітапхана ұжымы өлеңқұмар өренді 2017-2018 оқу жылында «Кітапты ең көп оқитын оқырман» номинациясымен марапаттапты. Тоғыз жастағы ақынның өзімен телефон арқылы сөйлескенімізде кітапханадан Сұлтанмахмұт Торайғыров өлеңдері мен Бейімбет Майлин әңгімелерін оқып жүргенін айтып берді.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
Семей қаласы,
Қайнар ауылы