Маңғыстауда соңғы жылдары ауылды көркейту, ауылды абаттандыру, ауылға білімді жас мамандарды жіберіп, тұрақтандыру жолында қыруар жұмыстар атқарылып келеді. Бүгінгі таңда өңірдің барлық елді мекендері республика көлемінде алғаш болып электр тоғымен, сумен, газбен, байланыс және интернетпен қамтамасыз етілді. Елді мекендердегі әлеуметтік нысандар салуда жүйелі түрде жүруде. Содан болар Маңғыстауда ауылдан қалаға емес, қаладан ауылға қоныс аударушылар қатары көбейіп келеді. Сол ауылдарды одан әрі көркейте түсу үшін кадрлар мәселесін оң шешу жолында бес жылдан бері білімді, талантты, бірақ оқуға жағдайы келе бермейтін ауыл жастарына облыс әкімінің гранты берілуде. Соның негізінде мүжәлсіз отбасының жастары білім алып, ауылдарымыз жас мамандармен толығып отыр. Цифр тілімен айтсақ бес жылда 780 студент облыс әкімінің грантына ие болыпты. Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы қарсаңында солардың 160-ы жоғары оқу орындарын аяқтап дипломмен ауылға оралған. Бұл дегеніміз жастардың қамқоршысы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2009 жылы өмірге келген «Дипломмен – ауылға» жобасының жемісті нәтижесі.
Облыс әкімі Қырымбек Көшербаев «Тәуелсіздіктің жиырма шыңы» ұранымен жұлдызды жиырма күндік мерекелеу шаралары аясында «Шаңырақ» аталымы бойынша «Дипломмен – ауылға» барған облыс әкімі грантының бір топ иегерлерімен кездесті. Онда ел тәуелсіздігінің арқасында алдағы уақытта олардың шаңырақтары шаттыққа бөлінетіндігі айтылды. Яғни, азаматтарымыздың бойында отбасылық құндылықтарды дәріптеуге және оларды жеке тұрғын үймен қамтамасыз ету жолында облыс көлемінде жасалып жатқан жұмыстарға тоқталды. Ауылдық жерлерде құрылыс қарқынды. Мысалы, тәуелсіздік жылдары елімізде ашылған бірден-бір Мұнайлы ауданының жаңа орталығы Батыр селосының, Қарақия ауданындағы Аппақ селосының, Бейнеу ауданындағы Бейнеу селосында құрылыстар жүруде. Оның бәрі болашақ иегері, жастарымыз үшін жасалудағы игіліктер екені айтылды. Одан соң облыс басшысы жас мамандарды Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығымен құттықтап, ескерткіш сыйлықтар тапсырды. Өз кезегінде кездесуге келген жастар өздеріне жасалған қамқорлық пен көмек, ата-аналарына сыйланған зор қуаныштың тәуелсіздіктің тартуы екендігін әңгімеледі. Осындай шат өмір үшін тәуелсіз қазақ елінің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа, облыс басшысына алғыс сезімдерін білдіріп, алтын бесігіміз ауылды көркейту жолында күш-жігер жұмсайтындықтарын жеткізді.
Жоламан БОШАЛАҚ,
Ақтау.