• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
13 Желтоқсан, 2011

Сазгердің сырлы әлемі

540 рет
көрсетілді

Айгүл Досмағамбетова тұлымшағы желбіреген күннен өнерге құмар болып өсті. Мектеп қабыр­ғасында оқып жүргенде музыкалық студияда фортепьяно класы бойынша білім алды. Бағдарламадан тыс музыкалық үйір­мелерге қатыса жүріп, қолы қалт еткен сәттерде пианино кабинетіне қарай тұра жүгіретін. Оңашада музыка әлемінің небір тұңғиық сырларына беріліп, ой саяхатын кешкенді ұнататын. Сондай сәттерде бойын әлдебір сезім шарпып, тыным бермейтін. Сөйтсе, шабыт ұшқын­дары екен ғой. Мектеп бітірген соң көп ойланған жоқ. Бірден П.И.Чайковский атындағы музыка­лық колледжге тартты. Сосын Құрман­ғазы атындағы Алматы мемлекеттік кон­сер­ваториясының хор дирижері класын бітірді. Базарғали Жаманбаев, Анатолий Молодов, Виталий Орленин, Тамара Алибакиева, Қорлан Мусина секілді білікті профессорлар мен кәсіби мамандардан тәлім алып, домбыраның қос шегі іспеттес теориялық білім мен тәжірибеге қатар шыңдалып шықты. Содан бері өмірі жас балғындардан ажы­раған емес. Алға қойған арман-мақсат адамға бірден жеткізе қою­шы ма еді. Алыстан мұнарланған алдамшы сағым құсап, оның бұралаң жолдары көп болатынын Айгүл алғаш­қыда албырт­тықпен байқамапты. Алма­­тыдағы жылы тұрағын отбасымен Көкше­тау қаласына айырбастап, тәуекелге бел бууы сондықтан еді. Теріскейдегі жер жаннатына келіп еді, екінші тынысы ашы­лып сала бергендей болды. Халқы­мыздың баға жетпес асыл мұраларын насихаттау, салт-дәстүрле­рі­мізді жан-жақты дәріптеу шараларына белсене кірісіп кетті. Жеткіншектерге арнап әндер жазып, өңдеп, бірнеше диск жина­ғын шығарып үлгерді. Қызығы мен шыжығы қатар жүретін тынымсыз еңбектің қадір-қасиетін ұғын­ғанға не жетсін! «Звоночек» балалар бақшасындағы жас қайыңдай желкілдеп өсіп келе жатқан бір топ бүлдіршіндердің басын қосып, домбыра тобын ұйымдас­тырған болатын. Сол кездегі көңілдегі қобалжуды айтып жеткізу қиын. Небір секемшіл ойлар көңіл түкпіріне қамалып, жанын жегідей жеген күндер құрсаулап алды. Қалалық байқауда оның жетекшілігіндегі домбырашылар бірінші орынды жеңіп алғанда сенер-сенбесін білмей қатты толқығаны рас. Іле-шала ол бап­таған гуманитарлық-техникалық лицейдің ұл-қыздарынан құралған домбырашылар ансамблі «Қазағымның үні сенсің, дом­быра!» атты конкурста лауреат атанғанда бойында өзіне деген үлкен сенім орнықты. Маңдай тердің өтеуі деген осы! Қуаныш құшағынан айыға алмай жүр­генде Астана қаласындағы №1 музыкалық балалар мектебінен алғыс хат алды. Онда оның басқаруындағы «Өлең» музыка-баспа студиясына жылы лебіз арналған екен. Жеткіншектерді өнерге баулып, авторлық әндер жазғаны, өңдеп, жинақ шығарғаны үшін шығармашылық сәттілік тілепті. «Жақсы сөз – жарым ырыс», деген. Танып-білмейтін ұжымның өзіне жолдаған ыстық ықыласы қанат бітірді. Айгүлге жеке студия ашу оңай болған жоқ.Талай қиындықтарға кезікті. Алғаш­қы кездері дыбысты жазып, өңдейтін техникалық құрал-жабдықтар оңайлықпен таптыра қоймады. Бірақ қайсар мінезі, алға қойған мақсаткерлігі арқасында кесе-көлденең тұрған кедергілерді жеңіп шықты. Бүгінде студияның ән дискілеріне сұраныс өте көп. Балабақшалардан, мектептерден тапсырыс үзбей түсіп жатады. Ол қазір әнмен қоса домбыра класына да сабақ береді. Осы үшін филармониядан және қазақ музыкалық комедия театрынан жұмыстан шығып, балабақша мен мектепке орналасты. Оның бала кезгі арманы осылай орындалды. Жас бүлдіршіндерді қазақтың қасиетті домбырасының тылсым сырына баулу үшін өзі де тартуды бір кісідей меңгеріп алды. Айгүл Қайыржанқызы өзінің педаго­гика­лық қызметінде әркез шетелдік озық тәжірибелерге де сүйеніп отырады. Мәсе­лен, Мария Монтессоридің алдымен жазу, сосын оқу деген үлгісіне ден қойса, Вальдорфтың шығармашылық еркіндігі қатты қызықты­рады. Ал, Селестена Фре­ненің балаларға үлкендерше қарау, өзара қарым-қатынастағы сыйласымдылық ұс­та­нымы тәнті етеді. Осындай үлгі алар­лық тағылымдарды ой еле­гінен өткізе келіп, өзінің жеке тәжіри­бесінде шығарма­шылық, ойлау дағдысын қалыптастыруға күш салады. Сазгерлік оның бойына бақ болып қонған. Соңғы кездері дискілерді мемлекеттік тілде шығаруды үрдіске айналдыра бастады. Ол құрастырған дискілер мен әндердің балабақша ертеңгіліктерінде, түр­лі концерттерде шырқалмаған кезі жоқ. Театрландырылған ертегілер жазыл­ған дискілермен тұтас дыбыстық спектакльдер шығару да өз жемісін беріп келеді. Мәселен, таяуда «Тыңдаймыз, сурет саламыз, ойлау­ды дамытамыз» сериясы аясында оның қазақ ертегісінің желісімен жасаған «Бота­қан» дискісі бүлдіршіндер қолына тиді. Қазір студия қызметкерлері Айгүлдің жетекшілігімен жаңажылдық диск әзір­леуге кірісіп кеткен. Ол инновациялық технология негізінде жасалып, «Әлемдік клас­сиканың бейнеколлекциясы» деген сериалмен тара­латын болады. Онда қазақ, орыс және шетел музыкаларының анто­логиясы топтасты­рылып, жергілікті ком­позитор­лардың әндері мен орындаушы­ларына басымдық беріледі. Айгүл Досмағамбетова 3D форматтағы жаңа мультфильмдер түсіру қажет деп санайды. Ол өзінің аудиертегілерге ән жазу тә­жірибесіне сүйене оты­рып мультфильм жасаушылармен тығыз әріптес­тік байланыс орнатқан. Осылайша, сазгердің сырлы әлемі өнердің небір түрлерімен тоғысып, бүгінгі уақыт ты­нысын бейнелеп жатқаны анық аңғарылады. Өмір ЕСҚАЛИ, Көкшетау.
Соңғы жаңалықтар