Осыдан он жыл бұрын елорданың алғашқы мерейлі датасы дүбірлеген тоймен аталып өткені әлі есімізде. Төр қаланың туған күнінде аты аңызға айналған үш тенордың бірі – Пласидо Доминго Тәуелсіздік сарайында концерт берген-ді.
Оған дейін қаптаған поп-жұлдыздарды айтпағанда, Монсеррат Кабалье, Дмитрий Хворостовский сынды классикалық музыканың майталмандары да Астананың аспанын талай мәрте әнге бөлеген. Дегенмен, ұлы испан әншісінің концерті ерекше өтті, қала халқы көпке дейін қала күнін Пласидо Домингоның есімімен байланыстырып жүрді.
Біз бұл жолы Домингоның концерті емес, концерт алдындағы баспасөз мәслихаты туралы, дәлірек айтқанда, бір сауалға берген жауабы туралы айтқымыз келіп отыр. Тенор Тәуелсіздік сарайының табалдырығынан аттамастан бір сағат бұрын ұйымдастырушылар журналистерді аты мәшһүр мейманның алдында ұялы телефондардың дыбысын өшіру, сұхбат кезінде фотоаппараттардың жарқылын бәсеңдету, әншіге бес қадам жерде сызылған қызыл сызықтан аттап кетпеу... деген сынды бұрыннан белгілі ережелерді бірнеше рет қайталап түсіндірді. Маэстроның атақ-даңқы соған мәжбүрлесе керек.
Сонымен сеньор Доминго межеленген уақыттан бір минут та кешікпей мәслихатқа келіп жетті. Қарапайым қалпынан танбай, журналистермен емен-жарқын есендесіп, сұрақтарға жан-жақты жауап беруге көшті. Астана күнімен құттықтауды да ұмытқан жоқ.
Осы кездесуде әріптестеріміздің бірі аты аңызға айналған әншіден поп-музыкаға қатысты пікірін сұраған. Шыны керек, классикалық музыка тарландарының эстрада әшекейлерінің өнерін жоққа шығарып, іске алғысыз етіп тастайтынына бұрын жиі куә болып жүргенбіз. Ал Домингоның сөзінен ондай астамшылықты байқамадық. Керісінше, өнерге шын берілген адамдардың еңбегіне ерекше құрметпен қарайтыны сезіліп тұрды. – Мен «Битлз», Мадонна, «U2» сияқты ұлы әншілер мен топтардың өнеріне ғашық жандарға түсіністікпен қараймын. Себебі олар шын мәнісінде талантты әртістер. Бүгін бар, ертең жоқ әншілерді мен танып үлгермеуім мүмкін. Ал ұзақ жыл бойы көрермен көңілін жаулап келген адамдарға құрметпен қараймын,– деді ол.
Поп-музыканың королі Майкл Джексонға қатысты көзқарасы да ерекше екен.
– Майкл Джексон – поп-музыкадағы ең ұлы әртістердің бірі. Оның дауысы өте жақсы болатын. Ал сахнадағы шебер қимылын енді ешкім қайталай алмайтын шығар. Ол ғажап билейтін. Меніңше, Майкл Джексонды Рудольф Нуриев, Михаил Барышников сияқты ұлы бишілермен бір қатарға қоюға әбден болады. Сөз жоқ, ол ерекше дарынды адам еді,– деді поп-музыка королінің талантына таңғалысын жасыра алмай.
Баспасөз мәслихатынан кейін Домингоның кішіпейіл жауабына журналистер риза болысып жатқанын байқадық.
Виртуоз скрипкашы, әлемнің ең әйгілі сарайларында концерт берген, ең атақты дыбыс жазу студияларында классикалық туындыларды жазуға оркестрге дирижерлік жасаған жерлесіміз Марат Бисенғалиевтен ертеректе сұхбат алғанымыз бар. Скрипкашының қызы Арухан әкесінің жолын қуып музыкант болғанымен, басқа жанрды таңдапты. Джаз жанрындағы жеке ән дискін де шығарған.
– Әр адам жүрегі қалаған іспен шұғылданғанда ғана жоғары нәтижеге қол жеткізеді. Аруханның таңдаған бағытына дұрыс қараймын. Жалпы, джаз, поп, хип-хоп сынды жанрындағы музыканттардың қай-қайсысына құрметпен қараймын, сапалы туындыларды сүйсініп тыңдаймын,– дейді Марат Бисенғалиев.
Жалпы, дүние жүзінде жұртшылық қызыға талқылайтын тренд тақырыптардың көпшілігі шоу-бизнестің төңірегінен өрбитіні мәлім. Басқа елдердегі үдерістерді тез үйренетін біздің халыққа да бұл әдет жұққанына талай жылдың жүзі болды. Кейде көргені көп, түйгені мол дейтін аға буын әншілеріміздің арасында, танымал эстрада әншілерін жоққа шығарып, сынап-мінеп жататындар кездесіп қалады. Сынның мәдениетті тілмей, берік аргументке сүйеніп айтылуы шарт емес. Ол айтты – бітті, себебі, классикалық өнердің өкілі. Сөйтіп «хайптың» көрігі қызып сала береді дейсіз. Атақты әншіге әлгі жас әншінің өзі немесе продюсері жауап береді, оған екі тараптың «фанаттары» араласады, қып-қызыл дау-дамай біразға дейін толастамайды.
Сондайда еске ұлы әнші Пласидо Домингоның, виртуоз скрипкашы Марат Бисенғалиевтің жоғарыдағы пікірлері ойға оралады. Кейде көпшілікке өрелі ой айтып, дұрыс бағыт нұсқау үшін талантты болу, атақты болу аздық ететін сияқты. Талантты тұлғаның бойынан тәрбие, талғам, төзімділік деген қасиеттердің де табылғанына не жетсін!..
Арнұр АСҚАР, «Егемен Қазақстан»