Алматыдағы «Ғылым ордасы» ғимаратының Орталық ғылыми кітапханасында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты және Ұлттық аударма бюросының ұйытқы болуымен «Әлеуметтану: жаңа ұрпаққа жаңа оқулықтар» атты дөңгелек үстел ұйымдастырылды.
Бүгінде Ұлттық аударма бюросы дайындаған 18 оқулық барлық ЖОО кітапханаларына таратылды. Оның екеуі әлеуметтану бойынша әзірленген оқулықтар, атап айтқанда, әлемдік әлеуметтану ғылымының ең беделді өкілі Джордж Рицердің «Әлеуметтану теориясы» және америкалық әлеуметтанушы Дэвид Бринкерхофтың «Әлеуметтану негіздері» деп аталатын оқулықтарына білім шаңырақтарындағы ұстаздар мен студенттер қазірдің өзінде қызығушылық танытып, мазмұнымен танысуды бастап кетті. Биылғы жылдың 1 қыркүйегінен бастап білім беру процесіне енгізілгелі отырған алғашқы 18 оқулықтың сапасы мен салмағына байланысты әлеуметтану ғылымы мамандарының нақты ұсыныстарын тыңдап, талқылау үшін арнайы ұйымдастырылған басқосу бірқатар дәйекті пайым-көзқарастардың алаңы болуымен назар аудартты.
Басқосу мақсаты – әлеуметтану бойынша жаңа оқулықтарды білім беру процесіне енгізу жайын талқылау және соған байланысты ой тұжыру. Жиынды жүргізген әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің әлеуметтік даму жөніндегі проректоры, әлеуметтану ғылымдарының докторы Шолпан Жаманбалаева, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ әлеуметтік-экономикалық зерттеулер орталығының жетекшісі Ләззат Нұрқатова алғашқы оқулықтар қатарында қазақ тіліне тұңғыш рет аударылып, қазақстандық әлеуметтану ғылымының кітап қорын толықтырған қос оқулықтың жеке тұлғаның кәсіби дамуында алатын рөлін ерекше атап өтті. Қоғамдағы өзекті мәселелерді классикалық және қазіргі көзқарастарды ұштастыра отырып талдаған бұл еңбектердің Қазақстанда жаңадан қанат жайып келе жатқан жас ғылым саласы болып саналатын әлеуметтану әлеуетін көтеріп, өркендетудегі маңызы да өз алдына бір төбе жетістік.
Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынып, мемлекеттік бағдарламаға айналдырылып, қоғамға тарту жасап отырған жобаға жетекшілік етіп, жаңалығы мол әдебиеттерді тәржімалау ісіне мамандарды жұмылдырып отырған Ұлттық аударма бюросының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы «100 жаңа оқулық» жобасы төңірегінде жасалып жатқан жұмысқа жан-жақты тоқталды. «Бүгінгі әңгіме оқулықтардың мазмұнына үңілуден туып отыр. Шын мәнінде, Орталықтан әзірленген оқулықтар қазіргі қазақстандық білім беру жүйесіне, ғылымдағы жас буын мамандарды қалыптастырудағы оның ерекше маңыздылығына, бүгінгідей өте жылдам жүріп жатқан қоғамдағы өзгерістерге тек әлеуметтанушылар ғана емес, басқа салада білім алып жатқан жас мамандар да тереңірек үңіліп, олардың жеке адам ретінде, маман ретінде қалыптасуына көмектесетін құралдар болса екен деп ойладық. Сол себепті оқулықтарды іріктеп, таңдаған кезде мамандардың басын қосып, кең талқылау жүргізген болатынбыз. Сол кеңесу кезінде жоғары оқу орындарының мамандары 800-ге тарта оқулыққа ұсыныс берген еді. Соның ішінде әлеуметтанушылар кәсіпке керек кітаптардың ішінен сұрыптап, екшеп, бүгін жарыққа шығып отырған осы екі оқулықты атаған болатын», деді Рауан Кенжеханұлы.
Оқулықтардың ғылыми салмағын, әдістемелік мәселесін сөз етіп, дөңгелек үстел басында ортаға салынған тақырыпты егжей-тегжейлі талқылаған жоғары оқу орындарының оқытушылары, әлеуметтанушы ғалымдар білім бағытында басталған іргелі жұмыстың келешекте де әрі қарай да жалғасын табуы керегін баса айтты.
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ