Жас ақын әрі аудармашы, республикалық қоғамдық-саяси «Президент және халық» газетінің тілшісі Бауыржан Сегізбаев құрастырған «Кемеңгер келбеті» атты антологиялық жинақтың тұсаукесер рәсімі өткізілді. Онда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың елі мен халқына қызметі жан-жақты ашып көрсетілген.
Қазақстан Тәуелсіздігіне 20 жыл толуы мерейлі мерекесі қарсаңында көптеген жаңа өндіріс орындары мен ғимараттар бой көтеруде. Мұның барлығы да Елбасының сарабдал саясатының арқасында жүзеге асып жатқан шаруалар. «Кемеңгер келбеті» кітабы арқылы Тәуелсіздік пен Елбасының еліміздің өркендеуіне қосқан сүбелі үлесін жан-жақты ашып көрсету мақсаты қойылған. Ол сәтті шыққан. Б.Сегізбаев өзінің бұл жинағына әр түрлі басылымдарда жарық көрген Қадыр Мырза Әли мен Тұманбай Молдағалиев бастаған арқалы ақындардан бастап жас ақын Жамбыл Дүйсеновтің өлеңдерін кіргізіпті. Сондай-ақ жинақта Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жайлы елге танымал сазгерлердің, күйшілердің ноталары да топтастырылып отыр екен.
Антологиялық жинақ жастарды патриотизмге, отансүйгіштікке тәрбиелейді. Кітап көпшілік оқырманға арналғанымен, әсіресе, оның мектеп оқушыларына да берері мол. Қазақстан мен Елбасы егіз ұғым болып кеткендіктен, аға ұрпақтың көрнекті өкілдерінің пікірлері де қоса беріліпті.
Жинақ екі тараудан тұрады. «Жүрекжарды жыр» деген бірінші тарауға, аты айтып тұрғандай, жыр мен өлеңдер және поэмалар топтастырылса, «Әуелеген ән – күмбірлеген күй» атты екінші тарауда Елбасының көркем келбеті әсем ән мен күмбірлеген күй арқылы әрленген. Жинақ осынысымен де құнды саналады. Мұны жастардың ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына сыйлаған тартуы деп те қарауға болар.
«Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы Нұрлан Өтешев тұсаукесер рәсімінде өзінің өзекжарды пікірін ортаға салды. «Біз Елбасын мақтамаймыз, біз онымен мақтанамыз. Қазіргі кезде осындай кітаптар ауадай қажет. Тек жастарға ғана емес, мектеп оқушыларына да ірі тарихи тұлға туралы көптеген мағлұматтар беруіміз қажет», деді Н.Өтешев.
Кітаптың тұсаукесеріне арнайы келіп қатысқан жастар жағы бұл лебізге кәдімгідей желпініп қалды. Осы ретте Нұрлан Өтешев дипломмен ауылға кеткен жастардың Астанада басын қосып, арнайы марапаттағандарын айтты. Ол сол жастардың 90 пайызынан астамы мұғалім екенін, егер осы кітапты оларға әдісдемелік құрал ретінде тапсырса орынды болар деген тілегін де ескерте кетті.
Аталған шараның өтуіне Журналистер одағының Астана қалалық бөлімшесі мен «Жас Отан» жастар қанаты мұрындық болғандығын айта кету керек. 300 беттен тұратын кітаптың жалпы таралымы 5 мың дана.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.