• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
13 Желтоқсан, 2011

«Әлеуметтік қолайлылық аралы»

436 рет
көрсетілді

«Көкшетау минералды сулары» акционерлік қоғамын жергілікті тұрғындар осылай атайды Жемісті 20 жыл Біздің кәсіпорнымыз Қазақстан тәуелсіздігі жарияланған 1991 жылы құрылғанын мақтан етеміз. Оның қайнар бастауында көкшелік азамат, жергілікті бизнес майталмандарының бірі Асқар Қазынабиұлы Әлиевтің тұрғанын жерлестеріміз зор құрмет санайды. Жас геолог жігіттер күрмеуі қиын кезеңде солтүстік өңірде бұрын болып көрмеген сусын өндірісін қолға алғаны ерлікке татитын құбылыс десек те болады. Геологиялық зерттеулердің нәтижесінде Қошқарбай және Бурабай қойнауынан бағалы қайнарлар табылып, алдымен «Құлагер Арасан», 1996 жылы «Тұран» сулары шығарыла бастады. Алкогольді өнімдер қатары да молая түсті. Зауытқа мыңнан астам адам жұмысқа тартылып, олардың табысы да толығу үстінде. Кәсіпорынның қуаттануы бәсекелестік арнасындағы нарық қатынастарын кеңітті. Біздің маркетинг және өнімді тарату қызметінің ізденістері нәтижесінде 2001-2007 жылдар аралығында Астана, Қостанай, Петропавл, Алматы, Павлодар, Екібастұз, Семей және Өскемен қалаларында филиалдарымыз бен өкілдіктеріміз ашылды. Қазіргі күні еліміздің солтүстік орталық аумағында 10 филиалымыз, Батыс және Оңтүстік Қазақстанда 9 дистрибьютерлік жүйеміз, сондай-ақ, көршілес Ресейде сауда өкілдігіміз жұмыс істеуде. Акционерлік қоғам соңғы төрт жылда техникалық және технологиялық жаңғыртуларға айрықша ден қоюда. Зауытымыздың өндірістік алаңдары елеулі ұлғайып, автоматты жүйе қалыптасты. Зертханаларымыз заманалық құралдармен жабдықталған. Осының нәтижесінде тұтынушыларымызға өнімдеріміздің жүзден астам түрін ұсынып отырмыз. Зауытта өнімдер бес желілік сипатқа біріктірілген. Әсіресе, Германияның «Krones» фирмасының алкогольсіз сусындар құю жүйесі ортақ мақтанышымыз саналады. Ол сағатына 12 мың шөлмек шығаратын қуатқа ие. Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде, небары 10 айлық рекордтық мерзімде, биылғы шілде айында пайдалануға берілген желі жетістіктерімізге серпін бергені айқын. Сондай-ақ, осы жоба аясында Қазақстанда бірінші болып суды микробиологиялық сүзгіден өткізетін «Pall» қондырғысы орнатылғанын айта кетуіміз жөн. Жалпы, зауытымыздың жылына 45 миллион литр алкогольсіз және 1,5 миллион спиртті өнімдер шығаратынын ескерсек, экономикалық-әлеуметтік жетістіктер резервінің кеңдігін аңғаруға болады. Бұл өндірісті нығайтуға 880 миллион теңге инвестициялық қаржы салынғанының арқасы деуіміз керек. Түпкі қайтарым да көңілдегідей. Жыл сайын 9 миллиард теңгенің өнімін сауда айналымына түсіретін кәсіпорын жыл ішінде 2,5 миллиард теңгені салық түрінде аударып отыр. Осынау іргелі көрсеткіштеріміз «Көкшетау минералды сулары» акционерлік қоғамының нық қадамдарын айқындайды. Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы онымен құрдас кәсіпорынға көптеген міндеттер мен жауапкершілік жүктейтінін түсінеміз. Сондықтан, ынтымақты ұжымымыз ел мерейін еселеу жолында екпінді істерімен таныла беретіні сөзсіз. Көк байрақты еліміздің басты мерекесі құтты болсын, қадірлі отандастар! Александр САМОЙЛОВ, «Көкшетау минералды сулары» АҚ  президенті.   Мақсат – тіршілікті  шырайландыру Қаламызда жұртшылық “әлеуметтік қолайлылық аралы” атап кеткен кәсіпорын бар. Ол – “Көкшетау минералды сулары” акционерлік қоғамы дер едік. Мәселе түпкі нәтижеде десек, соның бір маңызды тармағы – әлеуметтік тұрпаттағы кәсіпорынның адамдар тіршілігін шырай­лан­дыру­дағы оң қадамдарынан көрініс береді. Республикамызда әлеу­меттік-кәсіпкерлік корпорациялар туралы пікір пісіп-жетіліп, Елбасы Жолдауындағы басты міндетке айналса, көкшелік кәсіпорын бұл бағытты өзі құрылған 1991 жылдан бері ұстанып келеді десек, еш артықшылығы жоқ. Осындағы 1000 адамның бір бауырға айналып, кәсіпорынның отызға жуық халықаралық дипломды жеңіп алуы, Елбасымыздың ұжымдағы жақсы ұмтылыстарға тәнті болуы сөзіміздің дәлелі іспетті. АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Асқар Әлиев кәсіпкерлік қозғалыстағы табыс жиынтығы қарапайым қағидаттарды сақтаудан құралатындығын айтады. Мәселен, үш шарт мүлтіксіз орындалуы тиіс. Тек қана сапалы өнім шығару, екіншіден, салық пен басқа да өтемдерді төлеу тәртібін қатаң сақтау, осы арқы­лы мемлекетті қолдау, үшіншіден, өндірістік мүлік пен жабдықтарды мұқият ұстаумен бірге, еңбек ұжымына әлеуметтік көмек көрсетіп, қамқорлық аясын кеңіту. Нарықтық қатынастарды нығайтып, бизнес әлемін ажарландырудың бұдан басқа кілті жоқ. Мәселен, 2005 жылы кәсіпорынның әлеуметтік пакеті 40 миллион теңгені құраса, биыл бұл екі еседен асты. Оның үстіне, Елбасының халықтың әл-ауқатын көтеруге қатысты бастамалары бірден қолдау тауып жататыны қуантады. Сәбилі болған аналар 25 мың теңге көлемінде бір мезеттік көмек ала бастады. Бұған қосымша, оларға 10 ай бойына орташа еңбекақы көрсеткішімен өтемақы төленіп келеді. Сондай-ақ, кәсіпорын мүшелерінің әйелдері мұнда жұмыс істемесе де, ерлерге бір мезеттік материалдық көмек жасалады. Бұл ұрпақ өсірудегі әкенің абыройын көтеретіні анық. “Көкшетау минералды сулары” ЖШС іске асырып жатқан әлеуметтік шаралар 20 тармақтан тұрады. Жұмысшылардың тұрғын үй сатып алуына былтыр пайызсыз несиелер бөлінгені үлгі аларлық жәрдем. Ұжымда үзбей жеті жыл жұмыс істесеңіз болды, қосымша игіліктерді пайдаланасыз. Мұның өзі, көп жердегідей, ардагер ұғымын шау тартқан шақта еске алу қасаңдығын жояды, тәрбиелік маңызы да бір төбе. Серіктестік қаланың автобус қатынамайтын шалғай түкпірінде орналасқан. Мұны да кезінде жалынды жастарға қолдау көрсетпеген шенеуніктік кедергілердің салдары деп санаған жөн. Бірақ, мұнда жұмыс қолына зәрулік болған емес. Конкурспен іріктеп алады. Қазір шетелдік қолайлы автобустармен кетіп бара жатқан жүзі жайдары жандарға бәріміз қызыға қараймыз. Тамақ та тегін. Дастарханнан жыл бойы көкөніс үзілмейді. Өздерінің көкөніс өсіретін жылыжай­лары бар. Оның үстіне, жекелеген цехтардың жұмысшыларына ар­найы тағам беріледі. Бұған жыл ішінде бірнеше миллион теңге қаражат жұмсалыпты. Ұжым мүшелерінің алаңсыз еңбегі отбасындағы жылышырайлы моральдық жайлылықпен қатар, өндірістік серпін әкелетіні белгілі. Асқар Қазынабиұлы болашақты білімді жастар жайнататынын жиі айтады. Сондықтан, әріптестерінің балабақшалар мен мектептердегі балаларының мінез-құлқы, сабақ үлгеріміне дейін хабар алып отыратын дәстүрге қызығасың. Бұл енді ақшалай көмекпен жалғасып келе жатқаны түсінікті. Өткен жылы ғана серіктестік Қазақстан мен Ресейдің жоғары оқу орындарында дәріс алатын студенттерге екі миллион теңге көлемінде қолдау жасаса, сырттай оқитындарға жарты мил­лион теңгелік көмек көрсетті. Бұған қосып айтарымыз, тір­ші­ліктің кедір-бұдыр тұстарында жұмысшыларға 5 миллион теңгенің материалдық көмегі көрсетілсе, өздеріне бекітілген зейнеткерлерге 7,2 миллион теңгенің демеушілік қаражаты жаратылды. Әрбір кәсіп­орын жыл ішінде осыншалықты қайырымды құшағын аша берсе қане, шіркін! Бұл ЖШС ұжымының әрқайсысына шаққанда орташа еңбекақының айына 99 мың теңгеден айналып тұрғандағы жағдай. Әрине, АҚ қайырымдылық құрылым емес, бірақ, қажет жағдайда демеушілік қолын созу өмірлік қағидат құндылығы. Қалалықтардан жолданып жататын алғыс хаттар көптігі де осыдан. Жалпы, көңілді шынайы тұрғыдағы нарықтық құрылымдар өз арбасын өзі сүйрейтін жағдайға жетіп қана қоймай, мемлекеттің тірегіне айналып отырғандығы қуантады. Әріптестер лебізі Антон МОР, «Новосібір Экран зауыты» ААҚ-тың коммерциялық директоры: – Экономиканың дамуымен қатар нарық талабындағы бәсекелестік те  өсе түсетіні баршаға мәлім. Бұл орайда көп жылдардан бергі тұрақты да сенімді әріптесіміз «Көкшетау минералды сулары» (КМВ) акционерлік қоғамы үнемі алда келе жатқаны біздің де абыройымызды көтеріп отырғанын айтқым келеді. Біз талғамы биік тұтынушыларға қызмет етеміз. Тауарды ұсынудағы маңызды талаптың бірі – өнімнің сөрелерге қандай ыдыста, қандай дизайн мен формада орналастырылатынына да байланысты. «КМВ» өнімдерінің ассортименттік қатарында отыздан астам тауар түрі бар. Мұны көзтартарлық етіп ұсынудың өзі үлкен шығармашылық жұмыс десек, артықтығы жоқ. Ал, біз 10 жылдан бері көкшетаулық әріптестерімізге зауытымызда дайындалған әртүрлі қалыптағы шыны шөлмектерді кідіріссіз жеткізіп отырмыз. Мен ұжым атынан Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында Көкшетауға арнайы шақырылып, «Көкшетау минералды суларының» 20 жылдық тойына қатысқанымды үлкен құрмет әрі жауапкершілік санаймын. Берекелі байланысымыз нығая берсін.   Алла Бродянский, «ESAROМ» (Австрия) компаниясының Қазақстандағы өкілдігінің директоры: – Кез келген елді ерен еңбегімен, уақытпен үндес ізденістерімен танылған ұжымдар ғана әлемге таныта алады. Солардың қатарында ғажайып табиғат қойнауындағы «Көкшетау минералды сулары» АҚ та бар. Бізді сенімді әріптесіміздің Қазақстан Тәуелсіздігінің бел баласы екендігі, осынау 20 жылдық ұлық мерекеге телегей табыстармен келіп отырғандығы қуантады. Мен жаңа «КМВ – Сапа. Сенімділік. Жауапкершілік.» аталатын арнайы фильмді тамашаладым. 20 жылдың әрбір белесі қиындықтарды жеңу, жаңалыққа ұмтылу, еңбек зейнетін көру қуанышына толы екендігіне қанықтым. Қазір мұнда 60 түрлі алкогольсіз сусындар дайындалады, ал айына 3 миллион дана әсем құтылар сауда сөрелеріне жөнелтіледі. Бұл орасан зор еңбек. Біздің фирмамыздың үлесі де толымды екенін осыдан-ақ көруге болады. Сергей Войтко, «РЕТ Астана» компаниясының бас директоры: – Әлем назарындағы Астананың рыногына ену кез келген тауар өндіруші үшін үлкен мерей. Еліміздің солтүстік өңіріндегі сусын өндірісінің көшбасшысы «Көкшетау минералды сулары» АҚ алғашқы күннен бастап бас қала тұрғындарының құрметіне бөленген ұжым болып табылады. Міне, біздің де әріптестік байланысымыз 12 жыл бойы үздіксіз жалғасын тауып отыр. Акционерлік қоғамның өндірісті дамытып, технологиялық тұрғыдағы жаңғыртуларға елеулі инвестиция құйып отырғандығы бұл байланыстың бекемдігін дәлелдейді. Қазір Астананың кез келген сауда нүктелерінен Көкшетауда шығарылған минералды сулар мен шырындарды көптеп кездестіруге болады. Біз бұған ниеттестік тілекпен қуанамыз. Тағы бір айта кететін жағдай, көкшеліктердің өз әріптестеріне құрметпен қарайтындығы. Қазақстан тәуелсіздігінің құрдасы «Көкшетау минералды сулары» АҚ басшылығының мені арнайы диплом және ескерткіш сыйлықпен марапаттауы осыны дәлелдейді. Айқарма бетті дайындаған – «Егемен Қазақстанның» Ақмола облысы бойынша меншікті тілшісі Бақберген АМАЛБЕК.