Сөз арқауы – көрнекті заңгер, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, ардақты азамат – Серік Қатенұлы Байбатыров. Оның өмір жолы, жарты ғасырға жуық ел игілігіне атқарып жүрген қызметі, жақсылық пен ізгілікке, адамгершілік пен адалдыққа, әділдік пен тазалыққа толы тұлғалық ұстанымдары тек өзінің ғана абырой, беделі емес, әсіресе өскелең жас ұрпаққа өнеге.
Серік Қатенұлы бала кезінен бойы да, ойы да өз қатарларынан, кластастарынан озық өсті. Қандай жағдайларда да оның мектепте бірге оқыған құрдастары, әсіресе Қазақ мемлекеттік университетіндегі курстастары сөзіне құлақ асып, «Серік не айтар екен» деп, жүріс-тұрысына қарайлап жүретін. Өйткені ол жастайынан әлдінің әлсізге күш көрсетуіне, біреудің басқа біреуге қиянат жасауына жол бермей, түсініспестікті жарастырар сөз айтар еді. Өзі жақсы оқыды. Спортта да мерейі үстем – оның төңірегіне жастар шоғырланып, Серік бастаған университет волейболшылары жүлделі орындардан көрініп жүрді. Жастайынан ағалық мінез-құлыққа бейім болып ержетті. Ол ерте есейгендер қатарынан. Әдетте мұндай мінез көп балалы отбасының ең үлкеніне тән. Ал Серіктің жағдайында – керісінше, ол Қатен ағамыз бен Салиха анамыздың ұл-қыздарының ең кенжесі. Ғажабы – Серік өзінің алдындағы аға, әпкелерінің қамқоршысы, қорғаны болып өсті. Тіпті Серіктен жиырма жасқа жуық үлкен Дүкен ағасының өзі Серікке ағасына арқа сүйегендей еркелейтін. Отбасында осылайша қалыптасқан қарым-қатынас есейе келе арта түспесе азайған жоқ.
Серік Қатенұлы жиырма алты жасында сол кездегі Талдықорған облысының Гвардия ауданы сайлаушыларының 99,97 процент сенімін иеленіп, халық соты болып сайланып, Қазақстанда ең жас аудандық сот төрағасы лауазымын он бір жыл атқарып, елдің сенімін арқалап, аудан, облыс көлемінде зор абырой биігіне көтерілді. Аудандық сот төрағасы қызметінде жаңа университет бітіргендей көп нәрсеге көзі ашылды. Өмірдің бұрын-соңды көрмеген, білмеген тұрмыстық қарым-қатынастардың, алуан түрлі адамдар тағдырларының күрделі қайшылықтарын көріп, кейбірінің түйінін шешуде де іркіліп қалған жоқ. Орасан мол тәжірибе жинақтады. Кезінде оның Әділ сот деген жақсы аты тек бір аудан көлемінде ғана емес бүкіл Жетісу өңіріне әйгілі болып, республика дәрежесінде лайықты бағасын алды. Бұл да кез келген лауазымды қызметкердің пешенесіне беріле бермейтін бақыт.
Әрине, абырой тек сайланумен өздігінен келе қоймайтыны белгілі. Сайланғаннан соң – сенім үдесінен шығу – сенімге ие болудан әлдеқайда қиын. Ауданда сот төрағасының әрбір өткізген процесі, қабылдаған үкім, шешімі, ел-жұртпен кездесулері, сөйлеген сөздері, бар әңгімесі, қысқасы – жүрген-тұрғаны халықтың көз алдында. Халық сыншы. Сотқа келген әрбір іс, бір немесе бірнеше адамның тағдыры.
Университет сабақтарында жадына түйген ұлағатты ұстаздарының ақыл-кеңестерін де есінен шығарған емес. Қандай қыспақты қиын жағдайларда ұлы ұстазы – білімі мен парасаты, ары мен қайраты ұлт үлгісіне айналған академик, профессор Салық Зиманұлы Зимановтың айтатын: «күні ертең сот болып қылмысқа билік айтатын тұстарыңда әртүрлі қиындықтарға кездесулерің мүмкін. Оның ішінде – сот қызметіндегі адамды көлгірсіп, жөнді-жөнсіз құрметтеген болып, алды-артыңды орап мадақтап, өзінің арам пиғылын, шындықты ішіне терең жасырып тұрып – өтірік айтуы, соған сендіруге тырысуы, немесе жымысқылықпен ықпалды әлдекімдердің мүдделілігін көлденең тартып, шатастыруы, кейбір жағдайда қоқан-лоқы жасап, ашықтан-ашық қорқытуы, әртүрлі жолдармен пара беруге тырысуы тағы басқа толып жатқан сайқалдыққа барулары өмірде талай болған әрі болатын жағдайлар. Әсіресе мұндай жағдайлар жас кездеріңде, биік лауазымдарға көтерілгенде жиі кездесуі мүмкін. Осындайға сақ болыңдар. Сендер естен шығармайтын екі құндылық бар. Бірі – Арларың. Тазалықтарың. Қазақтың «Жаным – арымның садағасы» деген мәрттік мұрасы. Екіншісі – заңның, құқықтың сақталуы, бұзылмауы, бұрмаланбауы», деген сөздерін біздің Серік жанына, өміріне серік ете алған тұғырлы тұлға. Секең бұл құндылықтарды тек қана қызмет үстінде сақтаумен шектелмейді. Ол кәдімгі өмірде де осыларды ұстанады. Бұл оның болмысы.
Ондай адами қасиеттері туралы «Юридическая газета» басылымының журналисі Қабдрахман Наурызбаевтың «Власть любви. Слово о Серике Байбатырове» деген деректі повесінде өте шеберлікпен баяндалған.
Серік – отбасынан, анасынан – «адам баласына қайырымды, мейірімді бол, жетімге, кемтарға, әлсізге жанашыр қол ұшыңды бер, пенденің ала жібін аттама, зорлық-зомбылыққа жол берме» деген қағидамен өскен. Мектепте, университетте оқығанда да, тіпті қызметке кірісіп, бастағанда да, есейген шағында да өмірге осы көзқарасынан айныған жоқ. Алайда көптеген пенделердің, тіпті сенімге кіріп, жақын жүретіндердің кейбірінің бақай есебі ішінде болатынын, жанашыр, тілекшіл болғансып, сыйласуы лауазымына, мәнсабына қатынасты қалыптасатынын, алдымен өзінің бас пайдасын ойлайтынын кейінірек білді. Сотқа қылмыскер немесе куә болып келетін адамдардың да іс-әрекеттері, сөздері, жасаған қылмыстарының себебі, сыры, қыры сан алуан. Оларды да белгілі жазалау статьяға таңып, қатып қалған үйғарымдары шынайы адам өміріндегі жағдайларды қамти алмайтынына талай рет көз жеткізді.
Әсіресе, қылмыскер қатарында жас адамдар өмірде жаза басып келіп қалғанда Серік Қатенұлы қатты қиналатын. Әдеттегідей қай істердің болса да құжаттарын жаң-жақты терең зерттеп, оқумен шектелмей, жауапқа тартылатын адамдардың бүкіл өмірбаянын, оның отбасын, төңірегінен толық мағлұмат жинайды. Сол адамның мінез-құлқына, дүниетанымына терең үңілетіні өзінің ішкі талабы. Соттың мақсаты – тек жазалау емес, алдымен қылмыс жасаған адам өз күнәсін, жаза басқанын түсіне ме, өкіне ме, болашақта өзінің қателігінен қорытынды шығара ала ма, оңалу, түзелу жолына түсе ме деген сұрақтар үзбей мазалайтын. Әділ сот осыларға жауап іздеп табуды да өзіне мақсат ететін. Сондықтан да әдейі қанқұйлылықпен адам өміріне көпе-көрнеу балта шапқан ауыр жағдайлардан басқа қылмыс жасаған адамдар үшін сот шешімі оларды қоғамның ізгілікті, үмітті сәулесіне бет бұрғызатын жолдарын іздестіруді – соттардың азаматтық, қоғамдық, мемлекеттік парызы санайтын.
Сот қызметіндегі алғашқы жылдары көршісінің үй құстарын ұрлаған балаң жігіттің қылмыстық әрекеті сотта қаралды. Мәселе тек ұрланған меншікте емес. Ұрлықта, ұрлықтық әрекетте. Яғни қылмыста. Бозбала «жаздым, жаңылдым, ендігәрі қайталанбайды, бүкіл өміріме сабақ болды, кешіріңіздер?!» деп жылап тұрды. Бірақ, прокурор жібімеді. Жазықтыны кінәлап, «кемі үш жылға бас бостандығынан айыру керек», деді. Болған істі, тергеу құжаттарын жан-жақты саралап, талдап, аудандық сот төрағасы Серік Байбатыров жас азаматтың кінәсін мойындап, өкінетіндігін, бұрын ешқандай қылмыс жасамағандығын, оның ата-анасының бұл жағдайды кінәлайтынын, болашақ өміріне сабақ болатындығын ескеріп, қысқа шартты мерзім кесіп, сот үстінде босатып жібергені тек бір отбасының еңсесін көтеріп қоймай, осыдан кейін Қоғалы ауылында ғана емес, бүкіл ауданда мал, үй құстарын ұрлау сиреп, кейін ұзақ уақыт тоқталып, тіпті жақсы дәстүрге айналып еді.
Соттан күтпеген жерден сондай қамқорлық, мейірім көрген орыс жігіті жақсы азамат болып өсіп, отбасын құрып, сот Серікке «Сіз менің өкіл әкемсіз (крестный отец)» деп, бірнеше жылдан кейін келіп, Секеңе сәлем беріп кетіпті. Бүліне жаздаған тағдырға осылайша соттың шапағаты тиген.
Секең өзінің заңгерлік жолындағы айрықша елеулі екі оқиғаны бөліп айтады. Соның бірі – 1990 жылы өткізілген Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне депутаттықтың КОКП-ның қасаң құрсауынан еркіндік алған ашық, демократиялық, баламалы негізде өткізілген сайлауы болды. Қаратал ауданының сот төрағасы Серік Қатенұлының кандидатурасы аудан жұртшылығының, сайлаушылардың ұйғарымымен Жоғарғы Кеңеске депутаттыққа ұсынылды. Әрине ондай ұсыныста тұрған еш ерекшелік жоқ. Сайлауға түсу, түспеу әр азаматтың өз құқы. Мәселе – Жоғарғы Кеңес депутаттығына партия тәртібінің заманында тұңғыш рет сот қызметкерінің қоғам тарапынан әрі аудандық, облыстық партия комитеттерінің ресми келісімінсіз, елдің қолдауымен, ең күрделісі – аудандық партия комитетінің бірінші хатшысымен, яғни аудан басшысымен қатар сайлауға баламалы үміткер – сот төрағасының ұсынылуында.
Сол сәттен бастап Серіктің бір күнінде маза болмады. Әртүрлі деңгейдегі басшылардың шақырып, телефондап «осы сайлауды қайтесің, қойсайшы» деген сыңайдағы әңгімелер дуылдап, жоғары лауазымды қызметтерге ұсынамыз деушілерге қарамастан Серік алған бетінен қайтпады. Негізгі ойы – халықтың, сайлаушылардың сот, құқық орындарына қаншалықты сенім көрсететіндігін бағамдау еді. Міне, сол сайлауда ел аудандық сот төрағасына сенім көрсетіп, Серік Байбатыровты ҚазақКСР Жоғарғы Кеңесіне халық депутаты етіп сайлады. Бұл, яғни аудандық сот қызметкерінің Жоғарғы Кеңеске депутат болып сайлануы – осыған дейін бұрын-соңды Қазақстан аумағында болмаған жағдай еді.
Сол 12-шақырылымның депутаттары қызмет істеген шақ республикамыз үшін сындарлы кезең болды. Ең үлкен тарихи оқиғалар – Жоғарғы Кеңес депутаттары 1991 жылдың 16 желтоқсанында «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заң, 1993 жылы қаңтар айында жаңа, тәуелсіз еліміздің тұңғыш Конституциясы қабылданды. Осындай ел тағдырына қатысты ең маңызды істердің бел ортасында сауатты, білімді, ұлтжанды депутаттардың бірден-бір белсендісі болып Серік Қатенұлы аянбай еңбек етті. Депутаттық қызметтен кейін сот билігінің жаңа жүйесін, заң төрелігін қалыптастыруға Алматы қаласы, облысы, Жоғарғы Сот әкімшілігі комитетінің төрағасы, мемлекетіміздің Әскери соты, Судьялар одағының төрағасы лауазымдарын абыроймен атқарған Серік Қатенұлының қайраткерлік еңбегінің үлесі зор.
Ол тәуелсіз мемлекетіміздің құқықтық кеңістігін қалыптастыруға сіңірген еңбегі үшін Елбасы Жарлығымен еліміздің «Парасат», «Құрмет» ордендерімен, «Жоғары білікті судья», «Қазақстан Республикасының құрметті судьясы», тағы басқа құрметті атақтармен марапатталған.
Секеңнің рухани келбеті ақылы мен біліміне сай, сөзі мен ісі үйлесімді, төзім мен сабырға келісті пішілген. Батыр кескінді, кесек денелі, кең маңдайлы, дархан жүректі, тазалыққа жаны құмар, достыққа берік, сыйластықтың қадірін қастерлей білетін жарамды Азамат. Онымен көп адамдар аралас-құралас, дәмдес-тұздас болуға ықыласты. Ұзақ жылдардан бері жақын араласатын сыралғы достары, бауырлары, жанашыр тілектестері Секеңнің мінезге бай, өресі биіктігін, кінәмшілдікке жоқтығын, сыйластыққа беріктігін ерекше қадірлейді. Оның жөнді-жөнсіз маңғазданып, қабағын шытып, керіліп, «төрге шықпадым» деп елге өкпелегенін көз алдына келтіре де алмайды. Мұндай ұсақ мінез Секеңе жат, табиғатында да, сана, сезім мәдениетінде де жоқ. Керісінше, қай кезде болса да, қандай жағдай болса да адамдарды түсінушілігі басым.
Серікке туған ауылы Қастек пен Суықтөбеден асқан сұлу, олардың бұлағынан таза су жоқ. Әзіл-қалжыңы жарасқан қимастықтары бауырлыққа ұласып кеткен университет, қызметтің әр деңгейіндегі Әлихан Тойбаев, Тоққожа Естенов, Жұмагүл Солтиева сияқты тілектес достары бір төбе.
Өзімен аттас досы, кезінде облыс әкімі, Ауыл шаруашылығы министрі болған Серік Шаяхметұлы Ахымбеков екеуінің егіз қозыдай жарасып, сырласып жүруі – оларға тілектес жақын адамдардың көңіліне шуақ. Екеуінің достығы да сол романтикаға толы Қоғалы жерінен, бірі – сот төрағасы болса, екіншісі сол заманда облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшылығынан аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болып сайланғаннан жас болса да елге ие, аға боларлық жауапты лауазымды басшылық қызметтерін абыроймен атқарудан басталған. Отбасылық достықтарын жұбайлары Уәлипа мен Ғазиза елге үлгі дәрежесіне көтере алды. Жұптары жазылмай жүргендеріне жарты ғасырға тақады. Ұлдары ер жетіп, қыздары барған жерін гүлдетті. Аталарының, әкелерінің жолымен келер ұрпақ та өмірге еркін араласып, шаңырақтарын нұрға бөлеп, өсу, өркендеу өрісінде.
Екі Серіктің де ресми қызмет, лауазымдары мен еңбектерінен қолдары бос уақытта саятшылық өнерлері оңаша әңгіме боларлық. Осы жолы негізгі сөз Серік Қатенұлы туралы болғандықтан, Серік Шаяхметұлының Серік досына әдемі арнау өлеңдерінің біріндегі мынандай жолдарға зер сала кеткеннің артықтығы болмас: «Саят құрып, қыран құстай түледің, Қанжығаңа олжа байлап жүремін. Бабаңыздай нағыз батыр болсын деп, Жегіздім ғой қасқырдың да жүрегін» (С.Ахымбеков. Жайсаң жандармен жарасым.113-б.) .
Өлең шумағында айтылғандай, Қарасай батыр, Жарылқап би бабалардан асыл тек, батыр жүрек, орынды сөз – осы Серіктің бойына дарыған.
Бір жолы екі Серік бірге келгенде көңілді отырған достары аңшылық, саятшылық тақырыбын қаузап: «Қай Серік? Үлкені ме, кішісі ме, әкімі ме, соты ма, атқаны қайсысы, тигізгені қайсысы, екі Серіктен шатасатын болдық қой», деп әзілдепті. Дуылдаған жігіттер бір мезгілде тынышталғандай болғанда екі Серіктің аса сыйлайтын бір жеңгелері:
– Қай Серік деп үнемі сұрақ қойып, анықтап жүргенше, өздерінің жүріс-тұрыстары, еңбек, қызметтері айтып тұрғандай бірі – Бижігіт, бірі – Төрежігіт болса келіп тұр емес пе? – деген екен. Отырғандар «Тамаша!» десіп ду ете түсіпті. Содан бері – сыйласар жақын адамдар арасында Серік Байбатыров – Бижігіт, Серік Ахымбеков – Төрежігіт. Қазақтың қазынасы ел ішінде, сыйластықта, таза көңілде деген осы да.
Бұл мақалада Бижігіттің биіктіктерінің кейбіреуіне ғана тоқталатын мүмкіндік болды. Қазақта Бижігіттей өресі биік азаматтар көп болса, ұлттың да сапасы биіктен көрінері хақ.
Қуаныш СҰЛТАНОВ,
Парламент Мәжілісінің депутаты