Елші – қайраткер, елшіл – қаламгер, белгілі түркітанушы ғалым Әділ Ахметовтің жаңа жинағының салтанатты тұсаукесері өтті. «Ғасыр ғибраты» деп аталатын бұл еңбекте автордың егемен еліміздің әлемдік геосаясаттағы дара жолын көрсететін сараптамалық мақалалары топтастырылған.
Тағылымды шараға Парламент Мәжілісінің депутаты Сауытбек Абдрахманов, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Өмірбек Байгелди, Қазақстан Республикасы Президентінің Баспасөз хатшысының орынбасары Бауыржан Омаров, сондай-ақ академик Сейіт Қасқабасов, қырғызстандық белгілі түрколог Қадырәлі Қоңқабаев, Рухани жаңғыру мәдени орталығының директоры Гүлтас Құрманбай сынды көрнекті ғалымдар мен журналистер қатысты.
Жиынды ашқан «Егемен Қазақстан» РГ» АҚ басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі аталған кітаптың жаһанданған әлемнің геосаяси келбетін айшықтайтын жастарға бағыт берер шамшырақ іспетті тағылымды еңбек екенін атап өтті. «Ел ағасы Әділ Ахметовтің «Ғасыр ғибраты» атты еңбегіндегі мақалалардың басым көпшілігі ең алдымен бас басылым «Егемен Қазақстан» арқылы жұртшылыққа жол тартқан, оқырманмен қауышқан. Бүгінгі кітап тұсаукесерінің қазақ баспасөзінің ұстаханасы, ел газеті «Егеменде» өтуінің осындай мәні бар. Кітаптың көпшілікке кеңінен насихатталуы жас дипломаттар мен саясаттанушылар, ғалымдар үшін орта толтырар олжа болды», деді Дархан Қыдырәлі.
Кітапта Батыстың Шығысты мойындауы, Сингапур елін биік белеске көтерген Ли Куан Ю тағылымы, Том Батлер-Боудонның «Ғұмырыңызды өзгертуге серпінді шабыт сыйлайтын классикалық 50 кітап» атты кітабы кең қамтылғанын айтқан Әділ Құрманжанұлы әлемдік дипломатия мен халықаралық қатынастардың бүгінгі жайы терең сарапталған туындыны ел игілігіне арнап отырғанын тілге тиек етті.
«Жаһандық геосаясаттың бүгінгі болмыс бітімі, ондағы Қазақстанның дара жолы және мұсылман әлемі деген үш негізгі тараудан тұратын кітапта қазіргі құбылмалы геосаясат, көш басында тұрған Американың жағдайы, Қытай мен Еуропа, Сингапурды басқарудың тиімді үлгісін іздеу жолындағы құрылымы жөнінде пайымдамалар бар. Әлемдік саясаттың сұңғылалары – Збигнев Бжезинский, Генри Киссинджер, Джозеф Стиглиц, Джереми Рифкин сынды саңлақтардың кітаптарын сүзіп шығып, соның синтезін өз елімізге пайдасы тиер-ау деген мақсатпен топтастырдым», деді Әділ Ахметов. Өз кезегінде сөз алған Өмірбек Байгелди жалпыадамзаттық ойларды ортаға салған іргелі еңбектің зәру тақырыптарды қозғауымен дәуірлер мүмкіндігін салыстырған жаһандық ахуал жайынан сыр шертер құнды, туынды екенін алға тартты.
Жалпы, саны 43 мақаладан тұратын бұл кітапта еліміздің жаңа тарихы мен оның ертеңіне деген автордың салиқалы, терең көзқарасы айқын көрінеді. Жаһандық тәртіптің дүрбелеңінде кез келген тығырықтан жол тауып, кедергіні мүмкіндікке, тәуекелді табысқа айналдырып, жеңіс пен жетістікке жасқанбай ұмтылған ұлттық мемлекеттер мен экономиканың табысты тәжірибесінің артықшылығын оқырманға елеп, екшеп ұсынған еңбек. 500 данамен жарық көрген кітаптың электронды нұсқасы «Егемен Қазақстан» газетінің сайтына орналастырылған.
Ая ӨМІРТАЙ,
«Егемен Қазақстан»