Семейдегі Абай театрында Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, ұзақ жылдар республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің Семей өңіріндегі меншікті тілшісі қызметін атқарған Дәулет Сейсенұлының «Жәнібек ән салады...» драмасы сахналанды. Шығарма әнші, жазушы, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген әртісі Жәнібек Кәрменовтің шығармашылығына арналған.
Қойылым Қарауылдағы мектеп ауласында шуылдаған, әзіл-қалжыңдары жарасқан бір топ жастың өзара әңгімесінен басталады. Олардың арасында домбыра ұстаған Жәнібектің шоқтығы биік екені байқалады. Ал енді тағы бір көріністе ұстазы Кәмен Оразалинмен сырласып, оның ағалық ақылына ден қояды. Жәнібек ара-арасында шабыты ұстап, құйқылжыта ән де салады. Әнші бейнесі ә дегеннен көрерменді шынайылығымен баурап алады. Бұл актер Азамат Нұрғамыстың шеберлігіне байланысты екендігі сөзсіз. Кейіпкер кейпіне мейлінше енген актер Жәнібектің бар болмысын, характерін ашып көрсетуге қажыр-қайратын жұмсағаны да көзге ұрып тұр. Жәнібек-Азаматтың көрермен ықыласына бөленіп, олардың жүрегіне қозғау салғаны рөлді әртістің бар қарым-қабілетімен орындағанында болса керек.
Актер Мырзахан Сыдықов та Кәмен ұстаздың рөлін сәтті сомдаған. Ұстаздың шәкіртіне деген жанашырлығы, ұстазға тән тереңдік, білімдарлық Сыдықовтың орындауында табиғилықпен өріледі.
– «Жәнібек ән салады...» қойылымын дайындау барысында байқағанымыз, Дәулет Сейсенұлының әншілік дарынымен танылған Жәнібек Кәрменовтің өнер саласына қосқан үлесін ерекше дәріптегені, оны театр актерлерінің шеберлікпен орындағаны көрермендерге ерекше әсер етті, – деді Мәдениет қайраткері, Абай театрының директоры Бауыржан Төлеков.
Театрдың әдеби бөлімінің меңгерушісі Мерей Қарттың айтуынша, Жәнібектің бүкіл ғұмырын бір спектакльге сыйдыру әсте мүмкін емес. Десек те қойылым режиссері Ербол Жуасбек бастаған әртістер тобы әншінің өмірінен жазылған шығарманы көрерменнің көңілінен шығаруға бүкіл күш-жігерін жұмсаған.
Спектакльдің тұсаукесеріне Алматыдан арнайы келген Жәнібек Кәрменовтің жары Тұрар пьеса авторына, театр ұжымына өзінің ризашылығын білдірді.
Раушан НҰҒМАНБЕК,
журналист
СЕМЕЙ