Өнер әлеміне қадам басқандардың әрқайсысы сұлулықты өзінше өрнектейді. Ақын поэзия тілінде жырласа, жазушы шұрайлы тілмен бейнелейді. Қылқалам шебері түрлі бояумен сұлулықты картина бетіне «сөйлетеді». Ал фотошебер әдемілікті табиғи, боямасыз қалпында түсіреді. Сұлулыққа құштарлық Андрей Мартыновтың объектив арқылы бейнелеуге әуес болуына түрткі болды. Оның алуан түрлі ракурста түсірген тамаша туындылары осының айғағы.
Фотоөнердің қыр-сырын терең меңгерген Андрей Мартыновтың бүгінде аты әлемде озып, ол халықаралық деңгейдегі фотокөрмелердің басы-қасында болады. Бірінде өзі Италияда өткен Спилимберго фотоконкурсына қатысса, ал енді бірде Ресейдегі Италия фотографияларының қозғалмалы шоуының, Новосібірдегі Суретшілер музейінде өткен «Техастан хабарлама» атты Америка суретшілері көрмесінің үйлестірушісі болып жүргені. Төрткүл дүниенің қай түкпірінде фотоөнерге қатысты алқалы жиын немесе көрме өткізілетін болса, ресейлік шебер сол жерден табылады.
Асай-мүсейін арқалап Андрей Мартынов қазақ жеріне де ат шалдырды. Қазақ елінің көрікті тұстары фотошебердің объектив нысанасына ілінді. Қараңыз да бағалаңыз, көзі алғыр оқырман!
Андрей Мартынов,
Ресей, Мәскеу