Нью-Йоркте қазақстандық-америкалық инвестициялық форум болып өтті. Форумға қатысушылар мұнай-газ және атом өндірісі, жаңғыртылатын энергия көздері, телекоммуникация, экономиканың аграрлық және қаржылық секторларындағы әріптестік мүмкіндіктерін талқылады.
Форум АҚШ-тың инвестициялық күнтізбесіндегі жыл сайынғы оқиғалардың ішіндегі ажырамас бөлігі болып табылады және ең жоғары деңгейдегі қолдауға ие. Оның жұмысына екі тараптың мемлекеттік орган өкілдері мен бизнес топтары қатысты. Қазақстандық делегацияны Экономикалық интеграция істері министрі Жанар Айтжанова басқарып барды. Тікелей желіде жүргізілген телеконференция арқылы Премьер-Министр Кәрім Мәсімов форумға қатысушыларға құттықтау сөзін жеткізді. Ол өз сөзінде еліміздің тәуелсіздіктің 20 жылында қол жеткен жетістіктерін атап өтіп, мемлекетіміздің қазіргі экономикалық саясатының негізгі мақсаттарымен таныстырды. Ал Қазақстанның АҚШ-тағы Төтенше және өкілетті елшісі Ерлан Ыдырысов тәуелсіз Қазақстан дамуындағы АҚШ елінің маңызды рөлін жеткізсе, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Айдын Кәрібжанов әлемдік қаржы дағдарысының кезекті толқыны тууының мүмкіндігін көрсете отырып, қор дамудың негізгі 3 басым бағытын айқындап алғандығын баяндады. Қазақстандық-америкалық инвестициялық форумы барысында 7 секция бойынша талқылаулар өтті.
«Егемен-ақпарат».