Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов Назарбаев Университетінде өткен Қамқоршылық кеңесінің отырысына қатысты. Премьер-Министр университеттің Ғылым және технологиялар мектебінде, қазақ тілі кафедрасының таныстырылымына қатысып, арнайы құралдармен жабдықталған зертханаларын, кітапхана мен студенттердің жатақханасын аралап көрді.
Қамқоршылық кеңесінің отырысында 2011 жылғы университет қызметінің негізгі нәтижелері қарастырылды. Сонымен қатар оқу орнының дайындық орталығындағы университет алдындағы бағдарлама бойынша оқуға қабылдау ережелері мен 2012 жылғы Университет қызметінің негізгі бағыттары айқындалды. Назарбаев Университеті келесі жылы әлемнің озық жоо-ларымен бірге халықаралық ынтымақтастықты одан әрі дамытуды, оқу орнының оқытушы-профессорлық құрамын отандық және шетелдік үздік оқытушылармен толықтыруды, сондай-ақ жаңа оқу жылында екі жоғары мектепті – бизнес және мемлекеттік саясат мектептерін ұйымдастыруды, университет құрылысының екінші кезегін жалғастыруды жоспарлап отыр.
Премьер-Министр пайдалануға берілген жаңа зертханалар мен кітапхананы, студенттер корпусын қарап шықты. Жаңа зертханаларда ғылыми зерттеулер мен физика, химия, биология, робототехника, мехатроника, инженерия саласындағы жаңа ізденістер жүргізілетін болады.
Венера ТҮГЕЛБАЙ.