Астана қаласындағы Ұлттық музейде «Нұр келбетті Астана» атты сурет көрмесінің ашылу салтанаты өтті. Шара елорданың 20 жылдық мерейтойына арналып отыр.
Көрменің ашылуына Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев және шетелдік суретшілер қатысты.
Жобаға таңдалып алынған әлемнің 20 қылқалам шебері Астананың айшықты, еңселі орындарын бейнеленген. Соның ішінде: ерке Есілдің жағасы, Нұржол желек жолы, елорданың символы «Бәйтерек» монументі және Әзірет Сұлтан мешіті бар.
Ашылу салтанатында келген көрермендер жәдігерлерді тамашалап, аң-таң болып жатқанда Италиядан келген суретші Джованни Томасси Феррониге сөз кезегі тиіп: «Қыздары кербез, жігіттері жомарт, сұлу жаратылған ұлтты суретке салмаудың өзі күнә деп білемін!» дегенде жиылған көпшілік қол шапалақтап оған өз ризашылықтарын білдірді.
Қылқалам шеберлері – Астананың ғимараттарын, түнгі бейнесін қағаз бетіне түсірсе, біреуі шаһар тұрғындарының өмір тіршілігін көрсеткісі келген.
Тіпті бәзбіреулері ұлттық үлгіде киінген қыздар мен қыранды қолына қондырған ерлерді нысана етіп алған.
Аталмыш өнер батыстық және шығыстық стиль болып бөлінетіндіктен, шығыстық бейнелеушілер көк және қызыл түсті жиі қолданса, батыстықтар қоңыр мен қызыл түсті пайдаланады. Дәл осы үрдіс көрме залында көрініс тапқан.
Картина салу – басқа өнер түрлері сияқты еркін ойлауды қажет ететіндіктен, абстракциялы сурет кескіндеу шебері оңтүстіккореялық Беунгсон Су күннің шығуы мен батуын кіндік қаланың символикалық маңызына балай отырып, өзіндік стилді ерекше айшықтаған.
Еліміздің жүрегі, әрі ең жас қаласына арналған сурет көрмесі 20 күн бойы Ұлттық музейде көрермен назарына ұсынылып, содан соң музей қорына сый ретінде берілмек.
Азамат МӘУЛЕНҰЛЫ