Жезқазғандағы жаңа нан зауытының құрылысы былтырғы жылдың қыркүйек айында басталған болатын. «Ulytaý Nan» деп аталған кәсіпорынның алдына Жезқазған, Сәтбаев, Қаражал қалалары мен Жәйрем кенті және Ұлытау ауданы тұрғындарын сапалы нан-тоқаш өнімдерімен қамтамасыз ету міндеті қойылды.
Зауыттың алып жатқан аумағы 2640 шаршы метрді құрайды, қуаты тәулігіне 35 тонна нан-тоқаш өнімдерін өндіруге жетеді деп жоспарланған. Бұл жобаны іске асыруға 2 млрд теңгеден астам инвестиция жұмсалды. Жаңа нан зауыты Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың экономикалық стратегиясын, «Төртінші өнеркәсіптік даму жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауын, «Цифрлы Қазақстан» кешенді бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында салынды. Зауыт халықаралық стандарттарға, өндірісті цифрландыру бойынша талаптарға толық сәйкестендірілген, ол ТМД мен Еуропа елдері аумағындағы заманауи нан зауыттарының бірі болып табылады.
Бұл көлемді де серпінді жобаны нан пісіру өндірісінің ең жаңа технологияларын қолдана отырып, өнімнің жоғары сапасын қамтамасыз етуді мақсат еткен біліктілігі жоғары кәсіби мамандар жүзеге асырды. «Ulytaý Nan» нан зауыты алдыңғы қатарлы Еуропа елдерінде шығарылған энергиялық тиімді, жоғары технологиялық заманауи құралдармен жабдықталған. Италияның «Эчер» компаниясынан қамыр илейтін машиналар, қамыр ашытатын аударғыштар, миксер, «Мондиал Форни» компаниясынан қамыр бөлгіштер мен қамыр дөңгелектегіштер, толықсыту шкафтары, табанды және ротациялы пештер, «Сартори» компаниясынан тоқаштарға арналған бөлгіштер мен дөңгелеткіштер, «Дженерал систем пак» компаниясынан нан-тоқаш өнімдерін орауға арналған жабдық, Словакияның «А-Т» компаниясынан қаптарда сақтауға, ұнды тасу мен мөлшерлеуге, ашытқы жасауға арналған жабдық жинақтары, швейцариялық «Рондо» компаниясынан круассан түріндегі қаттама өнімдерді шығару үшін қамыр жаюға арналған жабдық сатып алынды. Германиядан «Хобарт» компаниясынан шығарылған нан жәшіктерін жууға арналған машина әкелінді. Нан зауытының жоғары технологиялы жабдықтарын монтаждау және қалпына келтіріп реттеуді еуропалық мамандар іске асырды, сондай-ақ олар келешекте осы құрылғыларда қызмет көрсетуші жергілікті мамандардан құрылған өндірістік бригадирлерді оқытты. Нан зауытының өндірістік қызметінде дуалды білім беру жүйесі қолданылады.
Кәсіпорында 225 жаңа, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған жұмыс орындары ашылды. Қызметшілердің еңбек жағдайын барынша жақсарту және оларды әлеуметтік пакетпен қамтамасыз етумен қатар, жалпы бекітілген нормалардан тыс жұмыс ауысымы барысында тегін тамақтандыру қарастырылды.
Заманауи технологиялар мен жабдықтар, білікті персонал өнімдердің экологиялық тазалығын, 50-ден астам нан-тоқаш өнімдері түрлерінің жоғары дәм сапасын және тағамдық құндылығын қамтамасыз етеді. Тұтынушылар үшін тұтас дәнді сорттардан өндірілген қазақстандық ұннан жасалған және әртүрлі дақыл дәндері, кебек қосылған диеталық және басқа да нан сорттары шығарылады.
Жаңа нан зауытының алғашқы өнімдері бөбектер үйіне, Жезқазған балалар үйіне, кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына, жасөспірімдер үйіне және қарттар мен мүгедектер үйіне жолданады. Кәсіпорын металлургтерді, кеншілерді және байытушыларды сапалы әрі пайдалы өніммен қамтамасыз ету үшін өндірістік асханалардың нан-тоқаш өнімдерін жеткізуші болып табылады. Нан зауытының сату-өткізу бөліміне қазіргі уақыттан бастап кәсіпкерлерден, ірі супермаркет және сауда нүктелері иелерінен көптеген сұраныстар түсіп, тұрақты негізде өнімді жеткізуге келісімшарттар жасалуда, оларды өнімнің сапасы, сан алуан түрлілігі мен арзан бағасы қызықтырады. Тұтынушыларға нан-тоқаш өнімдерін жеткізуді меншіктегі сатып алынған және брендтелген автопарк іске асырады, сонымен қатар Жезқазған және Сәтбаев қалаларында өз брендімен «дөңгелекті дүкендер» жұмыс істейтін болады.
Өскелең ұрпақ пен аймақ тұрғындарының бойында нанға және наубайшылардың еңбегіне деген құрметті қалыптастыру әрі кәсіби бағдарлау жұмысын жүргізу мақсатында кәсіпорында экскурсиялық эстакада жұмыс істейтін болады, онда барлық тілек білдірушілер нан-тоқаш өнімдерінің өндіріс технологиясымен таныса алады.
Заманауи жаңа кәсіпорын «Ulytaý Nan» нан зауыты аймақта жаңа жұмыс орындарының ашылуына, алдыңғы қатарлы инновациялық технологияларды енгізу арқылы адами капиталды дамытуға, салық салу базасын өсіруге жағдай туғыза отырып, жаһандық даму жағдайында еліміздің экономикасын көтеруге және Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстанның әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіруі жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»
Қарағанды облысы,
Жезқазған қаласы