Отанымыздың Тәуелсіздік алғанына 20 жыл болды. Осы уақыт ішінде ауылды жерде тұрып жатқан біздер де ұлы күнге азды-көпті үлесімізді қосып жатырмыз. 90-шы жылдардың басындағы қиын кезеңде қиюы кеткен көп тірлік қайта жанданды. Ары-бері көш тоқтап, халық орныға бастады. Ауылымыздың бас көтерер азаматтары бірігіп, кейінгіге үлгі болар іске ұйытқылық көрсетуде. Бір кездері қараусыз қалған 450 орындық мәдениет үйі жөндеуден өткізілді. Көшелерге асфальт төселіп, 140 орындық балабақша бүлдіршіндерге есік ашты.
Алдыңғы толқын ағаларды құрметтеп, олардың еңбегін кейінгі ұрпаққа таныстыру мақсатында да атқарылған істер баршылық десек, елдігіміздің 20 жылдық мерекесі қарсаңында Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне арналған еңселі монумент ашылды. Бұл игілікті іске ауылымыздың түлектері С.Әбдіқалиев, А.Солтанбеков, Е.Қайыпжанов, С.Дәркенбаев, Б.Жамалбеков, Е.Сыбанбаев, А.Аймамбеков, А.Молдасанов, тағы басқалар қаржылай көмектессе, монумент жобасын Нәбижан Досеке жасады. Осы жұмысқа ұйытқы болған азамат, ауыл әкімі Айтжан Қашағанов екенін де айта кетсем деймін.
Дидар ЖАНБОЛАТҰЛЫ, О.Жандосов атындағы орта мектептің мұғалімі.
Алматы облысы,
Еңбекшіқазақ ауданы.