Ақтауда дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау және Қазақстан Республикасының экология саласына 30 жылдығына орай салтанатты шара өтті. Шараны Маңғыстау облыстық экология департаменті мен табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы бірлесіп өткізді.
Алдымен қонақтарға Қазақстан Республикасының экология саласына 30 жылдығына орай арнайы дайындалған сюжеті көрсетілген соң, экология саласының дамуына қосқан үлесі үшін бір топ азаматтарға, Энергетика министрлігінің арнайы тапсырысымен мерекелік күнге жасақталған «Қазақстан Республикасының экология саласына 30 жыл» атты мерекелік төсбелгісі тапсырылды.
Олардың қатарында профессор Гусман Кенжетаев, экология саласының майталман ардагері Орынбасар Тоғжанов, ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты Құбаш Мұсаев, Ш.Есенов атындағы университетінде «Өндірістік экология» мамандығын ашуға негіз болған Еділ Жаңбыршин, мамандандырылған табиғат қорғау прокурорының орынбасары Смағұл Хасниязов, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Есенқос Әділбаев, «Қолдау экология» үкіметтік емес ұйымының басшысы Әділбек Қозыбақов, «Эко Маңғыстау» үкіметтік емес ұйымының жекетшісі Кирилл Осин, экология департаментінің қызметкерлері Құралай Ташенова, Дархан Тенелбаев, Клара Жакупова, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Гүлсім Мутанова және «Каспий битум», «Казгидромет», «Мемлекеттік сараптама» кәсіпорындары мен сала ардагерлері бар.
Сонымен қатар Бауыржан Ниязов, Лидия Быстрицкая, Динара Еңсегенге ҚР Энергетика Министрлігінің Құрмет грамотасы табысталса, Қазыналы өлкеміздің өркендеп - дамуына және ҚР гүлденуіне қосқан қажырлы еңбектері үшін Маңғыстау облысы әкімінің Алғыс хатымен Қажымұрат Хайрушев, Гүлім Ұлықбанова, Райхан Демесінова, Бесімбай Бәйеглов, Қаңғабай Өскінбаев, Қуандық Ізтұрғанов марапатталды.
«Таза болса табиғат – адам болар адамзат» тақырыбында облыстық отбасылық үлгідегі балалар ауылының тәрбиеленушілері арасында өткен сурет байқауының жеңімпаздары Елена Жигмановская, Даниял Муланов және Виолета Короткова марапаттан тыс қалмады.
Марапатқа ие болғандардың қатарында 7 жасар Ерболат Көптілеу де бар. Ол облыс әкімдігімен жыл сайын ұйымдастырылатын сенбілікке өз еркімен қатысып, көпке үлгі боларлық жас табиғат жанашыры. Кішкене жасына қарамастан туған өлкесін күл-қоқыстан тазартуға өзінің сүбелі үлесін қосып келеді.
Маңғыстау облысы экология департаменті басшысының міндетін атқарушы Руслан Тукенов тазалық сақшыларын кәсіби мерекелерімен құттықтап, табиғат сұлулығын сақтау, одан ләззат ала білу - әрбір азаматтың экологиялық мәдениетінің басты көрсеткіші екендігін атап өтті. Жер ананы қорғау - адамгершілік борыш, парасатты парыз деген ол, табиғат - адамның бойына қуат, көңіліне шабыт, сезіміне ләззат шапағын шашатын сұлулық пен әсемдік әлемі, баға жетпес байлығы, деді ол.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы