Алдағы 1 шілде күні Астана қаласында Ұлттық домбыра күні атап өтілмекші. Домбыра демекші, біздің ата-бабаларымыз тудырған рухани қазына күй өнері ешбір халықта жоқ. Үлкен этнограф, күйтанушы Ақселеу Сейдімбектің сөзімен айтсақ, қазақтың адамзат тарихына қосқан ұлы үлесі осы – күйі.
Ежелгі грек тарихшысы Плутарх: «Сақ сарбаздары садақтың адырнасын шертіп күй ойнайды, ән салады» депті. Мысалы, қазіргі «Ақсақ құлан» күйін алайық. Ол ХІІ ғасырдың мұрасы болса, Асан қайғының «Ел айырылғаны» ХІV ғасырға тән туынды. Одан кейінгі ХІХ ғасыр алыптары – Дәулеткерей, Тәттімбет, Құрманғазы, Қазанғап күйлері... Осылай кете береді.
Жоғарыдағы «Домбыра күні» рәсімі ұлттық рухани жаңғырудың бір саласы десек қателеспейміз. Осы орайда, айтпағымыз ұлы мұра күй өнерін орындайтын аспап – домбыра өте қарапайым құрал. Бар болғаны тоғыз перне, екі ішек. Ел ішінде бұл аспаптың үш ішекті түрлері де кездеседі.
Соның бірі – өздеріңіз көріп отырғандай Абайдың әншісі Әлмағамбет Қапсәлемұлының үш ішекті домбырасы. Бұл жәдігер дәл қазір Астана қаласында орналасқан Қолжазбалар мен сирек кітаптар ұлттық орталығының көрме залында тұр. Яғни бұйымды елордалықтарға көзайым ету үшін Семей қаласында орналасқан Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық мұражайынан әкелініпті. Жәдігерді музейге өткізген Абай ауданы, Қасқабұлақ ауылында шопан болған Социалистік Еңбек Ері Шәбден Әлмағамбетұлы мен оның қарындасы Салтанат екен.
Жәдігердің сипаттамасына тоқталсақ, оның таныстырылым құжатында мұра «ХІХ ғасырда жасалған» деген ақпар тұр. Аспап кәдімгі ойдың қара ағашынан ойылған, ұзындығы шамамен – 85-90 см. Бет қақпағы қарапайым пәнер де шанақ формасы үш бұрышты. Дүмінің жалпақтығы – 25 см, ал аспаптың ішек бекітілетін кіндікше түймесінен, шанақтың сағағына дейінгі өлшемі – 30 см. Шанақ дүмінің қалыңдығы – 3 см де, сағағы – 5 см. Үндіктің үлкен тесігін айналдыра тоғыз саңылау жасап, төртбұрыш алақанына үш ішектің құлағы орнатылған.
Зерттеуші Қайыржан Күзембаевтың дерегі бойынша Абай атамыз ән шығарғанда руы уақ Мұқа дейтін шеберге жасатқан үш ішекті домбырасын толғап отырып әннің сазын құрап алып, оны әнші Әлмағамбетке айтқызып, жетілдірген дейді. Осыған ұқсас пікірді жас зерттеуші күйші Рүстем Нүркенов те айтады.
Абайдың өз әндерін Әлмағамбетке айттыратын себебі, Әлекең өте дарынды адам болғандықтан дейді білетіндер. Тағы бір дерек әнші Әлмағамбет 1914 жылы Абайдың дүниеден озғанына 10 жыл толуына орай Семейде Нұрғали және Нәзипа Құлжановтар ұйымдастырған еске алу кешінде дәл осы домбырасымен ұстазының әндерін орындаған екен.
Осылай Абайдың бастауымен Семей өңірінде жаңғырған (бұрындары болған) үш ішекті домбырамен өнер көрсету ісі ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып дамыған. Күйтанушы Рүстем Шаһмұранұлының пайымынша Абайдың баласы Ақылбай мен немересі Исраил үш ішекті домбыраны шебер тартқан. Осы Исраилдың домбырасы қазір Семейдегі Абайдың мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық музей қорында сақтаулы.
Музыка зерттеушілер үш ішекті домбырамен ән-күй орындау екінің бірінің қолынан келе бермейді дейді. Себебі үшінші тұрған жетім ішектің рөлі өзгеше. Ол музыкаға пентатоникалық дыбыс қосатындықтан оны үйлестіру оңай емес. Дейтұрғанмен Кеңес заманында бұл аспапты толық меңгерген адам ретінде ақын Шәкір Әбеновтің аты айтылады. Одан кейін Шәкірдің өзінен осы домбыраны тартуды үйренген Шәкәрім әндерін насихаттаушы марқұм Келденбай Өлмесеков аса жоғары деңгейде болмаса да біраз жыл насихаттады.
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»