Жиырмасыншы ғасырдың даңқты ақындарының бірі Федерико Гарсиа Лорканың туғанына – 120 жыл. Испан драматургі, ақыны Гарсиа Лорка музыкант, суретші-график ретінде де көпке белгілі болған. Испания мәдениетіндегі 27-жылғылар қатарындағы жарық жұлдыз.
Федерико Гарсиа Лорка Гранада провинциясындағы Фуэнте-Вакерос деген кентте дүниеге келеді. 1909 жылы отбасымен Гранадаға көшіп барғаннан кейін сурет өнеріне қызыға бастайды, көп өтпей жергілікті суретшілер ұйымының жұмысына белсенді араласады. 1914 жылы Лорка Гранада университетінде әдебиет, құқық, философия бағыттары бойынша білім алады. Студент күнінде Испанияны тегіс шарлап ежелгі мәдениетімен, архитектурасымен, дәстүрімен, табиғатымен кеңінен танысады. Соның арқасында «Пейзаждар мен сезімдер» атты өзіне даңқ әкелген алғашқы жыр жинағын жазады.
1919 жыл оның тағдырындағы ерекше оқиғаларға толы жыл болды. Осы жылы Мадридке көшіп келген соң Луис Бунюэль мен Сальвадор Далимен, «Эслава» театрының директоры Мартинес Сьеррамен танысады. Мартинестің өтініші бойынша Лорка өзінің алғашқы пьесасы «Көбелектің сиқырын» жазған-тұғын. 1982 жылы оқуын бітірген уақытта Гарсиа Лорка белгілі суретші-авангардист еді. Сонымен қатар бірнеше жинағы шыққан танымал ақын да болатын. «Сыған романсеросы» да оқырмандардың қолдан-қолға алып оқитын кітабына айналды.
Лорка жаңалыққа құштар, әрқашан жаңа тақырып пен жаңа ортаны аңсап жүреді. Бұл оның шығармашылық қуат тасқынынан болған көңіл күйі болса керек. 1928 жылы Нью-Йоркке кетіп, «Нью-Йорктағы ақын» өлеңдер жинағын шығарып, «Бес жыл өткенде», «Публика» пьесаларын жазады. Екі жылдан соң Примо де Ривераның режімі құлап, елінде республика орнаған соң Отанына оралды. «Балаган» студенттер театрына басшылық жасай жүріп көпке кең танымал «Бернарда Альбаның үйі», «Йерма», «Бостандық» драмалық шығармаларын жазды.
Бірақ Испаниядағы саяси жағдайлар қайта ушығып, азаматтық соғыс басталмай тұрып Лорка толқып тұрған Мадридтен Гранадаға барады. Бірақ ол жерде де оған тыныштық болмайды. Ұлтшылдар 1936 жылдың 18 тамызында ақынды тұтқынға алып, ертесі күні өлтіреді. Кейбір биографтар Лорканың өлімі туралы басқаша болжам жасап, оның өлмегені туралы, жасырын түрде Аргентинаға кетіп, басқа есіммен жаңа өмір бастаған деп жазады. Бірақ бұл қисынға келмейтін мифтік көзқарас деп есептейтіндер де жоқ емес.
Генерал Франконың тірі кезінде Лорканың бірде-бір кітабы Испанияда таралған жоқ. Бірақ күллі әлем лириктің өлеңдерін тамсана оқып жатқан болатын.
Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»