Халқымызға ғасырлар бойы арман болған тәуелсіздік, егемендік ұстанымдарын биікке көтеретін биылғы жыл – біздің Отанымыздың әрбір азаматы үшін маңызды, мәртебелі кезең.
Бұрын-соңды Орталық Азия аймағы тек географиялық ұғым ретінде қаралып келген болса, ендігі жерде Еуразияның жүрегінде орналасқан еліміз – Тәуелсіз Қазақстан, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық дәрежедегі беделінің арқасында, әлемдік деңгейдегі саяси шешімдер қабылдайтын орталыққа айналып келеді десек артық емес.
Дамудың жаңа даңғылына түскен қоғам жетістіктерінде Қызылорда жұртшылығының да үлкен үлесінің бар екенін мақтанышпен айта аламыз.
Жол инфрақұрылымы – қашанда экономиканың күретамыры. Мемлекет басшысы жыл сайынғы жолдауларында жергілікті маңызы бар жолдарды барынша дамытуды қамтамасыз ету қажет екендігін міндеттеп келеді. Осы ретте, инфрақұрылымдарды жаңартып-жаңғырту және жөндеу бағытында Елбасы Жолдауынан туындайтын мақсат-міндеттерді жүзеге асыру да облыс әкімдігінің басты назарында.
Республикамызда алғашқылардың бірі болып ауылдық елді мекендердің көше-жол тораптарын жөндеуден өткізу жұмыстарын қолға ала бастадық, атап айтсақ, өткен жылы облысқа қарасты 100-ге жуық елді мекендердің көшелеріне түгендеу мен зерттеу жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде, осы жылға облыстық бюджеттен 7 ауданға қарасты 26 елді мекеннің 100 шақырымдай көшелерін жөндеуден өткізуге 1,0 млрд. теңге қаржы облыстық бюджет есебінен бөлініп, қазір мақсатты жұмыстар толығымен атқарылып бітті.
Сонымен қатар, 2008 жылы республикалық бюджет есебінен басталған жалпы құны 1,5 млрд. теңгеден астам қаржыны құраған Қармақшы ауданына қарасты «Самара-Шымкент-Ақжар-Тұрмағанбет-Көмекбаев» автомобиль жолының күрделі жөндеу жұмыстары толық аяқталып пайдалануға берілді.
Жалпы, осы жылы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы арқылы 3,5 млрд.-тан астам қаржыға жол инфрақұрылымдары бойынша жұмыстар атқарылып, нәтижесінде 211 шақырым жолдар мен көшелер бойынша жұмыстар жасалды.
Жолаушы тасымалы бойынша облыстағы шалғай ауылдық елді мекендерін аудан және облыс орталығымен байланыстыратын 246 тұрақты автобус қатынасы ұйымдастырылып, бүгінгі күні облыстың 212 елді мекенімен көлік қатынасы орнатылған. Ал әуе көлігі бойынша облыс орталығын республикамыздың Астана, Алматы және басқа да облыс орталықтарымен байланыстыру үшін «Эйр Астана» және «Скат» әуе компаниялары аптасына 31 рейс орындауда.
Осы жылдың 30 қазанынан бастап Қызылорда-Астана және Қызылорда-Алматы рейстері бойынша сыйымдылығы 98 орындық «Embraer-190» (Бразилия) ұшақтары ұшып, бұл өз кезегінде ұшу уақытының біршама қысқаруына әкелді.
Елбасының өзі Алаштың анасы атаған Сыр өлкесін Мемлекет басшысының сенімді тірегіне айналдыруға атсалысып, бірлігіміздің белгісі ретінде нақты шаралардың орындалуын қолға алуымыз қажет деп ойлаймын.
Әмірқұл ЖЫЛҚЫАЙДАРОВ, Қызылорда облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бастығы.