Тәуелсіздік жылдарында елімізде тұңғыш рет бокстан екі дүркін әлем чемпионы атанған Серік СӘПИЕВПЕН шағын сұхбат
– Бала кезіңде осындай дәрежеге жетемін деп ойладың ба?
– Ешқашан ойламаппын. Армандаған да емеспін. Бәрі рет-ретімен болды ғой өзі. Бәрі дайындықтың арқасында келді. Бапкерлер құрамаға алғанда, солардың сенімін ақтасам деп ұзақты күн дайындалып жүрдім.
– Екі рет әлем чемпионы атанғанда қандай сезімде болдың?
– Бұл сезімді енді айтып жеткізу қиын. Алғашқы жеңіс 2005 жылы Миньянда өткен әлем чемпионатында болды ғой. Одан кейін 2007 жылы Чикагода өткен чемпионатта жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілдім. Бұл – менің ең бақытты сәттерімнің бірі. Сол кезде аздап қобалжу болғаны рас. Бірақ, артынан еліміздің Әнұраны ойналып, Туымыз көтерілгенде бойымды ерекше бір қуаныш сезімі биледі.
– Осының бәрі Тәуелсіздіктің арқасында келді емес пе? Тәуелсіздіктің саған жасаған тағы бір сыйы Бейжің Олимпиадасының ашылу салтанатында еліміздің Мемлекеттік туын алып шыққаның болды ғой.
– Иә, осының бәрі Тәуелсіздіктің арқасында екенін жақсы түсінемін. Тарихта оның қадір-қасиетін білген де бар, білмеген де бар. Бұл туралы көп айта беруге болады. Ал біздің тәуелсіздігіміз ата-бабаларымыздың ғасырлар бойғы арманы, мақсаты еді. Ол бізге тарам-тарам ұрпақ арқылы келіп жетті. Сондықтан біздің ұрпақты бақытты ұрпақ деуге болады. Өйткені, қазір біз еліміз тәуелсіздік алғанын көріп, егемен, азат елде өмір сүріп жатырмыз.
Өзім боксшы болғаннан кейін спортта тәуелсіздіктің қадір-қасиетінің қандай болатынын жақсы білемін. Мұны мен ғана емес, басқа спортшылардың да білетініне еш күмәнім жоқ. Жаңа Бейжің Олимпиадасы туралы айтып қалдың ғой. Бұл да менің өмірімдегі ең бақытты сәттердің бірі. Ол бір жағынан абырой, екінші жағынан үлкен жауапкершілік болғанын айту керек.
Бұл маған еліміздің көрсеткен сенімі екенін де жақсы түсінемін. Сол үшін спорттың басы-қасында жүрген ағаларыма алғысымды айтқым келеді. Мұндай сенім екінің біріне артылмайды ғой. Қазір ұлттық құраманың капитаны болған соң, өкшемнен басып келе жатқан жастарға ел намысын қорғаудың үлгісін көрсетуге ұмтылып жүрмін. Менің ендігі бір армандарым, әуелі Олимпиада чемпионы атану, сосын үш дүркін әлем чемпионы атағын жеңіп алу. Маған сенсеңіздер, түптің-түбінде арманыма жетпей қоймаймын.
– Бұрын сен қазақша онша сөйлей бермейтін едің. Қазір басқаша...
– Рас, бұрын орысша сөйлейтінмін. Оған ортам әсер етті. Құрамаға келгелі бері қазақша үйреніп алдым.
– Бакудегі әлем чемпионаты қалай болды өзі?
– Финалға дейін бәрін таза жеңгенімді көрдіңіздер. Ал финалда Тарас Шелестюкпен кездескенде бәрі басқаша болды. Бұған дейін оны екі рет жеңген едім. Амал не, қолдан келгеннің бәрін жасадым.
– Әйелдер боксына қалай қарайсың?
– Меніңше, әйелдерге бокс керек емес. Егер менің туған-туыстарымның ішінде бокспен айналысатын қыздар болса, оған қарсы болар едім. Ал былайша айтқанда, әйелдер боксы ел үшін жақсы шығар.
Әңгімелескен Дастан КЕНЖАЛИН.