• RUB:
    5.38
  • USD:
    478.91
  • EUR:
    526.42
Басты сайтқа өту
Қазақстан 19 Маусым, 2018

Арқа ажары – «Астана» фестивалі

1028 рет
көрсетілді

Елорданың 20 жылдығы аясында Арқа төрінде ІІ Дүниежүзілік «Астана» театр фестивалі шымылдығын түрді. Бас шаһардың басты оқиғасына айналған өнер думанының қала тұрғындары мен қонақтарына ұсынар жаңалығы мен рухани қуанышы мол. 

Айтулы шараға орай Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз орта­лығында Қазақстанның еңбек сі­ңір­ген қайраткері, «Қазақконцерт» мем­ле­кеттік концерттік ұйымының директоры Жеңіс Сейдоллаұлы, Қазақстан театрлары ассоциациясының вице-президенті, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры­ның директоры Асхат Маемиров, белгілі 

театр режиссері Йонас Вайткус (Литва) және «Piccolo di Milano» театрының көр­кемдік жетекшісі Стефано Де Лука­ның (Италия) қатысуымен бас­па­сөз мәслихаты өтіп, фестиваль бағ­дар­­л­амасы «Astana Musical» мем­ле­кет­тік театры репертуарындағы Ғ.Мүсі­ре­повтің әйгілі «Қыз Жібек» этно-фольклорлық мюзиклімен (режиссері Асхат Маемиров) ашылды.

– ІІ Дүниежүзілік «Астана» театр фестивалінің басты ерекшелігі – Еуропа мен Азияның театр кеңістігін біріктіру. Түркітілдес елдердің өздеріне тән фестивальдары бар. Сол секілді таза еуропалық театр байқауларына да жиі қатынасып жүрміз. Қытай жақта да Азия елдерінің айтулы фестивальдары ұйым­дастырылады. Елордамыздың 20 жылдығы қарсаңында осынау әлем­дік театр мәдениеті кеңістігін бір орта­лық­та тоғыстырғымыз келді. Өзінің 20 жылдық тарихында Астана тек саяси-экономикалық жағынан ғана емес, сонымен бірге мәдени тұрғыдан да әлемдік деңгейдегі үлкен рухани ор­та­­лыққа айналып келе жатыр. Оның ай­қын дәлелі – елорда мәдениетінің шын мәніндегі бірегей оқиғасы осы ІІ Дү­ние­жүзілік «Астана» театр фестивалі. Ай­тулы өнер думаны театр әлемінің мық­ты-мықты сахна майталмандарын жинап отыр. Мұның өзін еліміздегі ең үлкен өнер оқиғасы деп білемін, – деді баспасөз мәслихатының спикері, Қазақстан театрлары ассоциациясының вице-президенті Асхат Маемиров. 

Маусым айының 16-сы мен 28-і аралығында Қазақстан театрларынан бөлек, тағы 12 мемлекет­тен келген әлемдік театр ұжым­да­ры­ның қатысуымен барлығы 18 қойы­лым фестиваль аясында көрермен на­за­рына ұсынылады. Атап айтар бол­сақ, олар: «Piccolo di Milano» театры (Италия), «1927» театры (Ұлыб­ри­тания), «Meno Fortas» (Литва), «Warszawa» (Польша), Тәуелсіз интерна­ционалды «11» театры (Германия), Ш.Руставели атындағы мемлекеттік академиялық театры (Грузия), «Бейжің халықтық көркем театры» (Қытай), Өзбек ұлттық академиялық драма театры (Өзбекстан), Ленсовет атындағы Санкт-Петербург академиялық театры, Мәскеу губерниялық театры (Ресей), Ш.Термичиков атындағы Шу облыстық театры, Т.Абдумомунов атындағы академиялық драма театры (Қырғызстан). Сондай-ақ отандық театрлардан: М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры, Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры және «Astana Musical» театры өнер көрсетеді. Әйгілі қойылымдар «Қазақстан» орталық концерт залында, Холл Энергия, Бейбітшілік және келісім сарайында, Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында және М.Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрында сахналанады. Фестивальға КСРО Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов (Қазақстан), Йонас Вайткус (Литва), Давид Асатиани (Франция), Беатрис Пикон-Валлен (Франция), Давид Папава (Ұлыбритания) бастаған Еуропа мен Азияның белгілі театр қайраткерлері, театртанушылар, театр сыншылары сарапшылық етеді. Аталған іс-шараның басты қонағы – Оскар сыйлығының иегері, дүние жүзіне белгілі кино және театр актрисасы Жюльет Бинош. 

Мәдениет және спорт минис­тр­лі­гінің қолдауымен өтіп жатқан айту­лы театр мерекесінің негізгі ұйым­дас­­тырушылары «Қазақконцерт» мем­­­ле­­кеттік концерттік ұйымы және Қазақ­стан театрлары ассоциациясы. Елор­даның 20 жылдық мерейтойына тарту ретінде көрерменін серпілткен бас қаланың басты өнер оқиғасы  

ІІ Дүниежүзілік «Астана» театр фестивалі екі апта бойы театр жанкүйерлерін естен кетпес рухани қуанышқа кенелтетіні сөзсіз. 

Назерке ЖҰМАБАЙ,  «Егемен Қазақстан»