Швецияның әлем чемпионатына шыққанының өзі шытырман оқиғалармен өрілді. Ресейдегі әлем чемпионатында осы жолды жалғастырып, соңына дейін күрессе, скандинавтар қамал алуы мүмкін. Бапкері де, ойыншылары да бір белесті бағындырмай қайтпаспыз деп білек сыбанып отыр.
Іріктеу басталған тұста Швецияны ешкім соншалықты бір қарсылас көріп, фавориттер қатарына қосқан жоқ. Оның басты себебі, құрамадан Златан Ибраһимович кетіп қалды. Атақты шабуылшы Еуро додасынан кейін құрамада ойнамаймын деп, өз еркімен бас тартты. Талай тығырықтан алып шыққан алыптың шаршағандығы рас. Алайда оның орнын басатын елде шабуылшы жоқтың қасы. Оның үстіне Златан «Манчестер Юнайтед» сапына ауысып, Еуропа лигасының ойынында жарақат алып қалды. Ал Швеция «барымен базар» деп іске кірісті. Негізгі қарсылас – Франция мен Нидерланды құрамалары болатын. Мамандар осы екі ұжым бірінші орынға таласып, жеңілгені өтпелі ойынға кетер деді. іріктеу соңына қарай жағдай күрт өзгерді. Расымен де Франция ешқандай мәселесіз өз мақсатына жетті. Бірақ соңғы турларда ол Нидерландыны өз алаңында 4:0 есебімен тас-талқан етті де, Дик Адвокат командасын тағдыр талайына тастады.
Қалған үш ойында екінші орынға жармасудың амалын қарастырған Нидерланды құрамасы Швецияның сүрінуін күтті. Себебі екі команданың ұпайы бірдей болғанымен, доп айырмасы скандинавтардың пайдасына болатын. Іріктеу аяқталуға бір тур қалғанда Швеция Люксембург қақпасына 8 гол соғып, екінші орынға нық сеніммен шықты. Соңғы турда Нидерланды Швецияны 2:0 жеңгенімен, екінші орынға көтеріле алмады. Ал скандинавиялықтардың басты мақсаты 7:0 болып жеңілмеу еді.
Екінші орын алғаннан соң Швецияны тағы бір ауыр сын күтіп тұрды. Екі ойыннан тұратын өтпелі матч. Яғни қос кездесудің қорытындысы бойынша Италияны жеңіп шығу. Алғашқы ойында Швеция ерлік жасап қарсыласты 1:0 жеңді. Якоб Юханссонның соққысы жол-жөнекей қарсылас қорғаушысына тиіп, бағытын өзгертті. Буффон бұл допты тоса алмады. Жауапты ойын Италияда өтіп, қонақтар қорғанысқа мықтап орнықты. «Скуадра Адзурра» жанкүйерлері жерлестеріне сенгенімен, ойында бірде-бір гол соғылған жоқ. Швеция қорғанысының өте мықты екенін дәлелдеп, мундиальға жолдама алды.
Міне, мамандар қорғанысын мақтап жүрген Швецияның осындай қыры бар. Ол аз десеңіз, соңғы екі жолдастық кездесуі қалай аяқталғанын да естеріңізге сала отырайық. 2 маусым күні Швеция көршілес Даниямен 0:0 тең түсті, сосын дәл осындай нәтижемен 9 маусым күні Перу құрамасымен де тең тарқасты.
Әлем чемпионатының алдында Златан Ибраһимович АҚШ-тың «ЛА Гэлакси» командасына ауысып, жақсы өнер көрсете бастады. Жарақатынан айыққанын байқатып, әдемі голдар соқты. Кейін бір сұхбатында «Егер бапкер шақырса, мен ұлттық құрама сапына қайта барамын. Швеция үшін көмегімді аямаймын», деді. Бірақ Янне Андерсон Златанды құрамаға шақырмады. Себебі адуынды шабуылшы құрамаға келсе, өзге жігіттер өздерін кемшін сезініп, бүкіл назар Ибраға ауады деп ойлады. Дегенмен Ибраһимович Ресейге арнайы шақыртумен келіп, Ресейге жанкүйер боламын деді. Ал Швеция ойыншылары өздерін психологиялық тұрғыда жақсы сезініп, Мексика, Германия, Оңтүстік Кореяның арасынан плей-оффқа жолдама алуға тырысады.
Швеция құрамасының тізімі:
• қақпашы: Робин Ольсен («Копенгаген», Дания), Карл Йохан Йонссон («Генгам», Франция), Кристоффер Нордфельдт («Суонси», Уэльс);
• қорғаушылар: Микаэль Лустиг («Селтик», Шотландия), Виктор Линделеф («Манчестер Юнайтед», Англия), Андреас Гранквист («Краснодар», Ресей), Людвиг Аугустинссон («Вердер», Германия), Эмиль Крафт, Филип Хеландер (екеуі де – «Болонья», Италия), Понтус Янссон («Лидс», Англия), Мартин Ольссон («Суонси», Уэльс);
• жартылай қорғаушылар: Эмиль Форсберг («Лейпциг», Германия), Виктор Классон («Краснодар», Ресей), Албин Экдаль («Гамбург», Германия), Себастьян Ларссон («Халл», Англия), Джимми Дурмаз («Тулуза», Франция), Маркус Роден («Кротоне», Италия), Оскар Хильемарк («Дженоа», Италия), Густав Свенссонн («Сиэтл», АҚШ);
• шабуылшылар: Ола Тойвонен («Тулуза», Франция), Маркус Берг («Әл-Айн», БАӘ), Йон Гвидетти («Алавес», Испания), Исаак Кисе Телин («Васланд-Беверен», Бельгия).
• Бас бапкер: Янне Андерссон – 55 жаста (20.09.62)
Ермұхамед МӘУЛЕН, «Егемен Қазақстан»