Елімізде ботаникалық бақ санаулы ғана, оның бірі Петропавлда орналасқан. 106 жылдық тарихы бар жылыжайда әлемнің түкпір-түкпірінен әкелінген екі мыңға жуық тропикалық, субтропикалық өсімдіктер өсіп тұр.
Ет-консерві комбинаты жанынан ашылған бақтың көрген жанның көз жауын алатын гүлзарға айналуына саналы ғұмырын арнаған алғашқы бағбан В.Осиповпен қатар Қазақстанның еңбек сіңірген агрономы, қаланың құрметті азаматы Равиль Рязаповтың да есімі құрметпен аталады. Равиль бабай біресе «Табиғат перзенттері» экологиялық орталығы, біресе «Қызылжар оранжереясы» мемлекеттік коммуналдық қазынашылдық кәсіпорны атауларына ие болып, мәртебесін сан рет ауыстырған ботаникалық бақтың аянышты тағдырына қанатымен су себелеген қарлығаштай ара түсіп, талай рет талан-тараждан сақтап қалды. Қымбат жәдігердің жалғыз шырақшысы оның қордаланып қалған жылу, жарық қарыздарының өтеуі үшін, аукцион арқылы сатылып кетпеуіне тосқауыл болу мақсатымен пәтерінде кепілге қойды. Білім мекемелері, жекелеген адамдар өтініштерімен арнайы гүлдер өсіру, оқушылар мен студенттерге экологиялық сабақтар, лекциялар ұйымдастыру дәстүрлері үзіліп қалды. Уақыт өте келе жергілікті әкімдіктің балансына алынғанымен, мол қаражат бөлінеді деген үміт те ақталмады. 2017 жылы бәсекелестік ортаға берілетін коммуналдық ұйымдардың тізіміне енгізіліп, жекешелендіруге қойылды. Алайда оны меншігіне алатындар шықпағандықтан, жылыжай кешенінің мақтанышы – мәңгі жасыл өсімдіктер мен жеміс ағаштары иесіздікке, күтімсіздікке ұшырап, жойылу қаупі туды. Жұртшылықтың жанайқайына құлақ асқан аймақ басшысы Құмар Ақсақалов тиісті орындарға тапсырма беріп, нәтижесінде барлық дүние-мүлкі мен ұжым «Жас дарын» қосымша білім беру мекемесінің қарауына көшті.
Қала әкімінің орынбасары Евгений Глотов бірегей тропикалық баққа күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, аумағы кеңейтілетінін, басты қызметі жас буынға бірыңғай экологиялық тәрбие беруге, экскурсиялық қызмет көрсетуге, түрлі тапсырыстар орындауға ыңғайланатынын жеткізді. Оның айтуынша, дизайнерлер мен сәулетшілер қайта жаңғыртудың жобасын әзірлеп біткеннен кейін қазынадан қомақты қаражат бөлінеді. Тротуарлар мен шам бағандары жөнделеді. Жасыл желек отырғызылады. Сөйтіп тұрғындар дем алатын жайлы орынға айналады. Нысанның бұрынғы экожүйесі толық сақталады.
Осылайша 1800 шаршы метр аумақты алып жатқан Петропавл тропикалық бағының гүлденіп, көркеюіне барлық мүмкіндіктер жасалатын болады.
Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы