Тәуелсіздіктің 20 жылдық мерекесі қарсаңында Шымкент қаласындағы М. Әуезов атындағы ОҚМУ колледжінің мәжіліс залында бірінші шақырылған Парламент Мәжілісінің депутаты, тұңғыш рет қазақ тілінде заң жазған, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, сазгер, заңгер Әкім Ысқақпен «Көк тудың желбірегені» атты кездесу болып өтті. Бұл кешке қаладағы өзге де жоғары оқу орындарының студенттері қатысты.
Қайраткердің еліміз егемендік алған алғашқы жылдардағы «Халықтың көші-қоны туралы» заң жобасының дайындалу барысы, мемлекеттік тіл мәселесі, ел рәміздеріне қатысты және т.б әңгімелері студенттер қауымының шынайы қызығушылығын тудырды. Өздерін толғандырған сұрақтарына студенттер бұдан кейін де толымды жауап алды. Кеш барысында қаламгердің қарасөздері мен өлеңдері оқылып, әндері шырқалды.
Жастар оның «Жүректегі жазулар», «Адам іздеп жүрмін», «Өмір, сені сүйемін!», «Махаббат хаттары» атты кітаптарына талдау жасап, ондағы шығармалардың мән-мағынасын ашуға тырысты. Кездесуге қатысқан қаламгерлер Ерсін Қойбағаров, Захардин Қыстаубаев, Жазира Күзенбаева, Алтынай қажы Таубайқызы және т.б. сөз орайында өз ойларын ортаға салды.
Республикалық Қажымұқан атындағы қордың атқарушы директоры Құрманәлі Жылқыбаев қазақтың балуаны Қ.Мұңайтпасов жөнінде бірқатар зерттеу еңбектер жазған Әкім Ысқақты «Қажымұқан» медалімен марапаттаса, колледж жастары атынан сөз сөйлеген Балнұр Шырынбекова жастар комитетінің шешімімен Әкім Әбдіхайымұлына «Жастардың сүйікті жазушысы» деген атақ берілгендігі жөніндегі дипломды тарту етті.
Кездесу автордың «Көк тудың желбірегені» деген әнімен қорытындыланды.
«Егемен-ақпарат».