Астанада ТМД-ға қатысушы елдердің шығармашылық және ғылыми зиялы қауымының ХІІІ форумы басталды.
Аталған форум 2006 жылдан бастап өткізіліп келе жатқан ТМД-дағы ірі гуманитарлық іс-шара болып саналады. Бұған дейін Мәскеу, Минск, Ашхабад, Бішкек сынды астаналарда бас қосқан зиялы қауым өкілдері осы форумға қатысу үшін Қазақстан елордасына үшінші мәрте жиналып отыр. Ұлттық музей төрінде шымылдығын түрген игі шараға Армения, Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Молдова, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан мен Ресейден 200-ден аса делегат келді. «ТМД-дағы диалог – ХХІ ғасырдағы гуманитарлық ынтымақтастықтың келешегі» атты тақырыптағы келелі жиынды Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова ашып, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың форумға қатысушыларға арналған құттықтау сөзін оқып берді.
Елбасы құттықтауында ТМД-дағы Мәдениет жылы аясында өтіп жатқан бұл форум ХІ Астана экономикалық форумында көтерілген ғаламдық мәселелермен және бүкіләлемдік үрдістермен, сондай-ақ сананы жетілдіру бағдарламасының міндеттерімен тығыз байланысты екені айтылған. «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске қоса отырып, бәсекелік қабілетті, прагматизмді, ұлттық бірегейлікті сақтауды, білімнің салтанат құруын, эволюциялық дамуды және сананың ашықтығын қазақстандық ұлтты дамытудың негізгі басымдықтары ретінде белгілегеніміз атап өтілген. Жаһандық әлемдегі жағдайда бұл әмбебап құндылықтар халықтың әрқайсысына жақын және ұғынықты.
Форумға, сондай-ақ Халықаралық гуманитарлық ынтымақтастық қоры (ХГЫҚ) басқармасының төрағасы, Әзербайжан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және өкілетті елшісі П.Бюльбюль оглы, ХГЫҚ басқармасының тең төрағасы, Ресей Президентінің халықаралық мәдени ынтымақтастық жөніндегі арнаулы өкілі М.Швыдкой, еліміздің Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы, сонымен бірге достастық елдерінің делегаттары, қоғам қайраткерлері, ғылым, мәдениет, білім өкілдері қатысты.
Астана төрінде өтіп жатқан алқалы басқосудың жемісті аяқталуына Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин де тілектес екендігін білдіріп, құттықтау хатын жолдаған. Оны Ресей Президентінің халықаралық мәдени ынтымақтастық жөніндегі арнаулы өкілі М.Швыдкой оқып берді. Құттықтау хатта «Астана қаласында бастау алған ТМД-ға мүше мемлекеттердің ХІІІ ғылыми-шығармашылық интеллигенциясының форумы көтеріп отырған мәселелер достастық елдеріндегі интеграциялық үдерістерді дамытуға қызмет етеді. Форум жылдар бойы Тәуелсіз мемлекеттер достастығы шеңберінде өткізілетін гуманитарлық тақырыптағы маңызды шаралардың біріне айналды. Ол ғылым, мәдениет, өнер және білім саласының өкілдері, журналистер мен публицистер арасында бейресми, қызықты қарым-қатынас орнатуға үлкен мүмкіндіктер бере отырып, өзінің сұранысқа ие екендігін және барынша тиімділігін толық дәлелдеді» делінген.
Форумның ашылу салтанатында сөз алған Мәдениет және спорт министрі А.Мұхамедиұлы да жиынның маңыздылығына ерекше тоқталды. Министр атап өткендей, форумға қатысушылар екі күн бойы «Астана: мәдениет институттарының құрылуы мен дамуының табысты тәжірибесі», «ТМД-дағы Мәдениет жылы: дамудағы ынтымақтастық», «Білім беруді гуманизациялау: тарихы және болашағы» және «Болашақтың ұрпағы: сабақтастық және инновациялар» атты сұхбат алаңдарында өзара кәсіби қарым-қатынастың әртүрлі қырларын, атап айтқанда, мәдениетаралық диалогты қалыптастыру, білім беруді ізгілендіру, жастармен жұмыс жүргізудегі сабақтастық пен инновациялар сияқты мәселелерді талқыламақ.
Шын мәнінде, Астананың 20 жылдығымен қатар келген бұл форум әр жылдары елордамыздың саяси және мәдени өміріндегі жетістіктерімен сабақтасып келеді. Қала өмірінде орын алған тарихи өзгерістердің қиялға қанат бітіретіні сөзсіз. Жаңа елордамызды салуға бағытталған күш-қуат бүкіл елдің дамуына, оның ішінде шығармашылық және ғылыми зиялы қауым өкілдерінің дамуына серпін берді. Осы тұрғыдан алғанда форумдағы талқылау тақырыптарының бірі қазақ астанасының 20 жылдығына және елорданың мәдени институттарының қалыптасуы мен дамуының тәжірибесіне арналды.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, биылғы форумға өзек болған тақырып «ТМД-дағы диалог – ХХІ ғасырдағы гуманитарлық ынтымақтастықтың келешегі» деп аталған. Осы тақырып айналасында өрістеген әңгіме болашақ ынтымақтастық негізінде жоспарлар құрып, қазіргі ахуал және келешектегі басым бағыттар мен жұмыс түрлерін анықтауды көздеді. Сондай-ақ пленарлық отырыстарда және салалық секцияларда да ғылым, білім беру және өнер қайраткерлері өзара кәсіби әрекеттестіктің әртүрлі қырларын талқылады.
Бастысы, ТМД-дағы Мәдениет жылына байланысты мәдени ынтымақтастықтың әртүрлі қыры делегаттардың ерекше назарында болды.
Форум аясында «Достастық жұлдыздары» ТМД-ның басты мемлекетаралық сыйлығының лауреаттарын марапаттау салтанаты өтті. «Достастық жұлдыздары» сыйлығын 2009 жылы ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің гуманитарлық ынтымақтастығының мемлекетаралық қоры тағайындаған. Бұл ТМД мемлекеттерінің өкілдеріне, әлемдік жетістіктер дәрежесіне сай келетін, ТМД-ға қатысушы елдердің әрқайсысының және жалпы достастықтың дамуына ықпал ететін гуманитарлық қызмет саласындағы ең маңызды жетістіктері үшін жыл сайын тағайындалатынын айта кеткен жөн. Биыл жалпы сомасы 2 млн рубль мөлшеріндегі сыйлыққа 8 елден 11 үміткер ұсынылды.
«Достастық жұлдыздары» мемлекетаралық сыйлығын тағайындау жөніндегі кеңестің шешімімен биыл әзербайжан филологы Наргиз Пашаева, беларусьтық биатлоншы Дарья Домрачаева, қазақстандық скрипкашы Айман Мұсақожаева, қырғыз әдебиеттанушысы Әбділдажан Ақматалиев, молдовалық физик Ион Бостан, ресейлік музыкант Юрий Башмет, армян композиторы Степан Шакаян және тәжік ақыны Низом Касим лауреат атанды.
Форум барысында еліміздің Мемлекеттік хатшысы Г.Әбдіқалықова бастап, бір топ зиялы қауым өкілдері ТМД елдерінің гуманитарлық саладағы бірлескен жұмыстарына арналған көрмені аралады.
Айта кетейік, форум ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Мемлекетаралық гуманитарлық ынтымақтастық қоры (МГЫҚ), Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің және Қазақ ғылыми-зерттеу институтының (ҚазҒЗМИ) қолдауымен өтті.
Мирас АСАН,
Суретке түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ
«Егемен Қазақстан»