Өзінің өткенін ардақтай білетін, әрбір істен мән-мағына тудыра алатын халық музей ашуға пейілді келеді. Музей – халықтың тарихи танымының шежіресі, түрлі оқиғалар мен кезеңдердің, ұмытуға болмайтын сәттердің куәгері. Мұндағы әр заттың өзіндік тарихы бар. Сол затқа назар сала отырып, біз руханият дүниесіндегі бірнеше параллель оқиғалар мен кезеңдерді, дәуірлік құнды деректерді байқаймыз.
М.Әуезов театрының музейі жарты ғасыр уақыт ішінде өзінің жәдігерлерін толықтырудан бөлек, халықты театрдың өткенімен таныстыратын, аяулы да ардақты актерлердің өмірнамасының ел біле бермейтін беттерін жинақтап, көрерменге жеткізетін рухани орын. Музейдің ашылу тарихы туралы айтқанда, театрдың іргетасын қалаушылардың бірі Қапан Бадыровтың «Естен кетпес есімдер» атты кітабындағы «Тарих қоймасы» атты мақаласындағы «Алғашқы ашылған театрды зор қуанышпен қарсы алған қазақ елі сонша көп сыйлықтар тартты. Кілем, түскиіз, қасқыр ішік, түлкі ішік, түлкі тымақ, түйе жүн шекпен, құндыз бөрік, жібек шапан, күміс ер тоқым, сырлы аяқ, күміс ожау, ағаш шара, сары тостағандар, дастарқандар, аша бақан, күміс кісе, жібек белбеу, әртүрлі өрілген қамшы театр құрметіне тартылған-ды. Ал қыздар киер үкілі тақия, кәмшат бөрік, сәукеле, оқалы шапан, кестелі көйлек, омырауына түрлі теңге таққан камзол, сылдыраған шолпы, білезік, балдақтардың талайы сыйға келгенін білеміз» деген жолдары ойға оралады. Көрнекті актер кезінде осының бәрінің қадіріне жете алмағандарына өкініш білдіреді. Себебі халық сыйға тартқан осыншама мұра-жәдігерлер музей болмағандықтан тозып, іске алғысыз дүниеге айналған. Егер 1926 жылдан бергі барлық экспонаттар сақталған болса, көрерменге тарту етер құнды дүние тіптен мол болар еді. Ештен кеш жақсы. Қазірдің өзінде музей қоры Қазақстандағы театрлар музейлерінің ішіндегі ең байы, толымдысы. Мұндағы заттар сан алуан, тарихи құны аса жоғары бағалы дүниелер мол.
Музей 1968 жылы ашылды. Сол жылдары Қапан Бадыров, Нұрмұхан Жантөрин, Сәбира Майқанова, Шәкен Айманов, Хадиша Бөкеева, Шолпан Жандарбекова, Асанәлі Әшімов, Есмұқан Обаев, Әубәкір Рахимов бастаған аға-апаларымыз бар күшін салып, жәдігерлердің жинақталуына, көбеюіне, олардың хронологиялық тәртіппен реттелуіне зор үлес қосқан. Бүгінде театр музейінен 92 жылдық тарихы бар қарашаңырақтың өнер белестерімен кезең-кезеңімен танысуға болады. Елімізге белгілі өнер тұлғаларының майлы бояумен салынған 30-дан астам портреті қаз-қатар тізіліп, ілініп тұр. Актерлердің әр жылдары, әртүрлі қойылымдарда киген костюмдері – баға жетпес байлығымыз. Музей жұмыс істегелі бергі зерлі, асыл матадан тігілген киім үлгілері бар. Актерлердің марапаттары, медальдары, алғыс хаттары, қолданған бұйымдары сақтаулы. Әр спектакльден түсірілген фотолардың қоры да мол. Фотолар мұрасына үңілген кезде, сонау театр құрылған жылдардан бастап, күні бүгінге дейінгі кезеңді қамтитын, режиссерлер, актерлер, басшылар, техникалық қызметкерлер, басқа да театрға қатысты бейнелерді көресіз. Белгілі актерлердің өзі тұтынған заттары, әшекей бұйымдары, кейбір күнделіктері мен қолжазбалары, тілектері де табылады. Соңғы жылдары қорымыз әртүрлі бейнежазбалармен толығу үстінде. Спектакльдердің бейнежазбасын да сақтап, қажет уақытта пайдалануға мүмкіндік туғызып отырмыз.
Музейдегі ең құнды дүниелердің қатарына қойылымдардың афишаларын жатқызуға болады. Мысалы, 1926 жылы 13 қаңтарда Қызылордада қойылған ең алғашқы қойылым – Қошке Кемеңгерұлының «Алтын сақа» пьесасының «Еңбекші қазақ» газетінде жарияланған афишасының көшірмесі бар. Осы құнды дерек қазақ театрының тарихын терең зерделеудің негізі бола алады. Бұдан кейінгі жылдардағы афишалар арқылы қазақ театрының тақырыптық, мазмұндық ерекшеліктерін байқаймыз. Қорымыздағы көзге оттай ыстық басылатын тағы бір құнды дүниелер – суретшілердің қойылымдарға дайындаған киім үлгілерінің эскиздері. Оларға қарап отырып суретшілердің театр әлеміндегі айрықша еңбегіне тәнті болмай тұра алмайсыз.
Музей қорында қазіргі таңда 300 мыңнан астам жәдігер сақталған. Әуезов театры жыл сайын «Театр көктемі» фестивалін өткізіп келеді. Аса мәртебелі мерекенің кезінде «Фестивальден фестивальге дейін» деген көрме ұйымдастырылуда. Музей жылжымалы көрмелерін де өткізіп келеді. Елеулі даталар бойынша, республикалық мерейтойлар кезінде өзге облыстарда көрме ұйымдастыру қолға алынған, сонымен қатар театрда үлкен кешенді көрмелер ұйымдастырылды. атап айтқанда, 2016 жылы театрдың 90 жылдық мерейтойына бүкіл театр тарихын 4 кезеңге бөліп көрсетілген арнайы көрме өтті. 2016 жылы Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Астана қаласында, Ұлттық музей ғимаратында «Тарих толқынындағы театр шежіресі» атты көрме жоғары деңгейде ұйымдастырылды. «Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Токио қаласында өткен гастрольдік сапарында «Рухани қазына» атты көрме ұйымдастырып, жапондық көрермендердің театрдың бай тарихымен танысуына мүмкіндік жасалды. Театр музейі көрерменнің өнер шаңырағындағы уақытын оңтайлы пайдалануы үшін белсене қызмет етіп келеді. Әр күні қойылым көруге келген көрермендердің кемінде тең жартысы бізге келіп, театрдың тарихымен, бүгінімен танысады.
Наргиз ТАМАБЕКҚЫЗЫ,
М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік Академиялық
драма театры музейінің жетекшісі