Өткен жылы тарих ғылымының докторы, профессор Зиябек Қабылдиновтың «Астана: өткені мен бүгінгісі» атты кітабы жарыққа шыққан-ды. Ел тарихы туралы тереңнен сыр шертетін кітаптың 57-бетінде ағайынды Қосшығұловтардың, басқа да Матвей, Андрей Кубриндердің, Иван Силиннің, Ғалиасқар және Сыздық Халфиндердің, басқа да көпестердің аты аталған. Баймұхамбет Қосшығұловтың өз ақшасына мешіт пен мұсылмандарға арналған мектеп салғаны баяндалыпты. Бұл деректер бар болғаны 2 абзацтың аясында айтылған.
111-бетте басқа көпестермен қатар Қосшығұловтардың мал-мүліктерінің тәркіленгені бір абзацта ғана баяндалады. Аты аталған қазақ капиталисі, 1-ші гильдия көпесі, «Ресей император мәртебесінің сарайына тапсырушы» құрметті атағының иесі Баймұхамбет Қосшығұлов пен оның ұлдары жайлы бір сырды ортаға салғымыз келіп отыр. Қазақтан шыққан ірі капиталист Баймұхамбет Қосшығұловтың есімі байлығына қарай ел ішінде Байкөп, Майкөп аталып кеткен. Шыққан тегі арғынның алтай руының алысай тармағына жатады. Нарықтық экономика жағдайында Байкөп Қосшығұлов пен оның балаларының жетістігі зерттеліп, зерделеніп бүгінгілерге үлгі боларлық дәрежеде насихатталуы қажет. Қосшығұловтар жайлы олардың тікелей ұрпақтарының бірі, қаламгер Ерлан Күзекбайдың 2002 жылғы 10 қаңтарда «Инфо-Цес» газетінде жарияланған мақаласында:
– Бүгін бәріміз де Қазақ даласының тарихын Ресей империясының, кейін тоталитарлық режімнің ыңғайына салып, сауатсыз, жабайы, мал бағудан басқаға жарамайтын көшпенділердің тарихы ретінде оқытқанын білеміз. Бұған дәлел – кеңес дәуіріндегі бірде-бір тарихи оқулықтарда XIX-XX ғасырлар тоғысында нарықтық экономиканың алғашқы үлгілері бастау алып, алғашқы қазақ капиталистерінің қалыптасқаны жайлы бірде-бір дерек келтірілмеген,– дейді.
Мұрағат деректеріне сүйенсек, Баймұхамбет Қосшығұлов 1848 жылы қазіргі Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданының Келтетал ауылында дүниеге келген. Баймұхамбет жетім өскен, оны бала кезінде татар көпесі асырап алып саудаға баулыған, үйлендірген. Баймұхамбеттің алты ұлы және Райхан деген бір қызы болған. Ұлдарының бәрі дерлік әке жолын қуып сауданы кәсіп еткен. Тоғыз жолдың торабы саналатын Ақмола Қызылжар – Ташкент – Қашқар қалаларының арасын жалғайтын дәлізде орналасқаны белгілі. Мұнда көктемде – ел жайлауға шығар кезде, күзде – қыстауға қайтар мезгілде ірі жәрмеңкелер өтіп тұрған. 1890 жылы қаланың ортасындағы үлкен алаңда «Қонақ қатар» деп аталатын тастан қаланған екі дүкен бой көтерді. Осы дүкендердің бірі Қосшығұловтар дүкені «Жасыл қатар» аталып кеткен. Өйткені дүкеннің терезесі мен қақпасы жасыл бояумен боялған екен.
Бұл кезеңде Қосшығұловтар отбасы сауда мен өнеркәсіппен айналысты. Осы жерде оқырманға келесі түсінік беру қажет деп ойлаймыз. Ресей империя кезінде көпестер қоғамда өте маңызды рөл атқарған. Көпестер қауымы алған атақтарына байланысты 3 гильдияға бөлінеді. 3-гильдиядағы көпес тек бөлшек саудамен ғана айналысуға құқылы болса, 2-гильдиядағы көпестің көтерме саудамен айналысуға рұқсаты бар. Бұл екі гильдияның көпестерінің өнеркәсіппен айналысуға құқы болмаған. Тек 1-гильдиядағы көпес қана саудамен де, өнеркәсіппен де айналысуға құқылы.
1895 жылы «Қосшығұлов пен ұлдары» атты Ақмола облысында жалғыз кондитер-тоқаш фабрикасы ашылған. Фабрикада тәтті тоқаштың түр-түрі, сухарь, зефир, қалуа, шоколад-конфеттер, тәтті тағамдар өндіріліп сатылған. Қосшығұловтардың пірәндіктері Қазақстан мен Ресейден тыс елдерге кеңінен белгілі болған, өйткені Ақмоланың ұны Еуразия кеңістігіндегі ең сапалы ұн саналады. Әулеттің өз диірмені жұмыс істеген, ұны Ресей мен Орта Азия елдерінің нарықтарында сатылған. Қосшығұловтар әулеті, сонымен қатар керосин және басқа да мұнай өнімдерін сатумен айналысқан. 1915 жылы «Қосшығұлов және ұлдары» фабрикасына «Ресей император мәртебесінің сарайына тапсырушы» деген құрметті атақ беріледі.
XX ғасыр басынан Қосшығұловтар Ресей, Батыс Еуропа және Орта Азия елдерімен тығыз экономикалық, сауда қатынастарын орнатты. 1-гильдия көпесі Байкөп Қосшығұлов жөнінде Санкт-Петербургте шығатын «Сібірдегі сауда-өнеркәсіп жылнамасында» жиі-жиі ақпарат беріліп тұрады. Осы басылымның 1913 жылғы нөмірінде Байкөптің коммерциялық әрекетінің бағыттары тізіп көрсетілген. Бұл тізімде бақалшылық және шаруашылық тауарлар, керосин, мұнай, шыбын-шіркейге қарсы тауарлар, ыдыс-аяқ, шай мен қант, кондитерлік бұйымдар және басқалары бар. Осыған ұқсас ақпараттар Ресейдің «Ақмола облысының сауда-өнеркәсіптік мекенжай күнтізбесі және жол нұсқаушы» (Омбы қаласы, 1911 жыл), «Сібірдің сауда-өнеркәсіптік анықтама күнтізбесі» (Том қаласы, 1894-1907 ж.ж.) сынды анықтамаларында бар.
Қала сәулетінде қолтаңбасы қалдыДегенмен Қосшығұловтардың кәсіпкерлік жұмысы негізінен Ақмола қаласында жүзеге асырылған. Мұнда ол бірнеше үй, фабрика, дүкен, мейрамханалар салған. Қосшығұловтар салған Тас мешіт немесе Қызыл мешіт, медресе, мұсылман жастарына арналған мектеп бертінге дейін халыққа қызмет етті. Өзі жетім өсіп, еңбегімен көтерілген Байкөп қайырымдылығымен кешегі біз көзімен көрген ақсақалдардың жылы естеліктеріне негіз болды.
Астанадағы қазіргі М.Әуезов пен А.Иманов көшелерінің қиылысында Байкөп Қосшығұлов салған Тас мешіт 1930 жылға дейін жұмыс істеп тұрған екен. Оны сол жылы тарихи-өлкетану мұражайына, 1941 жылы сыра зауытына беріп, 1970 жылы тас-талқан етіп бұзып тастады. Ал бүгінгі Абай көшесіндегі «Казком» банкінің ғимаратының орнында Байкөп салған мұсылман жастар мектебі болған. Қазіргі Тұрмыс үйі мен Абай қонақүйінің орнында бұрын Қосшығұловтар салған үлкен екі қабатты ғимаратта кондитерлік фабрика орналасқан болатын. Кеңес дәуірінде 1973 жылға дейін бұл ғимаратты типография мен облыстық газеттер редакциялары мекен еткен еді, кейіннен ол да бұзылды.
1913 жылы орыстар мен шетелдік капиталистер бірлесіп, Ресей империясының Темір жол министрлігінің бас жоспарын жүзеге асыру үшін құрған акционерлік қоғамға Қосшығұловтар мүшелік еткен. Осы жоспар бойынша Ақмола арқылы Түмен-Ақмола-Ташкент және Ор-Ақмола-Семей бағыттарында жол салынуы жоспарланған болатын. Қазақ көпестері бұл жобаға өте қомақты қаржы салған. Өкінішке қарай, Қазан төңкерісіне байланысты жоспардың бәрі бұзылып, темір жол Ақмолаға тек 1920 жылдары жеткені мәлім. Оны біздің кейіпкеріміздің өзі көрген жоқ, 1916 жылы Баймұхамбет Қосшығұлов 68 жасында безгек ауруынан кенеттен қайтыс болды. Оның мүрдесі қазіргі ескі қалалық зиратта жерленген.
Ақмолаға алғаш автокөлік әкелгенБайкөптің үлкен ұлы Құрманғали 1876 жылы (кейбір деректер бойынша 1878 жылы) дүниеге келген. Ол жергілікті медресені және семинарияны аяқтағаннан кейін Санкт-Петербургтегі есеп-кооперативтік институтқа түсіп, оны сауда экономисі деген мамандық бойынша бітірген. Яғни Құрманғали Қосшығұлов – 1900 жылдары жоғары экономикалық білім алған алғашқы қазақтардың бірі.
Құрманғали Санкт-Петербургте оқып жүрген кезінде қалада алғашқы автомобильдер пайда болады. Ол сол кездегі алғашқы жүргізушілер курсын оқып, жүргізушілік мамандықты меңгереді. Сол жылдары автомобиль жүргізуден алғашқы жарыстар ұйымдастырыла бастаған екен, жарыстардың біріне қатысқан Құрманғали 1-орынды жеңіп алғаны үшін сыйлық ретінде тегін автомобильге ие болады. Бұл автомобиль 1900 жылдары Қазақстан даласында, Ақмоланың жолдарында жүйткіген алғашқы автомобиль болатын.
Мұндай ғажайып техника ақмолалық көпестердің арасында өте зор қызығушылық тудырды. Жан-жақтан тапсырыстар беріле бастады. Сол уақытта Құрманғали Ақмоланың ақшалы байларына автомобиль әкелумен айналысады. Әңгіме басында атап өткен тарихшы А.В.Дубицкий Ақмоладағы алғашқы автомобильдерді фотограф К.П.Шахов, қала мэрі көпес М.Кубрин иеленген деп жазған болатын. Шын мәнінде олар автомобильдерді Құрманғалидің қолынан сатып алған. Бұл жөнінде А.В. Дубицкий білмегендей болып, айтпай кеткен.
Құрманғали Қосшығұлов – автомобиль өндірісінің болашағы жарқын екенін алдын ала ұғынған. Ол Ақмола қаласында автомобиль жасайтын зауыт салудың жан-жақты жоспарын жасап, Германияның зауыттарымен 1913 жылы келісімшарт жасасады. Сол жылы елімізге немістің бірнеше инженер-конструкторлары келіп, автомобиль зауытының құрылысын бастап та кетеді. Құрманғалидің інісі Бекмұқамбет ол туралы былай деп еске алады: «Немістер өзімен бірге автозауыт пен автомобильдің зор көлемдегі сызбаларын ала келді. Олардың әрқайсысы салмағы 30-40 келі болатын орасан зор кітаптар болатын. Бұл сызбалардың ұзындығы 1,5 метр, ені 1 метр, қалыңдығы 30 сантиметр еді. Осы сызбалар біздің қонақүйдің үлкен үстелінің үстінде жатушы еді». Алайда зауыт құрылысы 1914 жылғы Ресей мен Германияның арасында соғыс басталуына байланысты тоқтап қалды.
Алашорданың демеушісі1917 жылы Алаш партиясы құрылып, Алашорда өкіметі жарияланды. Құрманғали Қосшығұлов партияның негізгі демеушісі болып, барлық іс-шараларын қаржыландырып отырды. Алашорда жетекшілері Құрманғалиға жиі келіп, кеңесіп отырған. Інісі Бекмұқамбет Қосшығұловтың ағасы Алашордалықтарға берген қаражатын есептеп, құжаттарын толтыруға көмектескені туралы естеліктері бар. Алайда тағдыр Құрманғалиға қаталдық танытты. Кеңес өкіметі орнасымен елдің қалталы адамдарына еселеп салық салынды, жаңа тәртіпке бағынғысы келмегендер қудаланды. 1928 жылы оның шаруашылығы, кәсіпорындары тексеріліп, табысын жасырды деген айып тағылды. Қосшығұловтар әулеті өсіп-өнген өлкелерінен бас сауғалап кетті. Қазақтың алғашқы капиталистерінің бірі, елге жомарттығымен танылған атақты меценат Шымкент қаласында ешкімге елеусіз күйде 1954 жылы дүние салды.
Құрманғалидің Хасен деген жалғыз ұлы болатын. 1920 жылы оны «бай баласы» деген айыппен ұзақ жылдарға соттайды. Соғыс оны сырқат және әбден титықтаған оны түрмеден босатады. Туған жеріне қайтып келген күннің ертесіне Хасен о дүниеге аттанады.
Сөз соңында айтарымыз, өнегелі ісімен, айрықша кәсіпкерлік дарынымен дараланған, талай кедей-кепшікке жұмыс беріп қорған болған, талай озық шараларға мұрындық болған, өз заманынан бір ғасыр озған, қайырымдылығымен, имандылығымен көпшіліктің мақтаны болған Қосшығұловтар әулеті қазір қандай құрметке де лайық деп санаймыз. Ұлы идеяларын орындай алмай кеткен Қосшығұловтарға арнап «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында кең көлемді іс-шаралар өткізетін, ескерткіш қойып, мектеп, көше аттарын беретін кез келді. Тарихшы ғалымдар Санкт-Петербург, Омбы, Том мұрағаттарынан тиісті деректерді тауып, көлемді зерттеу жүргізсе игі. Ал Қосшығұловтардың қаламызда салған ғимараттарынан сау қалған бүгінгі «Казком» банкінің ғимаратына мемориалдық тақта орнатып, болашақта оны мұражайға айналдырса, нұр үстіне нұр болар еді.
Жангелді Шымшықов,
экономика ғылымдарының кандидаты, профессор