Сотқа жүгінбейтін адам жоқ. Бірақ солардың дені «Мен сүттен ақ, судан тазамын» дейді. Яғни «Мен кінәлімін, мен ұрымын, мен парақормын» деп ешкім айта қоймайды. Және тараптардың қай-қайсының да сотта келтірген уәждері сенімді көрінеді.
Алайда сот шешімімен айыпты немесе қылмыскер атанып жатқандар аз емес. Олардың дені бас бостандығынан айырылып, бірнеше жылға сотталады. Мұны шынайы сот төрелігінің нәтижесі дейміз. Бірақ осы сот төрелігі қалай жүзеге асырылады?
Әрине демократиялық, құқықтық мемлекетте қандай жағдайда да біреудің кінәсін айту оңай емес. Ол үшін қара қылды қақ жаратын әділдік қана қажет. Оның үстіне, әйтеуір, бір тараптың кінәсі мол екенін сол тараптың өзінен өзге ешкім жіті біле қоюы қиын. Мұны айтып отырғанымыздың өзіндік мәнісі бар. Себебі сот кез келген үкімді яки шешімді жайдан-жай шығара салмайды. Соттың өзге құзырлы органдардан басты ерекшелігі де сол – айдан анық ақиқатты ғана жариялау. Бұған еліміз тәуелсіздік алғалы бері сот жүйесінде жүргізілген көптеген сындарлы реформалардың оңды нәтижесі мен адамның жеке құқы, бостандығы сақталып, заңмен жан-жақты қорғала алатындығы үшін кепілдік берілетін Ата Заң талаптарын дәлел ретінде келтіруге болады. Осыған орай Елбасы соттарда әділдік салтанат құруы керек деп бекер айтқан жоқ.
Қылмыскер ешуақытта қылмыскермін деп айтпайды. Ал қылмыстық істерді саралау, зерделеу, дәлелдемелерді таразыға тарту, адам өлтірді деген күдіктіні кінәлі немесе кінәсіз деп тану, сөйтіп айыпсызды ақтау, жазықтыны тар қапасқа тоғыту – айтуға ғана оңай. Сондықтан қылмыстық істерді қарау сол қылмыстың қалай жасалғанын зерделеп шығу ғана емес, оның ауырлығын сезініп, қасіретін жүректен өткізу дейді қазіргінің билері. Ал оларға мұндай кезде адалдық, әділдік, шындық қағидаттары ғана демеу болады.
Өйткені дауласа қалған жанның алдан күтер әрі арқа сүйер үміті де осы үш негізбен тығыз байланысты. Жәбірленушінің тағдыры таразыға тартылғанда көздегені осы талап аясынан табылып жатса, ол сот менің құқымды қорғады деп жаны жай табады. Ал бұл орайда екінші тараптың, яғни екінші жақтың талабы тасқа соғылып дегені болмай қалса, сот менің құқымды қорғамады, менікі дұрыс еді, бірақ оны ескермей бұра тартты дейді. Міне, осы сот процесінде кездесетін мұндай келеңсіз көріністер салдары көптің көңілін күпті етері де жасырын емес. Сондықтан соттарда әділдіктің салтанат құруы ғана жағдайды оңалта алады.
Алайда қылмыстық процеске тартылғандардың арасында кім жүрмейді дейсіз. Ешбір адам басына іс түсіп шатылғанша, сотты болғанның соры қайнайтынын сезіне қоймайды. Мұндайда ақ та, қара да бір қазанға тоғытылуы мүмкін. Сондықтан о баста қылмысты ашуда қудалау органдары әрқашан сүттен ақ, судан таза болады деу асығыстық.
Міне, сол кезде олардың кемшілігін анықтауда сот талқылауының маңызы зор. Өйткені о баста анықтау, тексеріс амалдары қаншалықты заңға сай жүргізілгенін және адамға қысым жасалып сұрау алынған тексерістердің сырын сот қана біле алады. Міне, бұл сот процесіндегі ең шарықтау кезең. Және осы кезде әділдіктің соттарда салтанат құра алатыны айқын аңғарылады. Ал бұған қол жеткізу үшін бүгінде сот саласы да жаңа бағыт бойынша жұмыс істеп жатыр. Бұл өзгеріс көзі қарақты оқырмандар мен жаңалықтарға жақын жүретін жандарға етене таныс. Ол өзгеріс өзегі Мемлекет басшысының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында белгіленген міндеттер. Оны заң үстемдігін бұлжытпай сақтау үшін билерге орындау халыққа – жақсылық, судьяларға – абырой әкелетіні айдан анық.
Бұл міндеттер ашық сот төрелігін қамтамасыз етуде жемісін беруде. Соның бір дәлелі әлемдегі озық отыз елдің қатарына ену барысында Қазақстанның құқықтық саласының, әсіресе сот жүйесінің халықаралық талаптарға сай дамуы үлкен қолдау. Мұндай реформалар ең алдымен халыққа тиімді болуы қажет. Жоғарыда айтқанымыздай, қудалау органдары жіберген қылмыстық істердегі кемшіліктерді, заңсыздықтарды табу – сот міндеті. Ал бұл міндетті орындау барысында әр судьяға үлкен талап жүктеледі.
Уақыт өткен сайын біліктілік те жетілдіріліп отыруы тиіс. Егер адам нақақ сотталса, ол мені мемлекет соттады демейді, әділетсіз жүйенің солақай саясатынан зардап шектім дейді. Демек, әділетсіз шешім шығарған судья билік атына кір келтіреді. Мұндай қателіктердің алдын алу үшін сот жүйесінде жаңадан сот жюриі құрылғаны да белгілі. Аталған құрылым судьяның орнынан түсу құқығын растау, оны тоқтату мәселелерін және оларға қатысты тәртіптік істерді қарайды. Таратып айтқанда, сот жюриінің құрамы біліктілік және тәртіптік комиссиялардан құрылып, жұмыс істеп жүрген судьяның кәсіби қызметіне баға береді.
Міне, осының бәрін саралай келгенде байқалатыны, қазіргі сот төрелігі ғана әділдіктің соттарда салтанат құра алатынын қамтамасыз ете алады. Оған дәлел көп. Соған сәйкес енді қудалау органдарының да қызметін қайта құратын, әділдіктің анықтау, тергеу салаларынан бастау алатынына назар аударатын кез жетті. Осы орайда уақыттың талабына толық сәйкес келетін «Сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық Заңға, Қылмыстық-процестік кодекс пен Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекске тиісті өзгерістер енгізілді. Ал осындай өзгерістерге сай небір күрмеуі қиын істердің ақиқаты ашылып, әділдіктің салтанат құруы жоғарыдағыдай жан-жақты талқыланған сот төрелігінің нәтижесі дейміз.
Александр ТАСБОЛАТ,
«Егемен Қазақстан»