Орталық коммуникациялар қызметінде «Қазақстан Республикасының үздік мемлекеттік қызметшісі» республикалық конкурсының қорытындысына арналған баспасөз мәслихаты өтті.
Жиынға Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Айгүл Шайымова, мемлекеттік қызмет департаментінің директоры Жарқын Тілеукенов, мемлекеттік қызмет департаментінің сарапшысы Жандарбек Молдашев қатысты.
Шара барысында «Қазақстан Республикасының үздік мемлекеттік қызметшісі» республикалық конкурсының жалпы қорытындысы, қатысушылар мен жеңімпаздары жайында ақпарат беріліп, мерекеге орайластырылған салтанатты іс-шараның жаңа форматы жайында сөз қозғалды.
«Елбасы жиырма жыл бұрын тағдырлы шешім қабылдады. Елордамыз Алматы қаласынан Ақмолаға көшірілді. Бұл дата біздер үшін өте маңызды. Өйткені осыдан жиырма жыл бұрын біздің Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі де құрылған болатын. Сондықтан биыл біз де жиырма жылдық мерейтойымызды атап өтеміз. Осы орайда Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жыл басынан бері түрлі іс-шаралар өткізген болатын.
Олардың барлығы Президент Әкімшілігінің қолдауымен жүзеге асты. Өткізілген шаралардың ішіндегі маңыздысы – «Қазақстан Республикасының үздік мемлекеттік қызметшісі» республикалық конкурсы. Біз аталған байқау туралы сәуір айындағы баспасөз мәслихатында жан-жақты айтып өткенбіз. Алғаш рет өткен жылы ұйымдастырылған жобаның жеңімпаздары Елбасымен кездесуге мүмкіндік алғаны белгілі. Биыл байқауға қатысушылар саны бір жарым есеге көп. Соның ішінде аймақтағы мемлекеттік органдардың қызметкерлері белсене атсалысты. Қатысушылар алдымен аймақтық іріктеуден өтіп, республикалық кезеңге жолдама алды. Ұзын саны 454 үміткердің ішінен 390 адам таңдалды. Біз оларды мемлекеттік қызметті қаншалықты игергенін анықтайтын тест тапсырмалары арқылы іріктеп алдық. Сонымен 50 балдан жоғары алғандардан 189 адам келесі кезеңге өтті. Солардың ішінен финалға 52 үміткер қатысты. Кездесу қорытындысы бойынша республикалық комиссия конкурстың 20 жеңімпазын анықтады. Олардың 12-і басшылық лауазымдарда, 8-і өздерінің мансабын енді бастағандар. Жеңімпаздардың ішінде 12-сі ер адам, 8-і әйел адам. 20 жеңімпаздың 9-ы шет тілдерінде еркін сөйлейді, оның ішінде 4-еуі «Болашақ» бағдарламасының стипендиаттары. Ең кішісі 24 жаста, ең үлкені 53 жаста», деді Айгүл Шайымова.
Оның айтуынша, жеңімпаздар осы аптаның соңында салтанатты жағдайда марапатталмақ.
Рауан ҚАЙДАР,
«Егемен Қазақстан»