М. ЕРМАН: Өңірдің әлеуеті зор
Шымкентке республикалық маңызы бар қала мәртебесін беру және Түркістан облысын құру тек Қазақстанның ғана емес, сонымен бірге Орталық Азия өңірінің экономикалық мүддесі үшін жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Егер біз Шымкент пен жаңадан құрылған Түркістан облысының әлеуетін қарастыратын болсақ, нені байқаймыз? Біріншіден, Шымкентте және облыста өте ірі өнеркәсіп және білім беру нысандары шоғырланған. 90-шы жылдары Мемлекет басшысының бастамасымен Түркістанда Халықаралық қазақ-түрік университетінің құрылғанын еске алсақ та жеткілікті. Бүгінде бұл университет Қазақстанның жоғары оқу орындары рейтингінде лайықты орынға ие болып отыр.
Көптеген студенттер, оның ішінде шетелдіктер де білім алып жатыр. Сонымен қатар Оңтүстік Қазақстан облысының аумағы арқылы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жаңа заманауи дәлізі салынды. Бұған қоса, газ тарту мәселесі де шешіліп, өңірде ауыл шаруашылығы, шағын бизнес қарқынды дами түсуде. Қазіргі уақытта Түркістанда түрлі нысандар салу бойынша жоспар әзірленуде.
Мұхтар ЕРМАН,
Мәжіліс депутаты
*****
М. КЕМЕЛ: Дер кезінде қабылданған тамаша шешім
Түркістан қаласына облыс орталығы мәртебесін беру және аймақты Түркістан облысы деп атау өте тамаша әрі дер кезінде қабылданған шешім деп санаймын.
Бұл миллионнан аса халқы бар қала өз бетінше жеке өмір сүрсін, қалғандары да біртіндеп жетіліп кетер деген сынды жай ғана жеңіл мақсатпен жасалған жаңалық емес. Бұл – одан әлдеқайда ауқымды, үлкен мақсатты көздеген шешім. Түркістан ежелден Ұлы Жібек жолының бойында жатқан қала, киелі шаһар. Дегенмен, бұл жаңалық тек осы оймен, сыртқы форма үшін жасалды деп ойламаймын. Оңтүстіктегі көршіміз Өзбекстанда аса ауқымды жұмыстар басталып, ірі-ірі жобалар қолға алынып жатыр. Көрші мемлекетпен қатарласып, біздің шекара бойында жатқан облыс та одан әрі қарқынды түрде дамуға тиіс. Оған мүмкіндігі, әлеуеті жеткілікті. Осы жағынан алғанда, бұл жаңалық біздің еліміз үшін, жаңа атауға ие болған облыс үшін тиімді болады деп ойлаймын. Сондықтан Түркістанның облыс орталығы болғанына қуаныштымыз, әрі қарай жан-жақты дами беретініне сенеміз.
Шымкенттің де бұрынғы биігі аласармай, бұрынғы бағасы кемімей, одан әрі дами түседі. Бұл өңірдің халқы еңбекқор, саудаға бейім, бәсекелестікке қабілетті. Облыс орталығы ауысты деп өкініп жатпағанына сенімдімін. Әрине, аздаған қиындықтар болуы мүмкін. Мәселен, Мақтаарал ауданынан Шымкентке дейінгі қашықтық бұрын 200 шақырым болса, енді жаңа облыс орталығы Түркістанмен арада 400 шақырым жол жатыр. Орталықтан қашықтай түскені сәл қиындық туғызғанымен, оған да біртіндеп бейімделіп кетеді.
Мырзагелді КЕМЕЛ,
экономика ғылымдарының докторы
*****
Қ. АЙТАХАНОВ: Демографиялық өсімге ықпал етеді
Елбасымыз жаңа облысты «Түркістан» деп атау арқылы аса маңызды тарихи шешім қабылдады. Өйткені «Түркістан» ұғымы күллі түркі дүниесіне ортақ рухани һәм қастерлі есім. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бұған дейін бұл қаланы халқымыздың рухани астанасы деп үнемі айтатын Тіпті сонау 90-жылдардың басында Түркістан шаһарын жеке мәртебесі бар орталыққа айналыру жөнінде де пікір өрбіген-тін.
Бұл орайда Мемлекет басшысы ұзақ ойланып, әбден иі қанып, пісіп-жетілген сәтті қалт жібермей шешім қабылдады. Өйткені көнеден келе жатқан арысы түркі дүниесіне, берісі қазақ хандарына астана болған бұл шаһардың кейінгі ұрпақ үшін, қазіргі еліміздің саяси ұстанымына айналған жаңғырудың іс жүзіндегі көрінісі үшін аса маңызы бар. Расын айтқанда, біздің рухани қайнарымыз – Түркістан. Егер бұл мекен қадірлі-қасиетті болмаса ұлтымыздың ұлылары Есім хан, Абылай ханнан бастап, бұл жерді өздеріне мәңгілік мекені ретінде таңдамас еді. Бұл бір.
Екіншіден, аталмыш шешімнің экономикалық та қажеттілігі бар. Түркістан өлкесі жылы райлы, адамдар өмір сүруге қолайлы. Сол себепті, онда орта және шағын бизнесті дамыту арқылы елдің әл-ауқатын жақсартуға болады. Әрі қарай сабақтай айтсам, экономика жақсарса, халықтың демографиялық өсімі артады, тұрмысы жақсарады. Демек, бұл қазақ қоғамы үшін – экономикалық, саяси, рухани үшжақты пайдасы бар шешім.
Қуаныш АЙТАХАНОВ,
қоғам қайраткері
*****
Ғ. ЕСІМ: Шымкенттің өрісі кеңейді
Біз өркендеп келе жатқан елміз. Сондықтан бізге дәл осындай өте маңызды шешімдер қажет. Өйткені елімізде дәл бүгінгі заман ағымына сәйкес ірі мегаполис қалалар пайда болды. Әлемдік экономика тарихына назар салсақ, елдің әл-ауқатын көтеретін осы ірі қалалар. Бұл шаһарлардың басты ерекшелігі – әкімшілік-құрылымдық орталықтан тыс болуы тиіс. Себебі мегаполистер өзін-өзі қамтамасыз етіп қана қоймай, республика бюджетіне донор бола алады. Бұл ғаламдық тәжірибе.
Мысалы, өткен 90-жылдары ел көлеміндегі барлық қалалар, яғни әкімшілік орталықтары нарық желіне шайқалып, дағдарысқа ұшыраған тұста, Алматы былқ еткен жоқ. Себебі бұл қаланың донорлық мүмкіндігі болды, яки өзін-өзі асырай алды. Осындай мегаполистер қатарына соңғы жылдары Астана және Шымкент қаласы енді.
Осы орайда, бүгінгі қабылданған шешімі арқылы Елбасы болашақта донорлық мүмкіндікке ие тағы бір құрылымды жасай алды. Одан кейін бұл шешімнің мен үшін рухани маңызы – жаңа аймақтың Түркістан облысы деп аталуы және оның орталығы қазақтың күллі ұлыларына мәңгілік мекен болған Түркістан қаласының таңдалуы.
Ендігі бір мәселе – болашақта бой көтеруі тиіс жаңа қала нағыз қазақы стандартын сақтаған мазмұн, әрі ежелгі түркілік мәдениеттің жаңа замандағы келбетіне сай жаңғыртылса деген ниет бар.
Ғарифолла ЕСІМ,
академик