Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев британдық BBC телекомпаниясының «Hardtalk» бағдарламасындағы сұхбатына байланысты қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарының өтініші бойынша түсіндірме берді, деп хабарлайды Сенаттың баспасөз қызметі.
Төраға әңгіме барысында көптеген өткір мәселелер талқыланғанын атап өтті. «Бұқаралық ақпарат құралдарында ерекше ықылас туғызған сұхбаттың бір бөлігіне қатысты айтар болсақ, менің жауабымның мағынасы Елбасының мәртебесі Тұңғыш Президент – Елбасы туралы заңда да, таяуда қабылданған «Қауіпсіздік Кеңесі туралы» заңда да нақтыланғаны туралы болатын. Президент келесі сайлауға қатысса да, қатыспаса да ішкі және сыртқы саясат мәселелері бойынша соңғы шешімді өзі айтады. Ол заңда белгіленген, ол Елбасы және солай қала береді.
Қ. Тоқаевтың айтуынша, Елбасы алдағы сайлауға қатысу туралы шешімді парасатты әрі дана адам ретінде өзі қабылдайды.
«Халықаралық аренада Елбасының беделі зор, - деп атап өтті Қ. Тоқаев. – Оны іс жүзінде біздің еліміздің барлық тұрғындары қолдап отыр, сондықтан ол сұхбат кезінде айтылғандарға қара бұлтты төндірудің қажеті жоқ. Ол өте қызықты әрі күрделі сұхбат болды. «Hardtalk» («Ауыр әңгіме») аясында сұхбат беру оңай емес екені түсінікті. Сонда да мен осы әңгімелесуге келіскен дұрыс деп есептедім, өйткені біз демократияны және еліміздің экономикалық әлеуетін дамыту үшін ел ішінде не істеп жатқанымызды Батыс түсіну үшін жиі айтып тұруымыз қажет. Менің ойымша, сұхбат бұл тұрғыда пайдалы болды».